Ақтөбе облысындағы Жарқамыс ауылында қорада мал жайлап жүрген жас жігітті бура шайнап тастады. Ауыр жарақат алған ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
22 жасар Қанат Ізбаев қас пен көздің арасында өзіне тап берген жануарға қарсы тұра алмапты. Аузынан ақ көбік атып, ақырған бура желкесінен тістеп, жас жігітті қарыс қадам жерге лақтырып жіберіпті. Бура шайнап тастаған жігітті шалғай ауылдан ауруханаға жеткізу де оңайға соқпаған. Қалаға қатынайтын жол болмағандықтан, Байғанин ауданына арнайы тікұшақ жіберілген. Сондықтан дәрігерлер жарақат алған жігітке тек екі күн өткен соң ғана нақты көмек көрсете алды. Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Оразжановтың айтуынша, мойнының алтыншы, жетінші омыртқасы шығып кеткен, жұлынына зақым келген. Қатты мертіккені сондай, Қанат есін екі күн өткен соң ауруханада бір-ақ жиған. Шыққан омыртқа орнына салынғанымен, ол әлі тілге келер емес. Науқастың операциядан кейінгі қазіргі жағдайын дәрігерлер «ауыр» деп бағалап отыр. Әрі жас жігіттің аяғынан тік тұрып кетуі үшін біраз тер төгуіне тура келеді дейді.
Жігітті бура шайнап тастады
Последние статьи автора