Ақ Жайыққа аңыз болған Асқар еді...

Ақ Жайыққа аңыз болған Асқар еді...

Асқар Шайхиев – қазақ жігіттерінің ішінен самбо күресінен шыққан екінші әлем чемпионы еді... Алғашқы Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Әлем кубогының иегері болды. Көптеген халықаралық турнирлерде топ жарғаны тағы бар. Бір басына мұншама атақ-абыройды жинаған саңлақ самбошының ғұмырын 2000 жылдардың елең-алаңында, тура 37 мүшеліне қараған шағында тапаншадан атылған төрт оқ қиып кетті...
Әрине, Жайық жұрты жампоз ұлын ұмытқан жоқ. Оның атында жыл сайын облыстық, республикалық жарыстар өтеді. Биыл батысқазақстандықтар даңқты балуанның құрметіне арналған турнирді халықаралық деңгейге көтерді және бұл жарысты дәстүрлі түрде өткіземіз деп жоспарлап отыр. Самбошылар сайысына Қазақстанның облыстарын қоспағанда бес мемлекеттен, атап айтқанда Ресей, Өзбекстан, Армения, Беларусь және Тәжікстан елдерінен 200-ден аса жас спортшылар қатысты. Турнирдің бір ерекшелігі - тоғыз салмақ дәрежесінің жеңімпаздарына спорт шебері атағы бірден берілді. Қалған жүлдегерлер де атақ-дәрежелерін көтеріп алуға тамаша мүмкіндік алды. Енді оқырман қауымға Асқар Шайхиевтің өмірі, спорттағы жетістіктері жайында аз-кем баяндай кетсек дейміз.
Асқар Тастайұлы қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым батыр туған Жымпиты топырағында 1963 жылдың 15 тамызында дүниеге келді. Кез келген ауыл баласы секілді күресіп өсті. Салмағы жеңіл болғанымен мінезі қайсар, ақиқатты алмас қылыштай тіліп айтатын бірбеткейлігі кейін үлкен спортта жүргенінде көп көмектесті, екінші жағынан кәдімгідей кедергі келтірді де...
Асқардың саңлақ спортшы болып қалыптасуына, жалпы адам, азамат ретінде оң-солын танып-білуіне алғашқы да, бірден-бір бапкері Батыр Қуанышевтың сіңірген еңбегі ересен десек қателеспейміз. Батыс Қазақстан самбосының бастауында тұрған бапкерлердің бірі Батыр аға қол тоқпақтай баланың бойынан күреске деген махаббатты, жеңіске деген жігерді жазбай таныпты. Оралдағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, республикалық, Одақтық турнирлерде топ жара бастаған А.Шайхиев 1987 жылы Ташкентте болған самбодан КСРО чемпионатында финалға шығып, күміс медальді мойынға тақты. Келесі жылы осы табысын Омбыда қайталады. Сөйтіп, самбоны ойлап тапқан орыс ұлтының өкілдеріне қарсы қазақтан шыққан мықты қарсылас атанды. Екінің бірі кіре алмайтын, атағынан ат үркетін КСРО құрамасы сапына алынды. 1988 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен Әлем кубогы жолындағы жарыста болгар балуаны Д.Дмитревті, моңғол жігіті М.Боярсайханды, испан самбошысы Ф.Охеданы тізе бүктіріп, Әлем кубогын Оралға алып келді.
Асқардың жұлдызды шағы 1989 жылмен тұспа-тұс келеді. Бұл кезде әбден бабына келген, жасы да нағыз толысқан, күш-қуаты буырқанған жігіт Алматыдағы КСРО чемпионатында айды аспанға шығарды. «Кіші» әлем чемпионаты дегенмен де КСРО біріншілігі қатысушыларының құрамы мен сапасы жағынан әлем чемпионатынан оқ бойы озық тұратын. Осы сында өзіміздің отандасымыз, әлем чемпионы Қанат Байшолақов пен әзірбайжан Жейхун Мамедовты ұтты. Бұл екеуі алтыннан басты үміткер саналған-тұғын. Ақтық сында Еуропа чемпионы, Кеңес Одағының үш дүркін жеңімпазы белорус Николай Ципандиннен мерейі үстем шықты. Сол жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен әлем чемпионатында баяғы сол болгариялық Д.Дмитревтің жолын кесіп, әлем чемпионы атанды.
