Жылан саудасы қызып тұр
Түсі суық жыланның бір шаққаннан-ақ сеспей қатыратын қауіптілігімен қатар, адамға пайдасы да бар. Еуропада жылан уының кептірілген 1 грамм ұнтағы 300 АҚШ доллары тұрады. Одан аса қымбат дәрі-дәрмек жасайтыны белгілі. Зоологтерге жыланның 2 700-ден астам түрі белгілі. Оның әрбір бесіншісі өте улы болып келеді екен. Елімізде жыланның уын кәдеге жарататын фармакологиялық зауыт жоқ. Ал шетелдерде оны асырап бағып, уын алып, ұнтаққа айналдырып, бірнеше есе қымбат бағаға сатып, байып отырғандар жетерлік. Өкініштісі, дәл осы бизнес түрі бізде дұрыс жолға қойылмаған.
Еліміздегі дәрі жасайтын кәсіпорындар, негізінен, шөптен жасалған дәрі-дәрмектер мен ресейлік өндірушілер үшін қажетті құрамалар әзірлеумен келеді. Қазіргі таңда елімізде дәрі-дәрмектің 700-ден астам атауын шығаратын 90-нан астам кәсіпорын бар. Ресми емес дереккөздерінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің 20 пайызын отандық өндірушілер ТМД елдеріне және шетелдерге экспорттайтын көрінеді. Бірақ оның ішінде жылан уынан жасалғандары жоқ. Әйтпесе елімізде жылан жоғалып кеткен жоқ. Тек оны кәдеге асыратын тетік табылмай отырғаны болмаса.
Күн жылынған сәттен оңтүстікте жабайы жылан саудасының көрігі қызады. Сарыағашта сары жыландарды 2-3 мың теңгеге саудалайды. Бүгінде ел арасында сары жыланның сорпасын қайнатып ішіп, ауруынан айықтым дейтіндер көп. Сол себептен болар, сары жыланның сорпасына деген сұраныс артқан. Алайда көбіне жыланның қай түрі ем екенін, қалай дайындау тәсілін білмей, дертіне дерт жамап алып жатқандары да жоқ емес.
Амалбек СЕРҚҰЛОВ, халық емшісі:
– Бірнеше жылдан бері науқастарды арамен шақтырып және жылан сорпасымен емдеп келемін. Ауруынан айығып кеткендер баршылық. Жыланның етінен жасалған сорпа ағзаны шлактардан түгел тазалайды. Жаңадан басталып келе жатқан бірінші сатыдағы қатерлі ісік ауруын емдеуге де болады. Оны көбіне жылан аулап-сататындардан аламыз.
Иә, мал бордақылап сататындар сияқты жылан аулауды да кәсіп қылғандар баршылық. Жазда бағасы арзан, қыста жер бетінен жоғалып кеткенде қымбатырақ болатын көрінеді. Емшілер көбіне майжыланды пайдаланады. Сондай-ақ әртүрлі ауруға шұбар жылан мен қара шұбар жыланды да пайдалануға болады. Негізінен, жыландардың ішіндегі ең шипалысы майжылан деседі. Қыс бойы ол жылан жер астында тек қана дәрілік шөптердің тамырын сорады екен. Оның сорпасы барлық ауруға ем көрінеді. Халық емшілері «жыланмен емделгенде емшілермен не дәрігерлермен кеңескен жөн» дейді. Тек ен даланы жайлаған жылан атаулы аулаушылардың кесірінен жойылып кетпесе дейсің.
Шымкенттегі Santo сауда маркасымен жұмыс істейтін «Химфарм» АҚ бүгінде поляк компаниясының қолына өткені белгілі. Ондағы мамандардан «Жылан уы қолданыла ма?» деген сауалымызға «жоқ» деген жауап алдық. Еліміздегі ең ірі ICO стандартымен жұмыс істейтін компания осындай ірі жобалармен жұмыс істемейтін болған соң, басқаларынан қайран жоғы белгілі.
Отандық фармөнімдердің 60 пайызын шығаратын кәсіпорын әлемдік нарықта аса сұранысқа ие басым бағытқа бет бұрса деген тілек қой біздікі. Есесіне, қарапайым жұртшылық арасында, сондай-ақ халық емшілері ішінде жылан уын емге пайдаланып жүргендер жетерлік.
