Жалпақ тілде «жындыхана» деп аталатын мекеме расында естіген жанның үрейін ұшыратыны сөзсіз. Тағдыр теперішін көріп, жүйкенің ауытқуына ұшырағандар бізде көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ғаламшар тұрғындарының 10 пайызы психикалық ауруға шалдыққан. Алдағы уақытта олардың қатары 15 пайызға артуы да әбден мүмкін деп болжам жасап отыр. Біздің елімізде де бұл мәселе көңіл көншітерлік емес.
Осыған байланысты түйіні тарқатылмаған түйткілдерге қатысты өткен жылы психиатрия, психотерапия және наркология орталығы зерттеу жүргізген болатын. Белгілі болғаны, елімізде жан ауруына ұшырағандар саны жалпы халықтың 1,8 пайызын құраған. Қан түкіретіндерге, демікпе дертіне тұсалғандарға қарағанда аз, әрине. Бірақ дәрігерлер «олардың есепке аз алынуы диагнозының дәл қойылмауы мен басқа да себептерден болуы мүмкін» дейді. Расында, оған әлгі жындыханаға барсаңыз, лық толы палаталарды көріп көз жеткізуге болады. Одан қалса, Ішкі істер органдарының жоғалып кеткен жандарға іздеу салғанда көбісінің психикалық ауруға шалдыққаны айтылып жатады. Жүйке жүйесінің ауытқу ауруына қарсы Италия осыдан 5-6 жыл бұрын майдан ашқан болатын. Сол кездегі санақ бойынша елдегі 100 адамға шаққанда 46 орыннан келген. Алдын алу шараларының нәтижесінде, бұл көрсеткіш бүгінде 15-ке дейін кеміп отыр. Ал біздің елімізде 100 мың адамға 125 орыннан келеді екен. Басқа ауруларға қарсы шаралар қолға алынғанымен, дәл осы ауру мүлде ұмыт қалған десе де болады. Соңғы кезде ақ халаттылардың алаңдаушылығын туғызып отырған аутизм дерті де – осы дерттің ағайыны. Көбіне ата-аналар балаларының ауытқушылығы бар екенін жасырып бағады.
Соңында айықпас дертке айналдырып алғандарын кеш біліп, сан соғып қалады. Бір қынжытарлығы, елімізде психикалық аурудың алдын алу шаралары жүргізілмейді. Бұдан кейін «ауру неге көбейіп кетті» деп бас қатырудың қажеті шамалы сияқты. Оның үстіне, жүйке жүйесі ауруларының стационарлары жабық мекеме саналады. Мәлімет алу мүлде мүмкін емес. Одан бөлек дәл осы салаға арнайы қаржы бөлінбейді. Яғни қалдық қаржымен қаржыландырылады. Дәрі-дәрмек жеткілікті. «Әттеген-айы», заманауи технологиямен жабдықтау жағы кемшін. Сірә, оған аурулардың «санасы» жетпейді дейді ме екен, әйтеуір осы салада түсініксіз мәселелер жетіп-артылады. Маман жетіспеушілігі де бір бүйірден қысып тұр. Жүйкесі тозған, ақыл есі кемдеу жандармен жұмыс істеуге құлшыныс білдіретіндер кемде-кем. Бұрын кеңестік кезеңде науқастарды алты ай емдесе, бүгінде ол 60 күнге қысқартуға ұшыраған. Сірә, алты ай емдеп, адам қыла алмағасын, 60 күн де жетер деген болар. Тағы бір мәселе, мұндай науқастарға мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Алайда туған-туыстары бас тартып, ауруханаға жатқызған соң, ат ізін салмай кететіндері көп. Ауруынан азап шегіп – бір, туысынан айырылып – екі соққы алатын науқастарды арнайы интернатқа орналастыру да оңай шаруа емес. Өздігінен жүріп-тұруға ақыл санасы жете бермейтін жандарға үнемі бір қадағалаушы қажет. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, стационарлардың санын көбейткенше, клиникаларда арнайы кабинеттер ашумен шектеледі. Мамандар мемлекеттің ақшасын шаша бергенше осындай тәсілмен жұмыс істеу дұрыс деп санайды.
Еркiн АБДУЛЛАЕВА, «Жүйке аурулары ауруханасының» бөлiм меңгерушiсi:
– Әсіресе көктем келгенде психикалық аурулар асқынады. Дәл осы уақытта үдемелi асқыну түрiне шалдыққандар дәрiгердiң көмегiне көбiрек жүгiнеді. Осы санатқа жататын аурулардың ішінде шизофрения дерті – адамның ой-санасының әлсiреуiнен туындайтын ауру. Бұған түрлі әлеуметтiк қиындықтар себепші болады. Жүйкесiне күш түскендер мен күйзелiске ұшырағандар да жүйке ауруының осы түрiне ұшырайды. Ондайлардың саны аз емес.
Дәрігерлердің тағы бір қауіп қылатыны – тұрғындардың мұндай дертке шалдыққан жақындарын тез арада дәрігерге көрсетудің орнына, тәуіп, бақсы-балгерлерге қаратып, уақыт создырып жүріп алатындары. Ал бұл кезде, дерт, тіптен дендеп кететінін түсінбейді. Іштен туа бiткен жүйке ауруымен ауыратындардың қатары соңғы он жылда әжептеуiр азайыпты. Мамандар мұны қан тазалығынан дейді. Туған-туысына үйленетін өзге ұлт өкілдерінде дәл осы диагнозбен туылатындардың көп екендігін де жасырмайды. Бiр өкініштісі, жүйке жүйесі зақымданғандардың арасында жасөспiрiмдердің саны артып бара жатқандығы. Соның кесірінен суицид дертінің өршуі белең алуда. Осындай мәселелерден кейін бұл салаға көбірек көңіл бөлінуі тиіс-ті. Алайда бұл мәселе шабан аттай шатқаяқтап тұр.