Қысы қысқа өңірде қыстық ойындарды дамыту тиімді ме?
Қысы қысқа, жазы ұзақ, шілдедегі шіліңгір ыстығы қара қарғаның миын қайнатар Шымкентте қысқы спорт түрлерін қолға алады дегенді кім ойлаған? Қаланың қақ ортасынан орын алған мұз сарайының да салыну тарихы сорақылықтарға толы. Әуелі спорт сарайы ретінде салынған нысанды алаулатып-жалаулатып ашқан едік. Оның лентасын салтанатты түрде Елбасының өзі қиған болатын. Алайда бұл жобаның ғұмыры тым қысқа болып, су жаңа ғимараттың мақсатын өзгертіп, ол үшін ортақ қазынадан қыруар қаржы бөлінді. Осылайша салынуына — бір, қайта жасақталуына бір қаржы қаралып жүріп, әйтеуір, мұз сарайы бой көтерді. Осы жұмсалған қаражатқа қабырғасы қоламен құйылған, шаңырағы алтынмен апталған ғимарат тұрғызуға болатындай еді. Қойшы, әйтеуір, ұлардай шулап жүріп, бір мұз сарайын салып алдық.
Республикадағы күні ең ыстық өңір Шымкентте мұзайдынды бірқалыпты ұстап отырудың өзі қыруар қаржыны қажет етеді екен. Бұл — мұзайдын пайдалануға берілгеннен кейін пайда болған проблема. Алайда мұны айналып өту мүмкін емес еді. Бұл проблеманы мұзайдынды бастамас бұрын ойлануымыз керек еді. Енді барлығы да кеш. Не болса да қаржының бетіне қарамай, қысқы спорт түрлерін дамытуымыз керек. Қайда кетпеген қаржы дейсіз?!
Ал, жақсы, қысқы спорт түрлерін дамытайық делік, бірақ оған дайындайтын мамандарды қайдан табуға болады? Кейбір қыста мандытып қар да түспейтін өңірде спорттың бұл түрінің мамандары үшін иті адасып па? Мамандарды солтүстік өңірлерден алдырту тағы да бірқатар шығынды талап етеді. Басқа амал жоқ. Солай болды да. Кезінде КСРО деңгейінде хоккей ойнаған Ильмир Каримов пен Олег Левиков деген жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Шорт-трек бойынша келісімшарт арқылы Орал қаласының мамандары шақырылды. Мәнерлеп сырғанаудан Ташкенттің мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп, енді Алматымен арада байланыс орнатыла бастады. Осылайша оңтүстіктің шенеуніктері ұялса да, намыстанса да, бастаған ісін орта жолда қалдырмас үшін барын салып жатыр. Шымкентте тұңғыш рет қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Сөйтіп, алдағы уақытта оңтүстікте осы күнге дейін болмаған хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шаңғымен сырғанау секілді спорт түрлерінен де спортшылар даярланатын болды. Бұл, әрине, елді елең еткізген жаңалық болды.
Әрине, Шымкенттен қысқы спорт түрлерінен қандай мықты мамандар шығарын уақыт көрсетер. Әзірге, жаңа мектептің директоры Намазбай Әбдіқұловтың сөзіне сенуден басқа амалымыз жоқ.
