Елена Рыбакина әлемдік рейтингте үздік үштікке енді
«Ролан Гаррос» жарысын сәтті бастаған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA рейтингісінде жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рейтингтің live-нұсқасында Рыбакина төртінші орыннан үшінші сатыға көтерілді. Сондай-ақ, кестеде көшбасшы өзгерді – бірінші орынға Беларусь өкілі Арина Соболенко шығып, польшалық Ига Швентекті екінші сатыға ығыстырды.
Мұндай өзгерістер ойыншыларға былтырғы «Ролан Гаррос» жарысының рейтинг ұпайлары есептелгенімен байланысты болды. Дегенмен WTA рейтингісінің қорытынды нұсқасы Франция ашық чемпионаты аяқталғаннан кейін жарияланады және теннисшілердің қорытынды орны олардың турнирде қалай өнер көрсететініне байланысты болады.
Елена Рыбакина «Ролан Гарростағы» алғашқы матчында 16 жастағы Чехия өкілі Бренда Фрухвиртованы 6:4, 6:2 жеңгенін еске сала кетейік. Қазақстанның бірінші ракеткасы екінші айналымда тағы бір чех спортшысы Линда Носковамен кездеседі.
ҚазАқпарат.