Дәурен Жұмағазиев: Мәулен Мамыровты үлгі тұтпау – күнә
Қазақ баласының, оның ішінде ауыл баласының күреске бейім келуі – қалыпты жағдай. Себебі кез келген ауылда бокс қолғабы немесе футбол мектебі болмауы мүмкін, бірақ әрбір ойын баласының күресіп ойнайтыны рас. Жақында құрлықтың алды болып, әлемдік доданың қоласын еншілеген Дәурен Жұмағазиев те спорттық ғұмырын ойын балаларымен күресіп жүріп бастаған. Алғашында достарының тізесін дірілдеткен ол қазір әлем мықтыларын алып та, шалып та жығады. Өйткені балуанға оң мен солы бірдей...
– Дәурен, сіз үшін бұл жыл табысты болды. Азияның алтынын алдыңыз, әлем біріншілігінде алтынға қол созым жерден қайттыңыз. Қуаныштысыз ба?
– Әрине! Биыл ересектер арасында күресе бастағаныма екі жыл толды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар құрамасында жаттықтым. Бастамам жаман емес сияқты. Алайда «әлемде алтын алғанда, шіркін!» деген ой барын да жасырмаймын. Бірақ бұйырғаны – қола медаль. Оған да шүкір етеміз. Лондон Олимпиадасы жолдамасына ие болдым. Ал Олимпиадаға қатысуды қай кезден бастап армандағанымды білсеңіз ғой... Оның үстіне, Олимпиада басталар алдындағы әлем чемпионаты өте тартысты өтеді. Бір салмаққа 45 балуанның шығуы – осының дәлелі. Қазір Лондондағы төртжылдық доданың басталуына тура 10 ай қалды. Осы он айдағы менің ең негізгі мақсатым – Лондон төрінде жанкүйерді жерге қаратпау үшін тер төгу, еңбектену. «Жолдама – қалтада, жарыс қайда қашады?» деп, бір сәт босаңсыған емеспін. Себебі Олимпиада – турист ретінде барып, ел көріп, жер аралап қайтатын жай ғана сапар емес. Олимпиада – ең бірінші кезекте еліңнің абыройын аспандататын дода. Алла қаласа, сол сында намысты қолдан бермеуге тырысамын.
– Боксшылар әлем чемпионатынан алтынсыз келсе, көңіліміз толмай, жабырқап қаламыз. Ал күрес түрлерінен бір қола алсақ, оны алтыннан кем көрмей, бөркімізді аспанға атамыз...
– Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Мәулен Мамыровтан кейін дүниежүзілік додаларда жүлде салған балуандар бой көтермеді. Мамыровтан соң Нұржан Қатаев ғана Азия ойындарында жүлдегер атанды. Одан бері бізге медаль сыйламаған қаншама дода өтті?! Бірақ есеміз кетіп, жүлде ауылынан алыс қалған сәттерге енді нүкте қойылады деп ойлаймын. Себебі дәл қазір құрама тізгіні еркін күрестің жілігін шағып, майын ішкен мамандардың қолында. Алтай Танабаев пен Руслан Өмірәлиевтің ақыл-кеңесіне құлақ түрген балуан ешкімнен кем түспейді деп ойлаймын. Ең алдымен, ұлттық құрамаға қабылданатын жастар алымды болу керек. Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастар құрамасындағы балуан жігіттердің аяқ алысы мені қатты қуантады. Олар әлемдік, құрлықтық сайыстардан құр қол қайтып жүрген жоқ. Бұл жігіттер болашақта ел байрағын биік ұстайды деген сенімім бар. Жаттығу кезінде сырттан бақыласаңыз, ерігіп жүрген ешкім жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Барлығы жанын беріп, шелектеп тер төгіп, аянып қалмайды. Ал сайыс кезінде сәтсіздікке ұшыраудың басты себептерінің бірі психологиялық тұрғыдан дайындықтың әлсіздігі сияқты. Мен өзіміздің жігіттер туралы айтып отырмын.
– Стамбул кілеміндегі белдесуде өзіңізге не жетпей қалды деп ойлайсыз?
– Шыны керек, пуэрторикалық балуанмен белдескенімде төрешілер қателесті. Панамерика ойындарында топ жарған Франклин Гомес — негізі, кубалық жігіт. Мен өз салмағымдағы қарсыластардың барлығын дерлік зерттеп алғанмын. Олардың белдесулері жазылған бейнематериалдар, мәліметтер менде өте көп. Бірақ тап осы Гоместі көп танымайды екенмін. Балуандар төрт кілемде белдесіп, белдесу уақыты тығыз болғандықтан, залда да оның күресу мәнерін байқай алмадым. Өкінішті, әрине. Тағдырдың жазғаны — осы. Алайда Түркия төрінде жанармен жер шұқымай, еңсемді тік көтеріп келу үшін қанша еңбектенгенімді білесіз бе? Соңғы алты ай бойы осы сайыста оза шабуды ойладым. Досым Дәулет Ниязбеков екеуміз елге абыроймен оралуды ғана армандадық. Олимпиададан сырт қалмау да ең негізгі мақсаттардың бірі еді. Иншалла, ол тілек те орындалды.
– Бір сұхбатыңызда әлі күнге дейін өзегіңді өртейтін жеңіліс туралы айтыпсыз. Газетіміздің оқырмандарына жеңіліс емес, ең қатты қуанған жеңісіңіз туралы айтып беріңізші...
