Ережесіз жекпе-жекте жігіттеріміз ерледі
Алматының Республика сарайында ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтіп, онда ТМД мен Еуразияның чемпиондық атағы сарапқа салынды.
Бастан-аяқ ұлттық нақышта өткен бұл турнирде төбелеске шығатын ерлерді шаршы алаңға дейін батырлардың сауыт-саймандарын киген жігіттер мен қазақы камзол киген қыздар шығарып салып тұрды. Ал жекпе-жек басталмас бұрын ақсақалдар бата беріп, жігіттерімізге ақ жол тілеп отырды.
Турнир өз жерімізде өтіп жатқандықтан, жерлестеріміз де жігерлілік танытып, намысты қолдан берген жоқ. Әрқайсысы бес минуттан екі раунд өтуі тиіс төбелестердің бірде-біреуі соңына дейін жетпей, жекпе-жек кеші біз күткеннен тым ерте аяқталды. Тіпті сол тоғыз айқастың тек біреуі ғана екінші раундқа дейін жеткені жерлестеріміздің нағыз батыр екендігін дәлелдейтіндей.
Чемпиондық атақтарды сарапқа салатын төбелестерден бұрын көрермендер жеті рейтингтік айқастың куәсі болды. Шаршы алаңға алғашқы болып шыққан өзбекстандық Білімбек Шәбіровты алматылық Қазыбек Әшімов екі минутқа жеткізбей қылқындырып тастаған болса, Кереку өңірінде дүниеге келген 18 жасар Расул Хабидулла айыр қалпақты ағайындарымыздың өкілі Жамиль Жұматаевтан жеңіліп жатып, таразы басын өз жағына аудара білді. Бұл 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлестеріміздің жеңісі еді. Ал 65 келіде апайтөс ерлеріміз Аслан Тоқтарбаев пен Нариман Мұсаевқа Алатаудың арғы баурайынан келген Рахат Құрбанов және Ұрмат Асанбаев қарсылас атанды. Шаршы алаңның ішінде Аслан қарсыласы Рахат Құрбановты бұрышқа тығып төмпештеп тастаса, Нариман Ұрмат Асанбаевтың қолын шығарып жіберді.
70 келі салмақ дәрежесінде үш рейтингтік жекпе-жектің куәсі болдық. Жамбыл облысында дүниеге келген Мейірлан Құрманалиев қырғызстандық құрдасынан бойы біршама қысқа болса да, атағы жағынан еш дес бермейтін-ді. Шаршы алаңда да солай болды. Ол Рустам Жұмаұлының әбден ығырын шығарып, қарсыласын жеңілуге мәжбүрледі. Өзбекстандық Азамат Арақшаевпен төбелескен Ғалымжан Мырзабаев та жеңіске оңай жетті. Ал ережесіз жекпе-жекте әбден ысылған, тәжірибесі өте мол 25 жастағы Азиз Амоев қырғыз ағайындарымыздың 18 жасар үміті Руслан Емілбекұлын салған жерден атып ұрды.
Қай турнирде болмасын, ең қызықты жекпе-жектердің соңына қалдырылатыны белгілі. 60 келіде ТМД чемпиондығының атағы үшін болған айқасты да сондай жекпе-жектердің санатына жатқызуға болатындай. Қос батыр да спорттық ғұмырларында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген екен. Айқас ұзаққа созылмағанымен, екі жігіт те жеңіс үшін барын салды. Бірінші болып шабуылдаған Бегнар Аманбаев қарсыласын құлатқанымен, бұл ұмтылысын пайдаға асыра алмады. Өз кезегінде Аманбаевты жерге атып ұрған Әлиев қандасымыздың аяғына «ауырту» тәсілін қолдануға тырысты. Бірақ оның да ұмытылысынан түк шықпады. Төреші екеуін де тұрғызып, жекпе-жекті қайта жалғастыруға бұйрық бергенде, бұдан әріге созуға болмайтынын түсінген Бегнар қарсыласын екі рет ұрып, ресейлікті еденге сұлқ түсірді.
Турнирдің соңғы жекпе-жегінде 75 келі салмақ дәрежесінде Еуразия чемпиондығы сарапқа салынды. Шаршы алаңға ресейлік Аслан Алгереев пен қандасымыз Бейбіт Назаров шығып, құрлық жеңімпазын анықтады. Рас, бірінші болып Алгереев шабуылдады. Бірақ өз жерінде намысты қолдан беруге болмайтынын жете түсінген Бейбіт көп күттірмей ресейлік кавказды қылқындырып, тырп етуге шамасын келтірмеді.
Сөйтіп бұл жекпе-жекте де қазақ жігіті жеңіске жетті. Осы турнирдің барлығын тамашалап отырған кештің құрметті қонағы, ережесіз жекпе-жектің «өкіл әкесі» Олег Тохтаров пен бүкіләлемдік абсолюттік чемпиондық федерациясының президенті Георгий Кобылянский өз қолымен Бейбітке чемпиондық белбеуді тақты.
Олег ТОхтаров, Ресей батыры, ережесіз жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы:
— Бүгін Қазақстанда үлкен той. Сіздердің жігіттеріңіз өздерін нағыз батыр ретінде көрсетті. Құттықтаймын! Сіздерге Бейбіт секілді ерлерді мақтан тұтуларыңызға болады.
Георгий Кобылянский, Бүкіләлемдік абсолюттік чемпиондық федерациясының президенті:
— Бұл сөздерді Олег шын көңілімен айтты. Шыныда да, сіздерде батыр, қайсар жігіттер өте көп. Ал бүгінгі жекпе-жек кешін алдағы уақытта «Боец» телеранасынан көрсетуге уәде беремін.
Рейтингтік жекпе-жектер:
60 келі: Қазыбек Әшімов (Алматы) – Білімбек Шәбіров (Өзбекстан)
60 келі: Расул Хабидулла (Павлодар) – Жамиль Жұматаев (Қырғызстан)
65 келі: Аслан Тоқтарбаев (Тараз) – Рахат Құрбанов (Қырғызстан)
65 келі: Нариман Мұсаев (Алматы) – Ұрмат Асанбаев (Қырғызстан)
70 келі: Мейірлан Құрманалиев (Тараз) – Рустам Жұмаұлы (Қырғызстан)
70 келі: Ғалымжан Мырзабаев (Шымкент) – Азамат Аракшаев (Өзбекстан)
70 келі: Азиз Амоев (Алматы) – Руслан Емілбекұлы (Қырғызстан)
60 келіде ТМД чемпионы атағы үшін
Бегнар Аманбаев (Қазақстан) – Ваха Әлиев (Ресей)
70 келіде Еуразия
чемпионы атағы үшін
Бейбіт Назаров (Алматы) – Аслан Алгереев (Ресей)