Оңтүстіктің бапкері – Орақбаев
Күні кеше ғана кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрген Қанат Орақбаев әуесқой бокстан Оңтүстік Қазақстан облысына аға жаттықтырушы болып барды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл орын осы өңірдің аға бапкері қызметін атқарған Мырзағали Айтжанов ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы болып барғаннан кейін бос қалған болатын. Арада үш ай өткеннен кейін бұл қызметтің тізгінін жас маман Қанат Орақбаев ұстады. Бір қызығы, спорттық ғұмырында екі олимпиадалық циклге қатысқанымен, 28 жасар Орақбаев төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға қатыспаған екен.
Енді Қанат Орақбаевтың ең алғашқы ірі додасы қаңтар айында өтетін ел чемпионаты болмақ. Өзінің айтуынша, сол біріншілікте Оңтүстік Қазақстан облысы командасының мүмкіндігі алғашқы үштіктен көрінуге әбден жетеді. Тіпті, боксшылар бабында болса, бас жүлдені алып кетуге де ұмтылатынын жасырмады.
– Астанада өтетін ел біріншілігінде бірінші ретте Біржан Жақыпов пен Еркебұлан Шынәлиевке үміт артып отырмын. Одан басқа 51 келіде Нұрғазы Жүсіпов, аса ауыр салмақта Досжан Оспанов сынды жігіттеріміз де атой салуы ғажап емес. Сондықтан, ел чемпионатынан Оңтүстік Қазақстан облысы құр қайтпайды деп сенемін. Ал желтоқсанның 26-сында жігіттерді жинап, екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмын.
– Жалпы Оңтүстік өңіріне бапкер болу туралы ұсыныс қашан түсті?
– Өзім бапкерлікке бұрыннан дайындалып жүргенмін. Мырзағали Айтжанов та қолқа салды. Жаттықтырушы болып, көмектесуімді сұрады. Сөйтіп, осыдан екі апта бұрын Оңтүстік өңірінің басшылығы бас бапкерлікті ұсынды. Қуана қабылдадым.
– Қарап тұрсақ, кейбір боксшылармен жасыңыз шамалас. Оларды жаттықтыру қиын болмай ма?
– Кезінде Мырзағали ағайымыз да бапкерлікті ерте бастады ғой. Үйренісіп кетерміз. Мұнда ең бастысы, түсіністік қой. Жігіттермен тіл табысу қиын болмайды деп ойлаймын.