Жүсiпбек Аймауытұлының белгісіз әңгімелері жарыққа шықты
Алматыдағы «Қаламгер» баспа үйінен Жүсiпбек Аймауытұлының «Шығармалары» деген атаумен жаңа жинағы жарыққа шықты. Жинаққа 1917 және 1929 жылдар аралығындағы араб әліпбиіндегі «төте жазумен» шыққан, сол замандағы қазақ баспасөзiнде жарияланған әңгiмелерi, мақалалары, очерктерi, аудармалары енгiзiлген. Барлығы – осыған дейінгі кітаптарына енбей қалған туындылар.
Жүсіпбектің осынау шығармаларын тауып, жинақты құрастырып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктемелерін жазған – филология ғылымының кандидаты, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы. Материалдарды ғалым 1998 және 2000 жылдар аралығында тауып, кирилл қарпiне түсiрiп қойған екен, бірақ демеушілер табылмай ұзақ жылдар жатып қалған. Өйткенмен «Ештен кеш жақсы» демей ме, қалай десек те, Жүсекеңнің туындылары арада тоқсан жыл салып, жеке жинақ ретінде қазақ оқырмандарымен қайта табысып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Бұл жинақта атақты жазушының «Құсбегі», «Мен қалай үйлендім?», «Тәубе қылды», «Мысыққа ойын, тышқанға өлім», «Елеусіз ерлер», «Көшпелі Көжебай» секілді оннан астам көркем әңгiмесiмен қатар, Ги де Мопассаннан, Конрад Берковичтен аударған дүниелерi бар.
Ж.Аймауытұлының сондай-ақ патша цензурасы жоғалған, кеңес өкіметі әлі орнамаған 1917-1918 жылдарда жазған саяси мақалалары ерекше көзге түседi. Ол жылдары қаламгер Семейде «Сарыарқа» газетiнде қызмет iстеп, кейін «Абай» журналының редакторы болады. 1918 жылы «Абай» журналының 12 санын шығарған. Мiне, осы баспасөзде ол ұлт бостандығын көздеген, Қазақ елiнiң келешегiне алаңдаған өткiр, проблемалық мақалалар жазыпты. Олардың қатарында «Қазiргi саяси хал», «Қазiр екi нәрсе керек», «Ұлтты сүю», «Жастар кiм?», «Қазақ тiлiн iске асыру қамы» секiлдi мақалаларды айтуға болады.
Кеңес өкіметі орнаған соң да Жүсіпбек баспасөзден қол үзбеген: Орынбордағы «Еңбек туы» (бүгінгі «Егемен Қазақстан»), Семейдегі «Қазақ тілі» газеттеріне, Ташкенттегі «Сәуле», «Шаншар» журналдарына редакторлық еткен. Бірқатар газет-журналға көркем шығармаларын, мақалаларын бастырып тұрған.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, жүсіпбектанушы:
– Ал жазушының алғашқы әдеби шығармалары қайсы деген сұраққа келсек, ол 1918 жылы шығып тұрған «Абай» журналындағы дүниелері деп атап айтуға болады. «Ғылым» баспасынан жарық көрген бестомдығына (Алматы, «Ғылым», 1996-1998 жж.) жазушының тек кеңес өкіметі кезіндегі әңгімелері ғана енген. Ал кеңеске дейінгі «Абайда» басылған «Бетім-ау, құдағи ғой», «Құсбегі» деген сатиралық әңгімелері – көркемдігі жағынан сол замандағы әжептәуір дүниелер. Сондай-ақ бестомдықта жоқ «Мысыққа ойын, тышқанға өлім», «Елеусіз ерлер», «Көшпелі Көжебай» – кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарының шындығын ашып көрсететін, көркемдігі жоғары, шоқтығы биік әңгімелер.
Жинақты ақтарып отырып, «Мен қалай үйлендім?», «Тәубе қылды» секілді Жүсіпбектің стиліне тән, юморы бар дүниелер де қызықты жазылғанын байқауға болады. Ал «Балалармен әңгіме», «Жаңа талап» атты шығармалары – балаларға арналған әңгімелер. Баланың ақыл-ойына орай ыңғайланған, осы бір тұшымды дүниелерді оқып отырып, қазақтан шыққан алғашқы балалар жазушысы кім деген мәселе қайта бір қарауды талап ететінін аңғарасыз.