Жыныстық жолмен жұғатын аурулар саны бүгінде кеңінен етек жайып барады. Әлем бойынша осындай инфекциялардың 25 түрі бар болса, соның елімізге енбегені жоқ екен. Оның ішінде әсіресе сифилис, соз, герпес, хламидоз, трихомониаз, кандиломалар көп кездеседі. Аты жаман аурулардың тарттырар азабы да аз емес. Толық ем қабылдамаған жағдайда артына айықпас із қалдырып кетеді. Белсіздік, импотенция, обыр ауруларына соқтыруы ғажап емес.
Дәрігерлер жыныстық ауруларды жұқтырмау үшін кездейсоқ жыныстық байланыстардан аулақ болу, мүшеқап қолдану, татуаж, пирсинг, педикюр, қырыну кезінде ортақ құралдарды қолданбау керек деп кеңес береді. Алайда оны құлаққа іліп жатқан адам аз. Жеңіл жүрісті қыздарға жанасу аса қауіпті екенін біле тұра нәпсісін тыя алмайтындар басым. Былтыр Шымқаланың тәртіп сақшылары түнгі көбелектерді топырлатып ұстап, қаладағы тері-венерологиялық ауруханаға апарып тексерткенде, олардың арасынан 18 қыздың соз секілді жұқпалы ауруларға шалдыққаны белгілі болған-тұғын. Тіпті араларында ВИЧ инфекциясын тасымалдаушылары да бар болып шықты. Бұл дерек талай жігіттің жүрегін солқ еткізгені анық. Алайда соған қарамастан аттың басын іркіп жатқандар шамалы. Содан бері де көше бойлап тұрған қыздар жұмыссыз қалған жоқ. Қайта сұраныс артпаса. «Осындай сұмдық аурумен ауыратындары бар екен» деп ындынын тыйып, көше айналып қашатындары тағы жоқ. Кеңес заманында жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандарды мәжбүрлі түрде емдейтін. Қан алдырғанда, анализ тапсырғанда аурудың қандай да бір белгісі байқалса, шұғыл түрде есепке алынып, ауруханаға жатқызылатын. Оған көнбегендерді тәртіп сақшылары арқылы тауып алып, қарсыласқанына қарамай, ауруханаға тоғытатын. Тері-венерологиялық ауруханалардың дәл осы диагнозбен емделетіндер бөлімшесін темір тормен бекітіп тастайтын.
Күйеуінен анықталса, әйелін де әлбетте қоса емдейтін. Бүгінде ауруханалардағы темір торлар алынып тасталды. Сонымен қоса, дәл осы ауру түрі де бостандыққа шыққандай лап қойды. Расында, бүгінде жұқпалы індетті жұқтырғандар саны артып барады. Көбісі жеке клиникаларға қаралады. Сол себептен олардың нақты санын есептеп шығару мүмкін емес. Статистика заңдылығы бұған жүрмейді. Жекенің бәрінде біліксіз дәрігерлер жұмыс істейді деп қаралауға болмас. Дегенмен «лечить етудің» орнына, «колечить» етіп жатқандары да жоқ дей алмайсыз. Аурудың алғашқы белгілері біліне салысымен дәрігерге жүгіріп баратын қазекем қайда? Бұрынырақта ауруға шалдыққан адамның науқасы ұзаққа созылса, ауыл сыртынан өтіп бара жатқан адамға ат шаптырып ем сұрайтын амал болған екен. Әлгі жолаушы қандай ем айтса, соны істеп жазылып кетеді деп үміттенетін көрінеді. Сол сияқты өткен-кеткеннің кеңесіне құлақ асып, өзге дәріні ішіп, беймарал жүре беретіндер де жоқ емес. Ақырында дерті дендеп, ажал құшып жатқандар да бар... Әрине, «көрінгенге малданып, көзін сүзген талайға, серілерге алданып қала көрме жарай ма» дегенді құлаққа қыстыратындар кем. Кездейсоқ жыныстық қатынастан бармақ шайнап қалып жатқандар қаншама? Бүгінгідей ауру біткеннің өршіп тұрған шағында «ақырын жүріп, анық басуды» жадында ұстауға мойны жар бермейтіндер көп. Салдарынан аурухана жағалап жүргені. Жазылып кетсе жақсы ғой, өзгелерді де батпағына батырып кетсе, қауіптің үлкені – сол. Мамандар осы бағытта жұмыс атқармай жатқан жоқ. Дегенмен бұл мәселе әркімнің өз еркіндегі шаруа болған соң. Ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ... Оның үстіне басқа ауруларға қарағанда, оның емдеу ақысы да қымбат. Жеке клиникаларда қалтаны қағарлықтай сома сұрайды. Ал мемлекет меншігіндегі ауруханаларға барып емделуге «ағайын-туыстың бірі көріп қойса – ұят» деп бетінен басатындар бар. Сөйтіп, өзін емші-құшнаш атағандарға барып емделіп, сан соғып қалып жатқандар да баршылық. Жыныстық жолмен жұғатын аурулардың қалдырар ізі аз емес.
