Қақпамызда – 26 доп
Дәстүрлі «Каспий кубогына» қатысу үшін Әзірбайжан астанасы Бакуге аттанған футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы топтық кезеңде екі ойын өткізіп, екеуінде де масқара болып жеңілді. Доп айырмашылығы – 1:26.
Негізі, турнир 17 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында ұйымдастырылуда. Алайда Қазақстанның бұл жастағы құрамасы Белоруссиядағы «Даму» додасында өнер көрсеткендіктен, Қазақстан футбол федерациясы Әзірбайжан астанасына 16 жасқа дейінгі бозбалаларды жіберуді жөн көрген болатын.
Сонымен не керек, 29 мамырда басталған дүбірлі додада 12 құрама үш командадан төрт топқа бөлінді. Біздің бозбалалар Болгария және Грузия құрамаларымен «В» тобына түсті:
А тобы: Әзірбайжан, АҚШ, Қырғызстан
B тобы: Болгария, Грузия, Қазақстан
C тобы: Түркия, Өзбекстан, Иордания
D тобы: Уругвай, Жапония, Тәжікстан
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-16) аға бапкері Сергей Поленов «Каспий кубогы» додасына 18 футболшыны ертіп кетіпті. Бірінші ойынын жерлестеріміз болгарларға қарсы өткізді. Алайда шығысеуропалықтарға қарсы еш қауқар көрсете алмай, қақпаларына жауапсыз 13 доп жіберіп алды. Одан кейін Грузия құрамасымен кездестік. Кавказдықтардың қақпасын бір рет тура көздегенімізбен, бұл жолы да қарсыластар футболшыларымызға 13 доп арқалатып жіберді. Қорытынды есеп – 1:13. Турнир 5 маусымда аяқталады.
Қазақстан жасөспірімдер (U-16) құрамасы:
Қақпашылар: Нариман Нұрланбеков («Шахтер» Қарағанды), Рустам Сәрсембаев («Тараз»).
Қорғаушылар: Мәди Айтөре («Қайрат», Алматы), Никита Востриков («Шахтер», Қарағанды), Рүстем Қазымов («Шахтер» Қарағанды), Қанат Қашығұлов («Ақтөбе»), Қайсар Майраш («Тараз»), Сүлейман Мұстафаев («Қайрат», Алматы).
Жартылай қорғаушылар: Әбілхан Әбдікәрімов («Ақтөбе»), Мәдияр Ахмеров («Ақтөбе»), Ақсұлтан Асаинов («Астана»), Никита Коряков («Қайрат», Алматы), Ахмет Беріков («Тобыл», Қостанай), Рамазан Оразов («Қайрат», Алматы).
Шабуылшылар: Әділжан Жақсыбай («Ақтөбе»), Әсет Ағдарбеков («Астана»), Оралхан Өміртаев («Шахтер», Қарағанды), Жандос Сұлтанов («Қайрат», Алматы).
Аға бапкер — Сергей Поленов.