«Жигули» ауыр көлікті соғып құлатты
Қарағандыға Теміртау қаласы жақ беттен кіреберісте орналасқан Узенка тұрғын аймағындағы көпірдің қиылысында бес бірдей автокөлік бір-біріне соқтығысып қалды. Қала аумағында орналасқан №6800 әскери бөлімнің сарбаздарын оқу-жаттығу шараларына апара жатқан ауыр салмақты «ГАЗ-66» автокөлігін соққан «Жигули» көлігінің жылдамдығы қатты болғаны соншалық, әскерилердің көлігі аударылып қалған.
Ал қатты соққыдан жол жиегіне қарай ұшып кеткен «Жигули» көлігі соқтығыс болған соң, жиекте тоқтап тұрған жол полициясы автокөлігіне барып соғылған. Жеңіл салмақты «Жигулидің» соққысынан аударылып қалған «ГАЗ-66» бір жақ бүйіріне қарай аунап түскен сәтте, сол тұста қозғалып келе жатқан «Ниссан» автокөлігінің үстіне құлаған екен.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа жол қиылысында басты жолда келе жатқан әскерилер көлігіне жол бермеген «Жигули» машинасының жүргізушісі кінәлі.
Қазір Қарағандыдағы Х.Мақажанов атындағы хирургиялық клиникада емделіп жатқан «Жигули» жүргізушісі мен оның жанындағы жолаушының денсаулығы қалыпты жағдайда. Ал әскерилердің ешқайсысы жарақаттанбаған.