– Мектептің құрылғанына көп уақыт болмаса да, тілге тиек етер табыстарға қол жеткізе алғанымызды мақтан тұтамын. Таяуда Шымкентте хоккейден жасөспірімдер арасындағы халықаралық біріншілік өтуі — осының айғағы. Біздің ұжым әлі жас, былтыр қыркүйек айында ғана ашылған. Хоккейшілеріміздің жаттығып жүргеніне әрі кетсе жарты жыл толды. Десек те, жасөспірімдеріміз өнерімен мамандарды тәнті етті. Бұл жарысқа Шымкенттің намысын қорғаған екі командамен қатар Өскемен және Бішкектің командалары қатысты. Өскемен еліміздегі хоккей орталығы болып саналады. КСРО заманында қалыптасқан мықты хоккей мектебі талай талантты ойыншыларды тәрбиелеп шығарған. Бішкекте де соңғы жылдарда хоккейге деген алабөтен қызығушылық бар. Шымкентке осындай тәжірибелі ұжымдардың келуі — жергілікті хоккейшілер үшін айтулы оқиға. Алғашқы күні бір командамыз өскемендіктерден ойсырай ұтылғанымен, турнирдің екінші күні нағыз тартысты ойын өтті. Екі кезеңнен соң 4:1 есебімен жеңіп келе жаттық. Қарсылас команданың жаттықтырушылары мұндайды мүлдем күтпеген болатын. Тек соңғы, шешуші кезеңде «Устинка» командасы 6-5 есебімен жеңіп кетті. Жалпы, республикалық федерация Шымкентте қысқы спорт түрлерінің қолға алынуын қатты қолдап отыр. Себебі қысқы спорт түрлерін дамытып отырған облыстар елімізде шектеулі. Көп өңірлерде мүлдем дамымаған, – дейді спорт мектебінің директоры Намазбай Әбдіқұлов.
«Жуырда Астанада жастар арасында қысқы спорт түрлерінен спартакиада өтті. Біз шорт-трек федерациясына арнайы хабарласып, жарысқа қатысуды өтіндік. Олар келісімін беріп, нәтижесінде біздің 11-12 жасар шәкірттеріміз спартакиадада өзінен 4-5 жас үлкен спортшылармен бәсекеге түсті. Алайда шымкенттік жасөспірімдер күтпеген жерден екі күміс, екі қола медальды олжалап, айды аспанға шығарды. Қысқы спорт түрлеріне бейімделген өңірден келген әрі жасы әлдеқайда үлкен спортшылармен бәсекеге түсіп, жүлделі орындарға ілігу – біз үшін үлкен абырой. Шорт-трек федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы ризашылығын білдіріп, басын шайқады», – дейді директор тағы бір сөзінде.
Дұрыс-ақ делік, бірақ Намазбай Әбдіқұловтың айтуынша, спорттың бұл түрінде өнер көрсетіп жүрген қандастарымыз тым аз екен. Жаңа мектептің алдағы мақсаты да — осы олқылықтың орнын толтыру. Бүгінде хоккеймен жаттығып жүргендердің де басым бөлігін жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Спорттың бұл түрімен айналысатын қыздар командасы да құрылыпты. Жалпы алғанда, қазір мектепте 870 бала жаттығуда.
– Бір көңілім толмайтын сала – шаңғы спорты. Не база жоқ, не маман жоқ. Алғашында «осы секцияны бекер аштық-ау» деп те ойландық. Рас, Төле би ауданында Алатау шаңғы базасы бар. Бірақ онда тек қыс айларында жаттығуға мүмкіндік бар. Азия ойындарында фристайлдан екі жүлде сыйлаған Жібек пен Русланды оқу-жаттығу жиындарына Финляндияға жібердік. Кейін бір ай бойы Табағанда жаттығып жүрді. Алдымыздағы үлкен мақсат – Сочиге дайындық, – дейді тағы бір сөзінде Намазбай Әбдіқұлов.
Әрине, бұл қыруар қаржыны талап ететіні сөзсіз. Құрамында 25-30 адамы бар хоккей командасын турнирге аттандырудың өзі оңай емес. Сонда ортақ қазынадан осынша қаржы шығындап, оңтүстікте қысқы спорт түрлерін дамыту алдағы уақытта қаншалықты тиімді. Үміт ақталып, оңтүстіктің аты қысқы спорт түрлерінен де дүркіреп шығып жатса, өкініш жоқ. Ал керісінше болса ше? Аса көп шығынды қажет ете қоймайтын футболдың өзіне ақшаны аямай шашып, жағдай жасалғанымен, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алмай жатқанда, қысқы спорт түрлерінен көш бастау — қиын мәселе. Не болса да, барлығына уақыт — төреші. Ақырын күтелік.