Ресейлік «Вокруг света» журналының жазуынша, Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы Бутантан биомедициналық зерттеу институтында арнайы вакцина, уға қарсы дәрілер жасап шығарады. Ондағы зерттеу лабораториясында 12 мыңнан аса жылан ұстап, бағады. Одан жылына 5-6 литрге дейін жыланның сұйық уын алады. Ал одан 1-1,5 келідей құрғақ ұнтақ алуға болады екен. Мұндай көлемді жинау үшін олар жыланды әр екі-үш аптада «сауып» тұрады. Кішкене жыландардан бір «сауғанда» 20-40 миллиграмм, ал үлкендерінен 500-900 миллиграмм у алады. Ал оны құрғатқанда одан азғана масса қалады.
Жыланды қалай «сауады?»
Жылан «сауғанда» көбіне дәстүрлі түрін қолданады. У жиналатын ағзасына массаж жасау арқылы уын алады. Ал бүгінгідей технология мықтап дамыған шақта электр қуатымен «сауады», яғни жыланның сілекейлі қабығына 5-8 вольттық қуатты электродпен соғады. Сонда ол бұлшық еттердің жиырылуына әкеп соғады да, у тамшылайды. Еуропадағы жылан бағатын серпентарияларда жарты жылда гадюкаларды асырап, бағып, одан бір ампула ғана дәрі алады. Ал оларды жиі сауу олардың тез өлуіне әкеп соғады. Зоологтердің айтуынша, гадюкалар 15 жылға дейін өмір сүреді. Бірақ қамауда тұрғанда екі жылдан аспайды. Бүгінде жыланның уына деген сұраныстың тым жоғарылығынан және сол сұранысты қанағаттандыра алмай отырғандықтан, оның уын жасанды жолмен алу қолға алынуда. Мәскеудегі теориялық және эксперименталды биофизика институтында у клеткаларын табиғи жағдайда алатын ауқымды жоба әзірленген болатын. Бірақ қаржыландыру жағынан кемдік болған соң, жабылып тынды. Оның тағы бір жолы – химиялық синтездеу арқылы алу. Осылайша шетелдіктер жылан уының пайдасын көріп отыр.
Ғасырлар бойы емшілер түрлі ауруларды жылан уымен емдеп келді. Удан жасалған сықпамайлардың да пайдасы зор. Ол қыздырып қана қоймай, талшықтардың жұмысын жақсартады. Инфаркт алған, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетіндерге жылан токсиндері бар дәрі пайдалы. Қан тоқтату мақсатында қолданылатын стоматология саласындағы дәрі гюрзаның уынан алынған дәріден жасалған. Бұлшық ет және буын аураларында, невралгия, радикулит, полиартрит, плеврит, бронхиалды астмада қолданылады. Онкологиялық аурулар да жылан уының алдында дәрменсіз. Оңтүстік Калифорниядағы онкологиялық ауруларды зерттеу институтының биохимия және молекулярлы биология факультетінің медиктері қауіпті ісіктерді мокасиндік жыланның уы арқылы тоқтатуға болатынын анықтады. Тіпті бұл жаңалық Нобель сыйлығын алған болатын. Жылан уы альбумин, глобулин, фермент, су, тұздан тұрады. Оны құрғақ күйінде бір ғасырдай сақтауға болады.
Жылан бейнесі қайдан жүр?
Жылан уының емдік қасиеті ХVII ғасырда белгілі болды. Ең алғаш Франческо Реди атты ғалым ашқан деген мәлімет бар. Қазіргі таңда медицинаның басты белгісі болған символ – тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. Бұл белгіні Кеңес Одағы 1924 жылы бекіткен.
Жылан-ақпарат
Жыландар Жер шарында кең тараған. Тек Антарктидада ғана кездеспейді. 12 тұқымдасқа бөлінеді. Ең көбі – сарыбас жыландар, олардың 1 500 түрі бар. Қазақстанда бес тұқымдасы бар. Соқыр жыландар, айдаһар, сарыбас жылан, сұр жыландар, бозша жыландарға жататын 18 түрі бар. 16 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Жылан-жаңалық
Жапондықтар жылан уынан әжімге қарсы крем ойлап тапты. Оны бір-екі рет жаққаннан-ақ бетті үтіктегендей теп-тегіс етеді. Ал новосібірлік дәрігер ғалымдар араққа жыланның уын қосып, жаңа ішімдік түрін ойлап тапты. Оны ішкеннен кейін адам ағзасына қауіп төндіретін қасиетінен айырылады. Жылан-арақты ішкеннен адреналинді қоздыратын қуатқа еш залал келмейтін көрінеді.