Жыныс мүшесіне көңілі толмаған қазақстандық еркектер пышақ астына түсуде (фото)
Жасанды сұлулық үшін пышаққа түсетіндер пластикалық хирургке көбінесе беттегі әжімді кетіру, қалқанқұлақты түзеу, мұрынның пішінін өзгерту, жіңішке ерінді үлкейту, иектің астындағы салпылдаған теріні алдырту үшін барады. Ал, алматылықтардың арасында қандай пластикалық ота жиі жасалады? Отаны кімдер жасатады? Табиғи келбетіне көңілі толмаған жандардың жеке бас мәселесін шешуде қалтасы қаншаға қағылады?
Осы және өзге де сұрақтардың жауабын NUR.KZ порталының тілшісіне белгілі блогер, Алматыдағы пластикалық хирургия клиникасының PR маманы Алиса Бржставицкая айтып берді.
Блефаропластика
Блефаропластика қазақстандық әйелдер арасында ең көп сұранысқа ие ота болып шықты. Бұл процедура көздің маңайындағы қабақ терісіне жасалады. Ота төрт түрге бөлінеді: үстіңгі және астыңғы қабаққа жасалатын блефаропластика, көздің айналасына жасалатын ота (орта жастан асқан адамдар), және трансконьюктивальді блефаропластика. Блефаропластика жасатуға 22-60 жас аралығындағы әйелдер жиі өтініш береді екен. Жас қыз-келіншектер европалық типтегі қабақ жасатуға құмар. Отаның құны 100 000 – 270 000 теңге аралығында.
Төсті қажетті пішінге келтіру
Осыдан кейінгі алматылықтар арасында кеңінен тараған ота – төсті үлкейту. Дәлірек айтқанда - төстің пішінін түзету. Хирургтер пациенттің қалауы бойынша төсті үлкейту керек болса, үлкейтіп, кішірейту керек болса, оны да жасайды. Бұл отаны жас қыздар да, жасы үлкен әйелдер де жасатып жүр. Артық салмақтан, болмаса бала емізген соң салбыраған төсті жай ғана тартқызып алғысы келетін әйелдер де болады. Маммопластика импланттардың бағасының жоғары болуы себепті пластикалық оталардың ішіндегі ең қымбаты болып саналады екен. Отаның құны 425 000 теңгеден басталады.
Абдоминопластика
Абдоминопластика елімізде онша кең таралмаған. Бұл ота іштегі салбыраған артық теріні арылтып, бұлшықетті орнына келтіреді. Абдоминопластиканың бағасы - 440 000 теңгеден жоғары. Оны жасатқан адам көбінесе ол туралы жария еткісі келмейді. Себебі, қоғамдық пікірден қорқатын болуы керек. «Ішті кетіру үшін дене жаттығулары бар емес пе?», «Оны алдырғанша тамақты аз жемей ме?» деген сияқты сөздерден именеді дейді маман.
Алиса Бржставицкаяның айтуынша егер әйел бала көтермей тұрып спортпен айналыспаса, босанғаннан кейін ішін кетіре алмай әлек болады. Бұлшықет пен терісі салбырап алдыға шығып тұрады.
«Жалпы көздің айналасындағы теріге жасалатын пластикалық оталар мен төсті түзетуге қоғамның еті үйренді, ал іштегі артық теріні кесіп алып тастауға келгенде кереғар пікірлер туындайды. Сондықтан ол туралы ешкім айта бермейді. Абдоминопластика сол үшін де қатты танымал емес», - дейді блогер.
Липосакция
Липосакция ең қауіпті ота болып саналады. Сондықтан да, оған жүгінетін адамдар өте аз. Ота дененің белгілі бір бөлігінде жиналған майды хирургиялық жолмен жоюға бағытталады. Көбінесе, пациенттер екі жамбаста, екі бөкседе, қарында, санда жылдар бойы жиналған майды сылып алдыртады.
Жыныс мүшесіне жасалатын пластикалық оталар
Гименопластикаға, яғни, қыздық пердесін қайта қалпына келтіру үшін жасалатын отаға да сұраныс жоғары екен. Біз бас сұққан клиникада оның екі түрі – уақытша (2-3 күндік) және ұзақ уақытқа жасалатын түрі бар. Оның құны 40000-85000 теңге.
Ал, өз жыныс мүшесінің көлемі мен пішініне көңілі толмайтын жігіттерге қазіргі пластикалық хирургияда оны түзетуге, яғни, үлкейту-кішірейтуге мүмкіндік бар. Бұл операцияның құны 100000- 480000 теңге аралығында.
Ерлер арасында сондай-ақ, қалқанқұлақтықты түзету (отопластика) және мұрын пішінін өзгерту (ринопластика) оталары танымал көрінеді.