Еркектер белсіздікке душар болса, әйелдер кенеттен түсік тастау және уақытына жетпей босануы мүмкін. Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша әртүрлі вирустық инфекцияның анықталу жиілігі түсік тастаған әйелдердің 60 пайызын құрайды, 57,5 пайызы – жай ұшық вирустары, түсік тастаған әйелдердің анамнезінде 40,6 пайызы – цитомегаловирус және 26,6 пайызын ұшық вирустары құрайды екен. Халықаралық қоғамдастықтың эксперттері бүгінде қатерлі ісіктің этиологиясын зерттегенде адамға онкогенді әсері бар герпесвирустардың болатынын анықтаған. Белгілі ережеге сай елімізде 30 жастан асқан әрбір әйел бес жыл сайын жатыр мойны обырының және әйелдердің жыныс мүшелері ауруларын анықтау үшін міндетті түрде профилактикалық тексерілуден өтуі керек. Бірақ көп жағдайда бұл ереже сақтала бермейді. Учаскелік дәрігерлер үй-үйді аралап, табанынан тозса да, шақыртуға бармайтындар басым. Мамандар аталмыш аурулардың тым «еркінсіп» кеткені сонша – бүгінде мүшеқапқа да сенім жоқтығын айтады. Расында, мүшеқапты қолданудың өзі адам вирусы папилломасын жұқтырудан қорғай алмайды, себебі вирус генитальды аймақпен жанасқанда беріле береді дейді мамандар. Хламидиоз жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың ішінде кең тараған түрі болып табылады. Жас, сексуальды белсенді адамдардың 5-10 пайызы хламидия инфекциясын жұқтыратын көрінеді. Бұл ауру созға қарағанда екі есе жиі таралған, созылмалы қабынулары бар әйелдердің әрбір екіншісінде кездеседі. Емделмеген жағдайда әйелдердің 57 пайызы бедеу болып қалады... Жыныстық жолмен жұғатын аурулармен күресу шараларын жетілдіру туралы ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 27 шілдедегі № 695 бұйрығы (ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 07.04.03 ж. № 280; 16.06.04 ж. № 479 бұйрықтарымен енгізілген өзгерістерімен) бар.
Осы бұйрықта Бұрынғы редакцияларды қараКонтингенттер үшін жыныстық жолмен жұғатын ауруларды анықтауға тексеру және оң реакциялы стационардағы науқастарды қарау тәртібі жөніндегі нұсқаулық, венерологиялық ауруды басқа адамға жұқтыру және оларды заңнамада белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тергеу органдарына беру фактілері бойынша материалдарды ресімдеу ережелері, жұмысқа қабылданарда және кедендік дәрігерлік тексеруден өтерде міндетті түрде алдын ала дәрігерлік тексеруден өту туралы ережелер қоса шығарылған. Жыныстық жолмен жұғатын ауруларды әдейі өзгелерге жұқтыру қылмыс болып саналса да, оны дәлелдеу – өте қиынның қиыны. Тіпті құқық қорғау саласындағылардың «қызмет тарихында» мүлдем кездеспейді десе де болады. Өзге тауарлар сияқты бүгінде неше түрлі ауруларға да шекарамыз айқара ашық. Шетел асып келген импортный ауруларға тосқауыл табылмай тұр. Тіпті ол мүмкін де емес. Қолда бар заңдық негіздегі көптеген ережеміз жұмыс істемейді. Қатаң қадағаланбайды. Ауру басынбағанда қайтсін?!
Диляра НИГМАТОВА, дерматовенеролог:
– Бүгінде жыныстық жолмен жұғатын аурулардың көбейіп кеткені рас. Мектептерге, жоғары оқу орындарына барып, түрлі лекциялар оқып, үнпарақтар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Телеарналарда арнайы роликтер де дайындап, көрсетіп жатырмыз. Жастарымыз жаман әдеттерден аулақ болсын деп. Бірақ бар мәселе мұнымен шешілмесе керек. Әр адам өз денсаулығына немқұрайды қарамаса екен.