– Өзім Азия ойындарында чемпион болғанда, қатты қуандым, қобалжыдым. Сырттай көңіл күйімді қатты көрсеткен жоқпын. Әдеттегі жеңістердің бірі секілді қабылдадым. Алайда іштей төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Себебі Мәулен ағадан соң сары құрлық сынында қамшы салдырмай, қара үзіп кеткен қазақ баласы шықпады. Осы менің жаныма бататын. Күрес дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақтан бір чемпион шықпайтындай не болды деп ойлап, өзіме қамшы басатынмын. Әрине, Азия ойындары Олимпиада емес. Бірақ жеңістің дәмі бәрібір тәтті.
– Мәулен Мамыровты аузыңызға жиі аласыз. Еркін күрестегі батыр тұлғамызға ұқсағыңыз келетін де шығар?
– Мәулен Мамыровтай болуды әрбір балуан армандайды. Оны сыйламау, оны үлгі тұтпау деген күнә десем, артық айтпайтын шығармын. Орыс ұлтына Александр Медведь қандай абырой болса, қазақ еркін күресіндегі ұландар үшін Мамыровтан асқан шебер жоқ. Мәулен аға – менің жаттықтырушым, кеңесшім. Жеке бапкерім Руслан Өмірәлиев екеуі ақыл-кеңесін аяған емес. Оның спорттық жолында да қиындықтар көп кездесті. Алайда мойыған жоқ, жасыған жоқ. Нәтижесінде қазақ спорты тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі болып қалды. Мәулен ағаның жеңісті жолын жалғастырып жүргеніме қуанамын.
– Боз кілемде есем кетті деп, кімге тісіңізді қайрайсыз?
– Мен сізге өзім жеңгім келетін 4 балуанды тізіп берейін. Біріншісі – Бесік Құдықов. Әлемнің 4 дүркін чемпионының жауырынын жерге тигізгім келетінін жасырмаймын. Екіншісі – Франклин Гомес. Куба қабыланынан Стамбулда кеткен есені қайтарғым келеді. Үшіншісі – Еуропа чемпионы Зелимхан Гусейнов. Ал төртінші балуан – Василий Федоришин. Осы спортшылармен алдағы Олимпиада ойындарында кезігетінімді білемін. Жеңгім келеді!
– Біздегі жаттығу базасын қалай бағалайсыз? Алаңсыз дайындалуға мүмкіндік бар ғой...
– Шынымды айтсам, асып-тасып бара жатқан ештеңе жоқ. Мысалы, балуандар жатып, демалатын спорт базасы жоқ. Сондықтан да туысқанды жағалап, пәтер жалдауға тура келеді. Әлі күнге дейін еркін күреске арналған жөні түзу, жамаусыз кілем де жоқ. Осы қиындықтың бәріне әзірге төтеп беріп келеміз. Жағдайдың жоқтығына қарамастан, шетелдік жарыстарда жеңісті қолдан бермеуді ойлаймыз. Оның қасында үнемі жеңіліп жүретін футболшылардың жағдайы жақсырақ.
– Күрес түрлерінен келімсектерге иек артып жүрген жағдайымыз бар. Еліміздің беткеұстар балуаны ретінде бұл мәселеге қалай қарайсың?
– Бір нәрсені анық білемін. Ресей еркін күрестегі 1, 2, 3-нөмірлі балуандарын басқа жаққа жібермейді. Себебі Олимпиада ойындарында жүлдені көптеп алуға болатын спорт түрі – осы күрес. Бізде қазір кімдер жүр? Бізде көршіміздің ішкі біріншілігінде деңгейі төмен, ұлттық құрамаға іліге алмай, бағын басқа елден іздеуді жөн көрген балуандар жүр. Бірақ мен бұл процестің де аяқталатын тұсы жақын деп айтар едім. Себебі қаны қазақ, жүрегі қазақ деп соғатын, елдің Туын тік көтеруді аңсайтын қазақ балалары еркін күресте де өсіп келеді. Олар әлі топ жарып шығады.
– Сөзіңе қарасам, өте намысшыл сияқтысың...
– Ол жағынан сөз жоқ. Жүрегім қазақ деп соққаннан кейін, қай кезде де елдің абыройын ойлап тұрамын. Ата-анамның берген тәрбиесін де жоққа шығармаймын. Отансүйгішпін! Туған жерімді жақсы көремін! Елімнің өркендеуіне үлес қоссам деймін. Мектеп кезінде сабақты да жақсы оқыдым. Әсіресе көркем әдебиетке деген қызығушылығым ерекше. «Менің атым Қожадан» бастап, «Махаббат, қызық мол жылдардың» қай жерінен сұрақ қойсаң да, жауап беруге дайынмын (күлді). 7-сыныпқа келгенде ата-анам «я сабақ оқы, болмаса спорттың жолына түс» деді. Осы кезде мен түбегейлі спортқа кеттім. Еркін күреспен он жасымнан бастап айналысамын.
– Жақында үйленгеніңізден де хабардармыз. Құтты болсын!
– Иә, негізі үйленген керемет екен (күлді). Анамның қолы ұзарды, бір жағынан, өзіме де жақсы болды. Мәселен, бойдақ кезімде жаттығудан келген бойда тер сіңген жейделерді жуып алу ойыма келмейтін. Қазір келіншегім киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп, күтіп отырады. Есімі Эльвира. ҚазҰУ-дың тарих факультетін тамамдады. Ата-анам өте қарапайым адамдар. Әкемнің жеке кәсібі бар, ал анам мектепте мұғалім. Соңымнан ерген қарындасым да ҚазҰУ-да студент. Өзім Қазақтың спорт және туризм академиясын бітірдім. Енді заңгер мамандығын игерсем деймін.