Әлеуметтік желілерде отырғандардың әуселесін байқайын деді ме, осы жуырда философия және теология ғылымдарының докторы деген дардай атағы бар Досай Кенжетай өзінің жеке парақшасында: «Бүгін Қайрат Жолдыбай муфтидің орынбасарымен (ҚМБД Бас муфтиінің бірінші орынбасары, наиб-имам – авт.) бірге болдық. Мәселе қазақтың санына ойысқанда «тоқал алуды үгіттемейсіңдер ме? Дініміз рұқсат беріп тұр…» дедім. Ол да ең алдымен өзім тоқал алып алайын сосын үгіттейміз деді. Мен ойланып қалдым. Уәжі қуатты шықты. Дұрыс, алдымен адам ақыл айтқанша, іс жүзінде өзі істеп көрсету керек қой деп, сөзін құптадым» деп жазғаны сол еді, ер-азаматтардың көпшілігі ежелгі тақырыпты әдеттегідей талқыға сала жөнелгені. Жалпы, әлеуметтік желіде әлмисақтан келе жатқан «тоқал» мәселесі жиі қозғалатын тақырып болғандықтан, ондағы түрлі-түрлі пиғылдар мен пікірлерге таңқалудың да қажеті жоқ еді. Бір қызығы, осы жолы бұл әңгімеге әйелдер тіпті, араласпады десе болғандай. Тек тоқал туралы айтқанда, шіркін-ай, бәйбіше көнсе 18-22-дегі қыздар өріп жүр ғой, дегеннен бастап демография мәселесіне «өте алаңдап» жүрген жігіттеріміздің жазбаларынан нәпсінің иісі аңқып тұр еді.
Тек жүз пікірдің ішінен бір ғана Берік Оспан дейтін азамат: «Осы әңгіме көтерілсе бір қайғылы жағдай есіме түседі. Бір туысқан ағамыз бар еді. Тоқал алам дем табан астынан құтырды. Сол ағамның ұл десе ұлы, қыз десе қызы бар еді. Семьясы өте тату тұратын, жеңгем өте жақсы адам еді. Екеуі қиыншылықты көп көрген. Жеңгеміз де білімді жан еді, мектеп директоры болатын. Екеуі екі қабатты керемет үй салып, ол үйлері талғаммен жақсы жабдықталған еді. Бұл жерде сол дүниені тапқан кезде жеңгеміздің де үлесі көп болды. Енді жағдайлары жақсарып қоңдалған кезде ағамыздың мына қылығы бәрімізге ерсі көрінді. Жеңгеміз де әлі мықты, қыздай еді. Оның үстіне кезінде сол жеңгемізді ағамыз ықтиярсыз алып қашқан. Содан ағамыз айтқан беттен қайтпай, ақыры сол тоқалды жеңгеміз рұқсат бермесе де алып тынды. Жеңгеміз байының тоқалын бір айдай үйінде тұрғызғаннан кейін, бір шаңырақтың астында байының сатқындығын көру қандай ауыр екенін көріп, келісе алмай ақыры ажырасуға арыз беріп, ажырасып кетті.
Үй-жай екіге бөлінді, болса да бала-шаға жеңгемізбен қалды. Арада екі жыл өтер өтпес ағамыз түнделетіп үйге келеді ғой. Келсе тоқалы біреумен жатқанының үстінен түседі. Сонымен ағамыз оны қатты соққыға жығып, өлімші етеді. Тоқалдың сау-тамтық жері қалмайды, көп жері сынған. Содан не керек, ағамыз сотталып кете барады. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп жүріп туысқандары амнистияға іліндіріп, шығарып алады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ағамыз жаздым-жаңылдым деп жеңгемізден кешірім сұрайды. Ақыры не керек жеңгеміз жылап тұрып: «Жас кезден қиыншылық пен кедейшілікті бірге көріп, бірге көтеріскен едім. Енді есімізді жиып байығанда арымды таптап сатып кеткен адаммен бірге тұра алмаймын» деп тоқ етерін айтты. Сол кезде жеңгеміздің ағасы: «Көп қатын алуға рұқсат беретін шариғаттарыңды бір жерлеріңе тығып қойыңдар» деді. Арада біраз уақыт өтер-өтпес ағамыз туберкулез ауруынан қайтыс болды.
Шынында, біз, қазақ байысақ неге қатын аламыз деп шыға келеміз? Неге сатқындыққа бейімбіз? Семья – шағын мемлекет, сол мемлекетке қиянат жасауға болмайды. Қазақты тоқал арқылы көбейтеміз деу құр далбаса, тоқал көп болса 1-2 бала туар. Дұрысы, ана мен баланың ақшасын бірнеше есе көбейту керек».
