Күдеров үздік атанды
Елордамыз Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің ұйымдастыруымен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ғылыми-практикалық маслихат өтті. Мәслихат барысында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған барлық шаралар қарастырылып, соңында 2009 жылдың үздік спортшылары мен үздік спорт журналистері марапатталды.
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлдемен марапатталған спорт журналистерінің арасында «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Телжан Күдеров те бар. Айта кетейік, Телжан Күдеров спорт журналистері арасындағы марапаттың төресі Бердіқұлов жүлдесін осымен екінші мәрте иеленіп отыр. Одан бөлек Бердіқұлов атындағы жүлдемен «Спорт айдыны» газетінің журналисі Гүлстан Қанатқызы мен «КТК» телеарнасы спорт бөлімінің шеф-редакторы Александр Трофимов марапатталды. Ал 2009 жылдың үздік спортшысы болып толағай аруымыз Светлана Подобедова танылды. Света үздік болып 2009 жылдың қарашасында Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында үш бірдей әлем рекордын жаңартып, жеңімпаз атанғаны үшін танылды. Подобедовадан кейін екінші орынға дзюдодан тұнғыш қазақстандық әлем чемпионы атанған Максим Раков орналасса, тағы бір толағай батырымыз Владимир Седов үшінші орынға ие болды.
Ал енді бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ғылыми-практикалық мәслихаттың барысына тоқталсақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына байланысты өткізілген басқосуда бұқаралық спорттың мәселелері жан-жақты қарастырылды. Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстан тұрғындарының 17 пайызы ғана спортпен шұғылданады екен. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Туризм және спорт министрлігіне бұл көрсеткішті 2020 жылға дейін 30 пайызға көтеруді қадап тапсырған болатын.