Зерттелмеген Сүмбе сақ-үйсін қорғандары құрып кетуі мүмкін

Жетісу өлкесі сақ-үйсін дәуірінің ескерткіштеріне өте бай. Содан болар, әлі күнге ғалымдар мен тарихшылар көріп-білмеген тарихи орындар жетерлік. Біз осы демалыс күндері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылы аумағынан солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан 13 (одан да көп болуы мүмкін) бірдей обаны тауып алдық. Бұл қорғандардың астында қандай жәдігеріміз жатыр? Белгісіз. Белгілісі – аталмыш қорғандар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енбеген, зерттелмеген.

Кіріспе орнына
Көнекөз қариялар: «Сүмбе ауылының солтүстік беткейінде үлкен қаланың орны бар» деп айтып отыратын. Ол кезде «Біреу жер қазғанда қыш құмыра, алтын сырға, тарақ, айна т.б шығыпты-мыс, құмға барған жігіттер бір мүрденің үстінен түсіп, алтын бұйымдарды бөлісіп алыпты-мыс» деген секілді алыпқашпа сөздер де жиі естілуші еді. Бала болған соң, аса мән бере қоймаппыз. Өткен бір жолы Есік қорғандарына барған кезде сол әңгімелер қайта ойыма оралды. Есіктегі сақ қорғандары Рахат-Өрікті қаласынан шамамен 2,5 - 3 шақырым қашықтықта орын тепкен. Балалық балғын шағым өткен сол Сүмбе ауылының бас жағында Рахат-Өрікті секілді көне қала болғаны рас болса, оның қорымдары қайда? Өз-өзіме төтеден қойылған сұраққа жауап бере алмай, біраз тұрып қалдым. Бір мезетте ауылдың аяқ жағындағы үш-төрт төбешік ойыма оралды. Ескі қаланың орны мен бұл жердің арасы да шамамен 2,5-3 шақырым қашықтықта жатыр. «Алда ауылға бара қалсам, сол төбелерді суретке түсіріп, өзімше бір зерттеу жүргізіп қайтайыншы» деген тоқтамға келдім.
Қорғандар
Сол ойымды іске асыру үшін осы сенбіде аталмыш төбелерге арнайы соқтым. Мен ойлағандай үш-төрт төбе емес екен. Бір сызықтың бойында 13 қорған жа­тыр. Барлығының аумағы бірдей. Ұзындығы шамамен – 30 метр, ені – 20 метр. Қорымдардың көпші­­лігінің арасының арақашықтығы 100-110 метр. Тек 6-7, 9-10 қорымдардың арасы өте жақын, шамамен арасы 25-30 метр. Ал биіктіктері әртүрлі. Ең қызығы, 13 қорғанның бәрі дерлік анау айтқандай, бүлінбеген һәм тоналмаған. Бірақ қазақ тарихынан елеулі орын алуы мүмкін осы қорымдар ауылдың ішінде орналасқандықтан, құрып кету қаупі барлығы аңғарылады. Өйткені ауыл азаматтары «ұра қаза­мын» деген секілді желеумен әр жерін бір шұқып, оба­ларды бүлдіре (үш оба бүлінген) бастапты. Мұны­мен қоса, негізгі жеті қорған ауыл тұрғындарының же­келік жерінде тұрғандықтан, айналасына картоп егі­ле­ді. Сол картопты суару мақсатында қорғандардың айналасында арықтар қазылыпты. Бұл да жердің тегістеліп кетуіне әсер етпей қоймайды.
Обалардың жалпы сипаттамасы...
Енді әр қорғанға қысқаша сипаттама келтірсек...
1-қорған. Биіктігі жалпы жер бедерінен шамамен – 2-3 метр. Қорым төбесінде шағын тас үйіндісі бар. Мүрденің адам қолымен тоналмағаны аңғарылады. Сол­түстік қапталы мен оңтүстік беткейінен аз шамада то­­пырақ алынған. 2-қорған. Биіктігі жалпы жер бе­де­рі­нен шамамен – 5-7 метр (бірінші қорымнан оңға қа­рай). Солтүстік жағы үңгіп қазылған. Оңтүстік қап­та­лында су ағатын арық бар. Қорым өзге қорымдардан ерекше. Топырағы жалдата үйілген. Өзге қорғандардан биіктігімен ерекшеленеді. 3-қорған. Оңтүстік және солтүстік қапталдарынан арық қазылған.
Биіктігі – жалпы жер бедерінен шама­мен 4-5 метр. Үсті тегіс. Қорған тонал­ма­ғаны байқалады. 4-қорған. Биіктігі – жал­пы жер бедерінен шамамен 3-4 метр. Үстінің едәуір бөлігі қазылған. Ауыл тұр­ғын­дарының айтуы бойынша, бір азамат көкөніс сақтайтын ұра қазған. Астынан адам сүйегі шыққан соң, жерді қазу тоқта­ты­лыпты. 5-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 3-4 метр. Анағұрлым жайдақ. Үстінде тастар бар. 6-қорған. (бі­рінші қорымнан солға қарай) Биіктігі жал­пы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Үстін үңгіп, төрт бұрышты қазыл­ған. Қазылғанына өте көп уақыт өтпегені аң­ға­рылады. Айналасы толған тас. Ерек­ше­лігі мұндағы тастар ірілеу. 7-қорған. Би­ік­тігі –жалпы жер бедерінен шамамен 2-3 метр. Тоналмаған. Үсті жайдақ. 8-қор­ған. Биік­тігі – жалпы жер бедерінен шама­мен 2-2,5 метр. Тоналмаған. 9-қор­ған. Би­іктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 1-1,5 метр. Тоналмаған. 10-қорған. Би­ік­ті­гі – жалпы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Тоналмаған. Таза сақталған. Қорым үл­кен­дігімен ерекшеленеді. 11-12 қор­ған­дар. Биіктігі –жалпы жер бедері­нен ша­мамен 2-2,5 метр. Адам қолы ти­меген­дігі, тоналмағандығы байқалады. 13-қор­ған. Бұл қорым жуық арада қазы­лып­ты. Қа­бірдің көп бөлігі зақымданған.
Сіз не дейсіз?
Досым Зікірия, Есік қорық-мұражайының ғалым-хатшысы:
– Жалпы Жетісу өлкесі, оның ішінде жа­зи­ралы Кеген-Нарынқол өңірі ежелгі дәуір ескерткіштеріне өте бай. Ол өңірдегі ес­керт­кіштерді зерттеу сонау Кеңес зама­нынан басталса да, әлі толыққанды зерт­те­ліп біт­пеген. Сіздер сипаттап отырған қор­ғандар, сыртқы сипатына қарағанда сақ-үй­сін дәуіріне тиесілі секілді. Амал не, әзірге Сүмбе ауылының маңындағы ол ес­керт­кіштердің зерттелгені жайлы бірде-бір мә­лі­мет жоқ. Олардың тіпті, төлқұжаты да тол­тырылмаған. Сондықтан да, аса құнды, еш­қандай тоналмаған тарихи-мәдени ес­керт­кіштер жан-жағынан құрылыс қор­шап, басқа да мақсаттарға пайдаланылып құ­рып кету қаупінің алдында тұр деп біле­мін. Өте өкінішті. Тездетіп осыларды қолға алма­сақ, құнды мұралардан айырылып қаламыз.

