Облыста соңғы бес жылдың ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарынан 10-нан аса әйел көз жұмды. Былтыр 600-ден астам әйел күйеуінен таяқ жеген. Зорлық көрген әйелдер қайда барарын білмейді, себебі облыста дағдарыс орталығы жұмыс істемейді.
Жан түршігерлік статистика
Таяуда ҚР Бас прокуратурасы жан түршігерлік статистика ұсынды. Соңғы екі жылда Қазақстанда әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстар саны 90%-ға артқан.
“Отбасындағы әрбір үшінші қылмыс – кісі өлтіру. Өткен жылы үй ішінде 36 әйел мен бір бала зомбылықтан көз жұмған. 2481 әйел, 851 бала зорланды. Қорлыққа төзбеген 742 әйел, 175 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған”, - деп ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлімдеген еді.
Ал Ақтөбе облысында қалай? Өкінішке орай, облыста да әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. 2015 жылмен салыстырғанда тұрмыстық қылмыстар саны бірқалыпты.
2016 жылы тұрмыста құқық бұзғаны үшін 3,5 мың адам жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 1781 адам отбасының мазасын қашырған, яғни былапыт сөздер айтқан немесе қорлап тиіскен. 645 ер адам әйелдерді ауыр соққыға жыққан. 1100-ден аса ер адам әйелдердің денсаулығына жеңіл зақым келтірген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 3 мың адамнан сәл асып тұрды.
Биыл жыл басынан бері учаскелік полицейлер отбасыдағы құқық бұзғаны үшін 600-ге жуық тұрғынды жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, 300-ге жуық әйелдер әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған.
Ақтөбе облысында әйелді зорлау деректері азайған. Дегенмен зорлау деректері әлі де жиі тіркеледі. Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика комитеті келесідей мәліметтер ұсынады: жыл басынан бері Алматы облысында 150-ден астам, Ақмола облысында 60-тан астам, Оңтүстік Қазақстан облысында 40-тан астам, Шығыс Қазақстан облысында 30-дан астам, Қостанай облысында 30-ға жуық әйел зорланған. Бәрінен де аз көрсеткіш Маңғыстау облысында. Онда бар болғаны бес-ақ зорлау дерегі тіркелген.
Ал Ақтөбе облысында 20-дан астам әйел зорланды. Соның 14 дерегі Ақтөбе қаласына тиесілі. 2016 жылы облыста 63 әйел зорланса, 2015 жылы 90 әйел жыныстық қатынасқа мәжбүрленді.
“Әйелдердің өздері кінәлі”
Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйел барлық дерлік жағдайда істі сотқа дейін жеткізбейді, кешірім бере салады. Жәбір көргенін жасыратын әйелдер де көп. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина
Нұрымжанованың айтуынша, әйелдердің өздері кінәлі.
- “Ауруын жасырған өледі” деген мақал бар. Сосын әйел бір рет таяқ жегеннен арызданбайды. Ол бір-екі жыл бойы зәбір көріп, шаршағаннан арыз жазуға мәжбүр. Бірақ олар арыздарын қайтарып алады, кешірім береді. Бір айдан кейін қайтадан полиция шақыртады, - дейді инспектор.
Оның сөзінше, құқық бұзған адамды бірден жауапкершілікке тарту керек. Әйтпесе, жазадан құтылған адам бұзақылық әрекеттерін қайталай береді.
Арыз болмай, жауапкершілік те болмайды
- Көп жағдайда ерлі-зайыптылар татуласады. Сондықтан учаскелік инспекторлар кейде келмей қалады. Тек таңертең ғана ұрыс-керіс болған отбасыға барады. Сол кезде ғана әйелдің арыз жазатындығы белгілі болады, - дейді Марина Нұрымжанова.
Оның айтуынша, күйеуінің үстінен арыз түсіруге қорқатын әйелдер бар. Мұндай жағдайда олар учаскелік инспектордан қорғау нұсқамасын сұрай алады. Қорғау нұсқамасы 30 күнге беріледі. Егер күйеуі бір айдың ішінде отбасының мазасын тағы мәрте қашырса, онда ол бес тәулікке қамалады және учаскелік инспектордың бақылауында болады.