Осылайша, қазіргі заманда тоқал алудың соңы немен тынатынын бұл жігіт әсірелемей-ақ, өмірдің өзінен алған мысалмен дәйектеп берді. Ол аз десеңіз, «сиыр – айран, екі қатын ойран» екенін ата-бабаларымыз да біліп айтып кеткен жоқ па еді?! Сондықтан тоқал дейтін тың мәселе, тосын тақырып емес, меніңше қайта-қайта қаузала беретін бұл әңгіменің бөлек қыры бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын осы Берік Оспан дейтін осы азамат төмендегідей пікір білдірген болатын: «Қыздарға кеңес: «Еркектер аз, әйелдер көп» деген сөзге сенбеңдер. Соңғы кездегі статистика бойынша, барлығы керісінше. Қазір біздің елде үрбойдақтардың саны көбейіп кеткенінен ешкімнің хабары жоқ. Сүрбойдақ еркектердің саны қыз-келіншектерден артып кеткенін біздің мемлекет әдейі құпия ұстауда. Сондықтан тез байға тиіп алу керек деп кездескен вахабиске екінші-үшінші әйелі болып тие салуды тоқтатыңдар. Еркектер аз, әйелдер көп деген ақпаратты теріс пиғылды діни ағымдар әдейі таратып жатқанын аңқау қазақ білмейді. Сол теріс пиғылды діни азғындар 2-3 әйелдерінен туған ер балаларды діни экстремистік тұрғыда тәрбиелеп, елімізге қауіп төндірмекші. Осы жоспарды біздің сатқын имамдар қолдап отыр. Олар көп әйел алу тақырыбын қайта қоздыру себебі – араб шейхтардың жуындыларын ішіп, ақшасын жеп, солардың айтқанын істеп отыр. Осыны жан-жаққа таратыңдар, ұлтқа қауіп төнуде» деп жазғанына аса мән бере қоймаған едім.
Дегенмен, жазбаға мән бермей қоя салуға болмайтын сықылды. Қазіргідей онсыз да ажырасу өте белең алып тұрғанда, сүттей ұйып отырған отбасыларды тоқал алып, Отанымыздың кішкентай ошақтарының берекесін қашыру шынында да, кімдерге керек?!
Ақиқатында, қазір діннің атын жамылған әртүрлі ағымдар, теріс пиғылды адамдар көбейгеніне көз жұма қарауға болмайды. Жуырда ғана бір депутатымыз бір молданың 17 қызбен неке қиғанын нақты мысалмен атады. Оның ішінде кәмелетке жетпегені де бар… Ойлану керек. Мұндай тірлікті ақ неке, адал неке дегеннен гөрі харам жол, жезөкшелік, педофилия деген лайық.
Дін дегеннен шығады. Не құдіреті бар екенін Құдай білсін. Осы біздің жақсы бір көршіміз бар. Ауған соғысына қатысқан. Екі иығына екі кісі мінгескендей бұл жігіттің аты да – Батыр. «Батыр – аңғал» дегенді қалжыңдап та айтамыз, шыны да сол. Отты да, оқты да көрген осы азамат кейінгі жылдары дінге бас қойды. Ішімдіктен да бас тартты. Бес мезгіл намазын қаза қылмайды. Ораза, құрбан айт кезінде Батыр барлық көршілердің төрінде отырады. Арамызда бірінші болып имандылыққа бас бұрған адам болған соң сыйлаймыз. Бір жағы, құрдастығымыз болған соң, қалжыңымыз да таусылмайды. Дегенмен, Батекең кез-келген тақырыптағы әңгімені бел ортасынан қақ бөліп, уағыз айтқысы келеді. Және әңгімесінің аяғы тоқал алуға барып тірелгенде, Шәрипа екеуі шарт-пұрт бола бастайды.
– Осының намазхандары тоқал-тоқал деп қақсағанда, Алланы ұмытып кетеді, – деп әп-сәтте әдемі келіншегі тулай кетеді.
– Сұлу да, қылықты арғынның қызы тұрғанда, сенің тоқал аламын дегенің қай сасқаның? – деп біз де шу ете қаламыз.
– Осы мешітке барғалы тоқал-тоқал деп өліп кете жаздайды. Сонда сенің намаз оқығаның қайда, ораза ұстағаның қайда? – деп Шәрипа әрмен қарай шып-пыр болады. Батыр да уәжден қалыспайды, біз бір жағы қалжыңға бұрып, бір жағы кейіп отырып, екеуін әрең тоқтатамыз. Қысқасы, сол Батырдың тоқал алмай-ақ шаңырағы төңкеріліп кете жаздаған болатын…
Ал мен жаңағы Берік Оспан айтқан оқиғаға ұқсас жәйтті Самарқанд сапарында бір ғалымнан естіген едім. Сол оқымысты азаматтың жақын бір ағайынының шаңырағы дәл солай ортасына түскен ғой. Кезінде үлкен совхоздың директоры болып отырған абыройлы азамат күйеуге шықпаған бір қызбен байланысқаннан бастап беделінен айырыла бастайды. Төрт ұл тауып берген әйелі келісті, ақылды адам болғанына қарамай, атқарып отырған жауапты қызметіне дейін тәрк етіп, жаңағы қызбен Шу өңіріне қашып кетеді.
Одан бері талай жылдар өткен. Әңгіме айтып отырған кісі жеңгесінің жерге қаратып кеткен ағасы туралы бір рет балаларына тіс жармай, жамандамай өсіргенін, ал ағасының тоқалдан туған балаларының бәрі есірткі сатып түрмеде шірігенін, түрмеге түспегені нашақор болып кеткенін өкінішпен айтады.
Әңгіме айтып отырған кісі сол қашып кеткен ағасының бәйбішеде қалған балалары қазір керемет кәсіпкер, іскер жігіттер болғанын, өздерінен артылған дәулеттің ырзығын басқа жамағайындары да көріп жатқанын, өзі де қандай жауапты тірлікті бастамас бұрын, тізгінді сол туысқан інілеріне тапсыратыны, ойласатыны, тірек көретіні туралы көп әңгіме айтты.
– Сонымен, ағаңыз не болды? – дедім шыдай алмай сөзді бөліп.
– Ағамыз қартайғанда бұралқы иттей қайтып келді. Ешкім айыбын бетіне баспаса да, өз-өзін іштей жеп, өкініштен өлді…
Айнаш ЕСАЛИ
«Ақжүніс-Астана» журналы