Жоғалған мал үшін кім жазықты?
Бүгінде ауылды жерлерде ең көп тіркелетін қылмыс түрі мал ұрлығы болып отыр. Сонау 90-жылдары күрт өсіп кеткен осы бір кері кеткен «құбылыс» қазақ ауылы арасында қайта өрши түскен тәрізді. Нәпақасын төрт түлікпен тауып отырған ағайынға бұл оңай тиіп отырған жоқ. Аса ауыр қылмыс болып саналмағанымен, жыл сайын мал ұрлығының үлесі артып келе жатқаны байқалады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын осы ұрлықтың көрсеткіші 3 пайызға артып отыр. Мәселен, биылғы жылдың тамыз айына дейін Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам мал ұрлығы тіркелген. Бұл елдегі ұрлық-қарлыққа әлі де тосқауыл қойылмай отырғанын айғақтайды.
Ауыл-ауылдағы мал ұрлығының артуына алаңдаған полицейлер де бекер жатпапты. Жедел іздестіру жұмыстарын жолға қойып, мал мен ет сататын базарларды да есепке ала бастағандарын алға тартады. Бұнымен қоса, жедел-іздестіру тобының қырағы көздері де тұрақты түрде ет тасумен айналысатын автокөліктерге түсе бастаған. «Қара шаруаны күнкөріс көзінен айырып, біреудің қарап отырған малын алдына салып айдап әкетушілердің саны бұрынғыдан анағұрлым өскені де және жыл сайын артып келе жатқаны да шындық», – дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің басқарма бастығы Айдар Көштібайұлы. Мысалы, оның дерегіне жүгінсек, қаңтар айынан бері 1348 мал ұрлығына тікелей қатысы бар деген күдікпен 1265 қылмыс ашылған. Тіпті «түйені түгімен жұтпақшы» болған баукеспелер де құрықталыпты. Айтар болсақ, тамыздың орта шенінде Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Подход ауылында 28 жылқыны Байгүл ауылының жайылымынан айдап әкеткен ұрының ізіне түскен полицейлер араға уақыт салып, оны қолға түсірді. Бұндай мысалдар да соңғы уақытта қаулай бастаған.
Әйтсе де, ішкі істер қызметкерлерінің малы жоғалған шаруаларға тағар кінәсі де жоқ емес. Себебі малы жоғалғандар көп жағдайда полицияға дер кезінде шағым түсіруді жөн санамайды. Әуелі өзі іздеп, артынша нәтиже болмаған соң барып құқық қорғау органына жүгінеді. Ал осы екі аралықта ұры діттеген жеріне жетіп, шаруасын тындырып тастайтыны да белгілі. Ұрлыққа қарсы шараны ұйымдастыруда көптеген проблема осыдан туындайды.
Осыған ұқсас бір мысал: биыл Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы Kaz Horse Mugalzhar ЖШС-нің жылқышылары екі ай бойы ізім-қайым жоғалған 297 бас жылқыны іздеп, шарқ ұрған. Ақпанның 10-ынан сәуірдің 12-сіне дейін жоқ іздеген жылқышылар тек амалы таусылып, қолдан қайран келмеген соң ғана полицияға шағым түсіріпті. Осы секілді Павлодар облысының Ақкөл ауданындағы «Тұрар» шаруа қожалығынан 2-3 тамыз күндері аяқ астынан 640 бас мал жоғалған. Бір қызығы, жылқылардың жоғалғанын қожалық иесі емес, бірінші болып ауыл тұрғындары байқаған. «Іздеу жұмыстары осыдан кейін барып кең ауқымда жүргізілді», – дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің департамент директоры Айдар Көштібайұлы.
Жедел іздестіру кезінде 25-30 үйір жылқы Павлодармен іргелес жатқан Ақмола облысының елсіз мекенінен табылыпты. Ал қалған 97 бас жылқы өткен айдың соңында Ақмола облысы аймағында жайылып жүрген жерінен кездескен. Кейін белгілі болғаны, «Тұрар» шаруа қожалығының жылқысын ешкім ұрламаған. Тек жылқыларды иесіз жіберудің салдарынан өз бетімен кеткені анықталып отыр. Бұдан бөлек, Kaz Horse Mugalzhar ЖШС көптеген талаптарды ескермей келіпті. 100 жылқыға бір жылқышыны бекіту керек болса, басшылық жағы 1132 жылқыға бар болғаны төрт жігітті жұмылдырған. Кілең асылтұқымды жылқы өсіретін серіктестік жылқышыларды түнгі уақытта жатын орынмен және азық-түлікпен тұрақты қамтымай келгені тағы бар. Сонымен қатар жылқыларды таңбалау мен егу талапқа сай жүргізілмесе керек. Жылқышылардың айтуынша, қыс уақытында жағдайдың жоқтығы, малға жемшөптің болмауы және қараусыз қалуынан Павлодар облысы аумағына дейін кетіп қалатыны анықталды. «Жоғалған малды іздестіру кезінде полиция жылқышылардан сұрастыра келе 300-ден астам жылқының өлі денесі табылғанын анықтады. Жоғалған 297 жылқының үшеуін басқа үйірден тауып, Ерейментау ауданында – 26, Павлодар облысы аумағынан 35 жылқының өлі денесі табылып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қырылған 300 жылқы Балтасап көлінің түбінде жатыр. Іздестіру кезінде Kaz Horse Mugalzhar ЖШС бұрын сатылған жиырмаға жуық жылқыны жоғалғандардың қатарына қосып жібергендігі анықталды. Қазір әлі де 210 бас жылқы табылмай отыр», – дейді ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу комитетінің аға тергеушісі Марат Бекшетаев.