- Мейлі денесінде ісік, көгеру болмасын, мейлі куәгерлер болмасын, тек әйелдің арызы ғана жеткілікті. Кез келген арыз қаралады. Кез келген жақын полиция бөлімшесіне барсын. Тегін 102 нөміріне қоңырау шалсын, - дейді Марина Нұрымжанова.
Күйеулер жұбайларына психологиялық зақым да келтіре алады
Туған баласын құшақтай алмаған ананың қайғы-қасіреті ауыр болады. Баласын анасынан айырып, басқа үйге, қалаға, облысқа әкететін күйеулер жетерлік.
- Кетіп қалған әйелін ұра алмаған соң осылай психологиялық зақым келтіреді. Мәселен, Оксана есімді әйел кешеден бері телефон арқылы өкпе-назын айтып жылады. Оның жұмыс істемейтін күйеуі үш баласын Атырауға алып кеткен. Екі ұлы мектеп жасында, бір қызы бес жаста. Ол Атыраудың жасөсіпірімдер ісі жөніндегі сотына арызданды. Алайда құжаттың толық болмағанына байланысты арыз кейін қайтарылды.
“Әйелі азап шексін” деп құжаттарды жыртып тастайтын ер кісілер де бар. Кеше ғана Оксана Атырауға барды. Бірақ есікті ешкім ашпаған. “Мен неге балаларымды өзіме қайтара алмаймын?!”-деп, ол телефон арқылы маған өкпеледі.
Біз есікті сындырып, баса-көктеп кіре алмаймыз. Себебі, заңда көрсетілгендей, ата-ананың екеуі де бала тәрбиелеуге құқылы, - дейді инспектор Марина Нұрымжанова.
Оның айтуынша, Оксанаға құжатты рәсімдеуге көмектесетін тегін адвокат та табылмады.
- Соттың шешімі шыққанша, бала ананың қасында болған дұрыс. Өйткені бала алдымен ананы іздейді. Бізге емшектегі баласын өзіне қайтара алмай жүрген аналар да келеді, - деп инспектор заңға өзгеріс енгізуін сұрайды.
“Әйелдер қайда барарын білмейді”
Тұрмыста зәбір көрген әйелдер балаларымен қайда барарын білмейді. Себебі былтыр желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған дағдарыс орталығы жұмыс істемейді.
- Психологиялық қолдау орталығы керек. Маған әйелдер үнемі хабарласады. “Мені күйеуім ұрады, бес балам бар”- дейді, балалар үйінің түлегі. Ол қайда барарын білмейді. Егер дағдарыс орталығы ашылса, соған баратын еді, - дейді инспектор.
Полицейдің сөзінше, отбасыда зорлық-зомбылық жасаған ер адамдарға жазаны күшейту керек. Олар 10 тәулікке қамалғанмен, “шипажайға” барғандай демалып жатады екен.
- Зорлық жасаған ер кісіні де емдеу қажет. Онымен міндетті түрде күн сайын психолог әңгімелесу керек. Таңертең сағат алтыда тұрғызып, аула, көше сыпыртқызу керек. Бірақ бұл жоқ. Олар жиналып алып, әйелдерін талқылаумен ғана күн өткізеді, - дейді Марина Нұрымжанова.
P.S. 2011 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында Еуропа кеңесінің мүшелері бас қосты. Жиында “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен оның алдын алуы туралы” Конвенцияға қол қойылды. Әзірше бұл ресми құжатты Еуропаның тек 22 мемлекеті ғана мойындады. Қазақстан да құжатты бекітуге асықпайды. Құжатта жазылған 55-ші бапқа сәйкес, әйел арыз бермесе де, зорлық-зомбылық жасаған адам жауапкершілікке тартылады. Ол арызын қайтарып алса да, іс сотқа жіберіледі делінген.