Кейінгі жылдары Қазақстан самбосының тасын өрге домалатқан, өзі де бірнеше мәрте әлем биігін бағындырған балуан жерлесіміз Қоныс Жетпісов осы Асқар ағасының Алматыдағы күресін көруге аяқтай барыпты. Бір кездері сөйлескенімізде ол алған әсерін былайша жеткізген еді:
-1989 жылы Алма¬тыда өткен КСРО чемпионатына Асқар Шайхиевтің күрескенін көруге бардым. Чемпионат өте тартысты өтті. Асқар ағамыз сол біріншілікте небір жан алысып, жан беріскен жекпе-жектер өткізді. Жерлес ағамызға жанкүйер болып барған біздің де жанымыз шүбе¬рекке түюлі еді. Әсіресе, финалға жол ашатын бәсекеде ол әзір¬байжан балуа¬ны, бес дүркін әлем чемпионы Жейхун Мамедовті ұтқан кезде көзімнен жас шығып кетті. Ал, финалда белорус балуаны, Кеңес Одағының үш мәрте чемпионы Ни¬колай Ципандинді жығып, Қазақ¬стан¬ның әнұраны ойналып, Асқар ағам биік тұғырға көтерілген кезде: “Асқар ағамдай балуан болсам арманым жоқ”, – дегенім әлі есімде.
Айтпақшы мақаламыздың басында даңқты балуанның ақиқатты алмас қылыштай тіліп айтуға әзір тұратын тілі талай кедергілерге де кезіктірді деген болатынбыз. Соның бір мысалы ретінде айта кетсек, Әлем кубогын алып келгеннен кейін қалалық атқару комитетіне баспана сұрап барғанында сонда отырған бір шенеунік: «Әлем кубогын алған адамға пәтер тиесілі деп қайда жазылған?» - деп сағын сындырып, кері қайырады. Әлем чемпионы болғасын тым болмаса ақшасын төлеп сатып алайын деп жеңіл көлік сұрағанда тағы да сол тақылеттес жауап естиді Асқар. Жалпы, балуанның ғұмырында мұндай өкінішті сәттердің көп болғаны оны жақсы білетін-танитын азаматтардың есінде.
Спортшылық карьерасын аяқтап, 2000 жылдың мамыр айында қапылыста кісі қолынан қаза болғанға дейін А.Шайхиев жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры болып жұмыс істеді. Сайыпқыран самбошының ұстаз ретінде шәкірттеріне бергенінен берері көп еді. Амал не, сұм ажал ол күнге жеткізбеді. Асқар арқа сүйеген бапкері Батыр Қуанышев те көп ұзамай қанішер қолынан қаза тапты. Бүгінде Батыр ағаның бейіті басына мына жолдар қашап жазылған:
Танытып талантыңды бойыңдағы
Биікке жеттің әр кез ойыңдағы.
Асқардай шәкіртіңнің арқасында
Шетел де қазағыңды мойындады.
Ұлы едің елдің жүзі батыр деген,
Биледің қара күшті ақылменен.
Күрестің күре тамыр тәлімгері
Тарихта қалар атың Батыр деген.
Иә, шынында да осындай ерте өмірден кеткен жампоз жігіттер қазақта аз емес. Олай болса, алдағы уақытта облыс, қала, аудан басшылары ескеріп, Асқар Шайхиевтей, Батыр Қуанышевтай ел намысын биіктеткен азаматтардың есімдерін ардақтап, көшеге, өздері оқыған немесе жұмыс істеген мектеп, оқу орындарына аттарын берер деген үміттеміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста