Жын-ойнақ: сағаттық және тәулiктiк пәтерлердi жалдауға тосқауыл бар ма?
«Жалдамалы» сөзiнiң өзi аты айтып тұрғандай жеке басыбайлы мүлкiң емес, қысқа не ұзақ мерзiмдi жалға алу ғана. Мәселе қайда жатыр? Шымкенттiң полиция қызметкерлерiмен болған рейдте байқағанымыздай, олар оңды-солды жалға берiлетiн пәтерлердi бақылауды қолға алуда. Қызығы, тәртiп сақшылары жолдың шетiндегi дүңгiршектердi тексерiп, бiр дүкеннiң маңдайшасынан «Пәтер жалдаймыз» деп жазылған қағаздың қайдан келгендiгiн сұрады. Алайда, iште отырған әйел шiмiрiкпестен «жалға берiлетiн пәтер менiкi емес» деп, бет бақтырмады. Тiптi, елеместен қағазды погондылардың көзiнше жұлып тастай салды. Ал сiз мұнда мәдениеттiлiк, тәртiпке бағынушылық туралы әңгiме соғасыз... Құқық қорғау органдары қызметкерлерi тарапынан талай рейдтер болып, түсiндiру жұмыстары жүргiзiлген, барлығы құмға тартылған құлақтай нәтижесi жоқ.
Осы ретте қалалық IIБ-нiң Абай полиция бөлiмi бастығының орынбасары, полиция майоры Е.Сүлейменовтiң пiкiрiне сүйенсек, қоғамдық тәртiптi бақылау мақсатында рейдтерден аудан кенде емес көрiнедi. Жыл басынан берi үш айда жалдамалы пәтерге қатысты 600-ге жуық заң бұзушылық тiркелiп, олардың әрбiрiнде саусақ iздерi алыныпты. Тiптi, түнгi сағат 23:00 мен таңғы сағат 6.00-ге дейiнгi аралықта тыныштық бұзғандарға әкiмшiлiк шара қолданып, 18 500 теңге көлемiнде айыппұл салумен ғана шектелiптi. Құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң айтуынша, сағаттап пәтер жалдайтындарға деген талапты күшейтiп, жалдамалы пәтерлерге тыйым салу керек. Егер алдағы уақытта ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөнiндегi кодекске өзгерiстер енгiзiлiп жатса, заң шеңберiнде мiндетiмiздi атқарар едiк деген уәж айтады. Құқық қорғаушылардың айтқанындай-ақ, 8-шағынаудан, Республика даңғылы, Айбергенов пен Жангелдин көшесiнiң жиегi кеш болса отқа үймелеген жынды көбелектей қаптаған қыз-келiншектерге толып жатады. «Квартира бар», «Арзан квартира», «Жiгiтiм, демалмайсың ба?» деп жол жағасында жағаңа жармасардай ентелейдi. Көбiсi тепсе темiр үзердей жастар. Қарап тұрып қынжыласың. Қолдарына картонға жазған жазуын шошаңдатып, бiр көлiк тоқтай қалса, енесiне жамыраған қозыдай тұра ұмтылатындарға қарап не күлерiңдi, не жыларыңды бiлмей дал боласың.
Айтпақшы, сол жалдамалы пәтерлердiң қауiпсiздiк жағы қалай? Сiз ақша айналыста болғасын барлығы дұрыс деп ойлауыңыз мүмкiн. Қателесесiз. Жуырда Шымкентте жалдамалы пәтерлердiң бiрiнде 24 жастағы келiншек иiстенiп, көз жұмды. Оқиға сәуiрдiң 16-сынан 17-сiне қараған түнi аты алыс-жақынға әйгiлi 8-шағынауданда орын алған. Ер азамат пен келiншек сонда түнеп шықпақ болып, пәтер жалдапты. Алайда, түн ортасында келiншек жуыну бөлмесiне кiрiп кетедi де жiгiт ұйықтап кеткен. Таңертең оянған азамат таныс әйелдiң жуыну бөлмесiнде жан тәсiлiм еткенiн бiр-ақ бiлген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерi 24 жастағы келiншек көмiрқышқыл газынан уланған болуы мүмкiн деген болжам жасап отыр.
Тiптi, жалдамалы пәтерлердi пайдаланып, арам олжаға кенелгiсi келгендер алаяқтықпен айналысып жүр. Айбергенов көшесi бойындағы пәтер жалдаушы Гүлия апайдың айтуынша, Зәуре есiмдi жас әйел өзiнен 8-шағынауданында орналасқан бiр бөлмелi пәтердi 3 күнге жалға алған. Ақшасын толық төлеп жатып, төлқұжатын жоғалтып алғандығын айтып кепiлге қолсағатын қалдыра тұруды өтiнген. Сонымен Зәуреге сенген пәтер жалдаушы үшiншi күнi уақтылы пәтерiн қайтарып алмаққа «квартираға» барған. Алайда, бөлмеден бөтен бiреудi кездестiрген. Сұрастыра келсе, жас әйел алаяқ болып шыққан. Үш күн iшiнде үйдiң барлық құжатын жалған ресiмдеген ол өзi жалға алған пәтердi Шухрат есiмдi азаматқа 30 мың долларға сатып жiберiптi. Гүлияның айтуынша, ол алаяқ кейiннен Тараз қаласында қолға түсiптi. Гүлиямен алаяқтық туралы әңгiме қызып тұрған сәтте, өрiмдей жас қыз-жiгiт екi сағаттық пәтер жалдайтындығын айтты. Гүлия хан көрген қарадай әлгi екеудiң алдына түсiп жорғалап кете барды. Арғы жағы түсiнiктi. Әңгiме осы арадан үзiлдi...
Аз-кем пiкiрлесу барысында байқағаным, Гүлия елудi еңсерген кiсi. Үш баласын оқыту үшiн бақуатты туысының бiр пәтерiн алып, жалға берумен күнелтiп келедi екен. Екеуара әңгiмеде қалтасындағы табыстың ешқайсысы мемлекеттiң қазынасына, салыққа түспейтiндiгiн, мұның заңсыз екендiгiн ескерттiм. Айтар уәжi «Өзiм де ұзақ мерзiмге пәтер жалдап тұрамын. Сол жалға берушiлер менен түскен қаржыдан табыс салығын төлеп жатқан жоқ. Сондықтан көппен көрген ұлы той. Басқа түскенде көремiз», – дейдi. Шындығында, пәтер жалға берудi кәсiпке айналдырған бiрнешеуiмен сөйлесу арқылы жалдамалы пәтерлердiң «нағыз» иелерi ол маңда тұрмайтыны байқалады. Көпшiлiгi бiреуге жалға бередi. Оны басқа бiреу үстемеақы төлеп тағы жалға алады. Осылайша жын-ойнақ белең алып, екi ортада осы көшенiң тұрғындары зардап шегiп отыр.
Өзектi мәселенiң бiрi ұшы айналып келiп қаракөздерге тиедi. Бiр түндiк пәтер жалдайтындардың көбiсi жастар. Түнгi клубтан, мейрамханадан iшiмдiкке сылқия тойынған олар бар тыныштықты үйiнен емес, кiм көрiнген бiр түнеп шығатын, «жезөкшелiктiң» белгiсi менмұндалап тұрған пәтерлерден iздейдi екен. Тiптi, түн тыныштығын бұзып, онда «вечеринка» ұйымдастырып жiберетiндерi де бар дейдi Гүлия апай. Иә, елдiң ертеңi деп жүрген жастардың қағынан жерiнген кесепат қылығы ұлтты алаңдатпай қоймайды.
Елiмiзде тұрғын үй бизнесiнде орталықтанған жүйе жоқ. Сондықтан болар, iрi қалада баға аспандаса, шет аймақта керiсiнше. Сосын барып, үй алуға қалтасы көтермеген жас бизнеске айналдырған пәтерлерiн жалдап, өзгенiң қалтасын қампайтуда. Ал олар түскен пайдасына қосымша тағы да пәтер сатып алып, оны «жалдамалы квартираға» берiп отыр.
Жалдамалы пәтерлерге қашан қол жетеді? 2010 жылдан қолға алынған жалдамалы пәтердің қызығын қара халық әлі көріп жүрген жоқ. Мәселен, жалдамалы үйлердің төлемдік бағамын есептеп шығару үшін үйдің сатып алу құнын пайыздық мөлшерге көбейту керек. Мұнда әлеуметтік және эконом дәрежелі пәтерлер үшін – 10 пайыздық деңгей, бизнестік дәрежедегілер – 15 пайыз, коммерциялық нысандағылар 20 пайыз деңгейінде белгіленген. Мысалы, егер «әлеуметтік» пәтер үшін төлем 62 400 теңге тұрады десек, оны 10 пайызға көбейтеміз, бұл – мемлекеттің еншісіне аударылатын сома, сосын оны 12 айға бөлеміз. Сөйтіп, ай сайынғы жалдау төлемі шығады. Бұл әр шаршы метріне шамамен 520 теңгені құрайды. Сонымен бір бөлмелі пәтер шамамен айына кем дегенде 30 мың теңгеге (коммуналдық қызметті есептемегенде) бағаланса, төрт бөлмелі пәтер 120 мың теңге тұрады. Әрине, мұндай пәтерлерде тұруға халықтың қалтасы көтереді деп айту ерте әлі. Себебі, Астана мен Алматыдағы халықтың 70-80 пайызы пәтер жағалап жүрсе, олардың 80 пайызы «екі қолға бір күрек табылса болды» деп тек күндік нанын әзер тауып жеп жүргендер. Ал, «майлы жілікті» шетінен мұжып отырғандардың ел қазынасына табыс салығын төлеп жатқаны да шамалы. Тіпті, Еуропадағыдай тиiстi құжаттар алып, мемлекетке табыс салық төлеп отырғандығын алға тартады. Тапсырыс қабылдарда ең алдымен азаматтардың төлқұжатын алып, тұрғындардың тыныштығын бұзбауды ескертедi екен. Айтуларынша, «судан таза, сүттен ақ» көрiнедi. Тiптi, атқарушы билiкке айтар ескертпелерi де бар. «Жалдамалы пәтерлердi заңсыз бизнес орнына айналдырғандарға қарсы күрестi күшейту қажет. Олар құжаты болмаған соң салықтан жалтарып, үй-үйлердi сағалап, тапсырыстар қабылдап жатыр. Осылайша халықтың ашу-ызасын тудыруда», – дейдi администратор Малика.
P.S. Айтпақшы, Астанада пәтер жалдау құны «ЭКСПО-2017» көрмесi қарсаңында 50 пайызға дейiн жоғарылауы мүмкiн. Ол көрмеге шетелден миллиондаған қонақ келерi анық. Ендеше, елiмiздiң үшiншi қаласына да атбасын тiреген шетелдiктер алда-жалда Республика мен Жангелдин, Айбергенов көшелерi бойындағы iшi күлiмсi, тер мен темекi мүңкiген, масасы мазаңды алар пәтерлерiне «адасып» барып «ұрынып» қалып жатса ше?! Тiптi, ол үйлердiң қауiпсiздiгi де сын көтермейдi. Сондықтан ережесiз, талапқа сай келмейтiн «жалдамалы» пәтердi жалға берушiлердiң, мемлекетке салық төлеп, пайда пайызын бергiсi келмейтiндердiң жолына тосқауыл қойылмаса, орта жолдан олжа табатындардың қатары көбейетiндiгiнде дау жоқ.