Жуырда депутат Дархан Мыңбай жүргізуші куәлігін алу процессін сынап, бұған дейін жол ережелерін өрескел бұзғандар мен D санатына тапсырушылар үшін емтиханды қатаңдатуды сұраған еді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына жазған сауалында ол қолданыстағы жолда жүру ережелері мен жүргізуші куәлігіне тапсырғандар үшін емтихан сұрақтарын қайта қарастыруды талап еткен. Stan.kz жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған және автомектеп оқытушысына хабарласып, депутаттың сауалы қаншалықты орынды екенін білді.
Халық қалаулысы Дархан Мыңбайдың айтқан басты уәжі - жүргізуші куәлігіне тапсыратын емтиханда 1000-ға жуық сұрақ бар, емтиханды тапсыру үшін 40 сұрақтың 34-не дұрыс жауап беру керек (шын мәнінде 32-сіне - ред.), сұрақтардың көбі түсініксіз, қисынсыз, тіпті жол полициясының инспекторлары жауап бере алмай қиналатын көрінеді. Одан басқа депутаттың айтуынша емтихан барысында қазір қолданыстан шыққан, ескірген "Москвич", "Жигули" сынды көліктердің техникалық сипаттамасына қатысты сауалдар кездеседі. Техника дамыған, көліктердің іші-сырты жаңа опциялармен толыққан заманда бұл сұрақтар қаншалықты қисынды деген сауал тастайды депутат. 
 
"Кредо" автожүргізушілерді дайындайтын мектептің оқытушысы Александр Анатольевич Харламовтың айтуынша, сұрақтардың қисынсыздығы соншалықты, жол полициясының қызметкерлері деп тапсыра алмайды деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жол полициясында емтихан қабылдайтын комиссияның құрамында отырғанда, офицерлер барлық сұрақтардан мүдірмей өтіп, тапсырып шығатын дейді ол. 
"Біздің Авто ЦОН-дарда" маған ұнамайтын нәрсе - ол емтихан қабылдау жүйесінің бірде істеп, бірде істемей қалуы. Не компьютер, не интернет байланысы, не бағдарлама жиі істен шығып жатады. Яғни, емтихан қабылдаудағы техникалық тұсы. Азаматтар осыған наразы болуы тиіс. Бұл жалпы елімізге тән мәселе. Интернет байланысы өте нашар. Қазірдің өзінде курсантқа дәріс беру барысында, сабақты 10 шақты рет байланыстың нашарлығынан үзуге мәжбүр боламыз. Осындай мәселелердің туындауы емтихан тапсыруды да қиындатады. Өзі толқып, жүйкесі сыр беріп отырған курсант одан сайын қобалжиды. Жүйе "өшіп" қалады, бірдеңе түсінбей қалады, қайтадан сұрауға мәжбүр болады. Бұрындары офицерлер мойындарына жауапкершілік алып, емтихан тапсырушыда қандай да бір сауал туындаса, тез шешіп беретін. Ал қазір емтихан тапсырып болсаң, сен базада жоқсың дейді. АвтоЦОН қызметкерлерінің шамалы немқұрайлылылығы бар. Осындай міне, мәселелер", - деп оқытушы туындап жатқан проблемалар басқасына қатысты екенін айтады.
Болашақ автожүргізушілерді даярлайтын оқытушының айтуынша, жүргізуші куәлігін алу мәселесін көтерген депутат проблемаға терең бойламағаны көрініп тұр. 
"Жүргізуші куәлігін алу үшін 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап беру керек, ал ол 34-ке деп отыр. Бұл мәселені көтеру оған тапсырылған шығар, шама-шарқынша көтерді. Одан кейін көліктің ішкі құрылысы туралы сауалдар да емтихан барысында кездеспейді. Көлікті жүргізу бойынша емтихан "Пежо 301" көлігінде жүргізіледі. Сондықтан депутаттың барлық ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Ресейде, мәселен, бір сұраққа қате жауап берсең, сыртынан жаңа 5 сұрақ береді. Оған да жауап беру керек. Бізде ондай жоқ", - дейді Александр Харламов. 
Ел ішінде жүргізуші куәлігін өз күшіңмен емтихан тапсырып, алу мүмкін емес деген алып-қашпа әңгімелер бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады деген сауалымызға Александр Харламов:
"Менің алдымда ойнап отырып 40 сұрақтың 40-ына дұрыс жауап бергендерді көргем. Ол сабағынан қалмай, тапсырмаларды дұрыс орындап жатса тапсыру қиынға соқпайды. Қазір жолда жүру ережелеріне қатысты жаһандану процессі жүріп жатыр. Мәселен бұрын таныс емес жолдағы белгілер пайда болды. Мысалы,  "Вафельная разметка" деп аталып кеткен белгі, плюс белгісімен бағдаршам. Бәлкім, уақыт ағымынан қалмай сондай жаңа белгілерге қатысты сұрақтарды енгізіп отыру керек шығар", - дейді Александр Харламов қандай да бір жаңашылдық қажет пе деген сауалға. 
Stan.kz жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырған Алматы тұрғындарымен хабарласып, өз тәжірибелерімен бөлісуді сұрады. 
"Мен жүргізуші куәлігін сатып алдым. Шамамен 70 мыңға айналды. Бастапқыда 80 мың сұраған. Алайда ініміз екеуміз бірге жасатқандықтан "жеңілдік" жасады. Танысты анамның әріптесі арқылы таптық. Бір қызығы, куәлікті Шымкент қаласында жасаттық. Өйткені Алматыда қымбатырақ екен. B санаттағы куәлікке екі айдан кейін ие болдық. Негізі мен көлікті 10 сыныптан бастап айдаймын. Қаланың сыртында тұрғандықтан, әкем кей кездері үйге қайтып келе жатқанда өз көлігін айдауға рұқсат ететін. Сөйтіп жүріп үйреніп кеттім. Сол себепті де жүргізуші куәлігін оқып алуды жөн көрмедім. Бұл шамамен 11жыл бұрын ау. Қазір естуімше жүргізуші куәлігін сатып алу әлдеқайда арзан", - дейді 30-дар шамасындағы жігіт.
Ал жуырда жүргізуші куәлігін алған 21 жастағы Толқын қыз бала қанша жерден жақсы жүргізуші болса да емтиханнан өту қиын дегенге сенімді. Оның үстіне емтиханнан құлап қалсаң, алты айдай күтуің керек.
"Ата-анаммен келісіп, автошколоға барғаннан кейін, "праваны" сатып алдым. Бар-жоғы үш күнде правам дайын болды. Шамамен бағасы 60 мың теңге болатын. Бір жағынан бұл дұрыс емес болуы да мүмкін. Бірақ тапсыра алмай қалып, ұзақ күткеннен жақсы. Есесіне қазір жаяу жүрмеймін. Және көлік тізгіндегелі бері жол ережесін бұзу, көлік апаты болған жоқ. Маған "права" тез кере болғаннан кейін сатып алдым", - дейді Толқын.