Тас диірмен
Қорғандарды аралап жүрген кезде Нұрым деген кісінің келіншегі менен жөн сұрады. Ол кісінің айтуынша, осы қорым­дар­дың біреуінен диірменнің тасы табыл­ған. Ол тас үйінде сақтаулы тұр екен. Апай­дың рұқсатымен аталған жәдігерді көзім­мен көрдім. Астыңғы тастың түсі – ақ. Сал­мағы – 10 кг шамасында. Бір бұрышы ке­ті­ліп сынған. Ортасындағы тесігі аса ше­берлікпен тесілген. Тастың үстіңгі бетінде тар­тылған ұнды шығаратын сызықтар бар. Нақты санын санау мүмкін емес. Үстіңгі тас­тың түсі – қызыл. Салмағы – 15 кг ша­ма­сында. Астыңғы бетінде ұн шығару үшін арнайы екі сызық сызылған. Ортасының тесігі шебер тесілген. Бетінде диірменнің ағаш тұтқасын бекітетін және бір тесік бар екен. (ағашы сақталмаған).
Бізден бір ой
Осыған дейінгі ғылыми зерттеулерге сүйенсек, бұл обалар б.з.б. ІІІ-І ғасырларда тұрғызылған болуы мүмкін. Себебі, Сүм­бе­дегі қорғандар сол кезеңде бой түзеген Қаратал, Қарғалы, Қапшағай-3, Бесша­тыр-2, Үңгірқора, т.б обаларға ұқсайды. Ол дәуірде мұндай қорымдарының саны 5-10, кейде одан көп болатын болған. Сонымен қатар көбіне қорғандар сол­түс­тіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орнала­са­ды-мыс. Ал бұдан кейінгі кезеңдерге тән үйсін қорғандары шашыраңқы болып ке­леді екен.
Тақырыпқа орай
Жарас Кемелжан, журналист:
– Сартауды бала жасымнан Үйсін тауы деп естіп өстім. Демек, бұл өлкені ерте­рек­те Үйсіндер мекендеген болуы мүмкін. Қы­тай жазбалары да соны дәлелдейді. Ал Хан Тәңір шыңының астында Шаты деген ауыл бар. Бұрын бұл Шаты аңғары Үйсін күн­бидің жазғы астанасы болыпты. Мұны да Қытай жазбаларынан оқыдық. Кейін бұл туралы Қытайдағы жазушы-тарихшы Сұлтан Жанболатов «Үйсін күнби» тарихи романында жазды. Шаты аңғары – Хан Тәңірдің етегіндегі Тянь-Шань тауының теріскей беті. Оның жаздық астана болуы­ның бір себебі – сол теріскейде орналас­қа­нында болуы мүмкін. Өйткені Шаты жазы салқын, тау самалы соғып тұратын жан­ға жайлы мекен. Ендеше, Үйсін патша­лығы­ның қыстық астанасы, яғни хандық­тың тұрақты мекені қайда орналасқан? Бұ­ған бір болжам – қыстық астана, яғни хандық­тың тұрақты мекені қалай да күнгей бетке орналасады. Яғни Сартаудың бөк­теріндегі Сүмбе ауылы, Қытай бетіндегі Сүм­бе, Ер­менді, Түргенбұлақ ауылдары Үй­сін күн­бидің ордасы деген заңды ой туады.

Түйін
«Жетісудың Сүмбе, Лепсі, Суяб, Құлан, Батыс Ақтөбе сияқты көптеген ортағасыр­лық қалаларының астынан үйсін дәуірінің қабаттары ашылуы әбден мүмкін». Бұл – біздің емес, қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Кемел Ақышевтің пікірі. Бұл сөзді Кемел Ақышев бекер айтпаса керек. Бұған дейін ешбір археологтың назары­на ілікпеген Сүмбе сақ-үйсін қорғандардың астында үйсін дәуірінің бар байлығы һәм жәдігерлері жатқан жоқ па? Бұл сұраққа жауапты бәріміз іздеуге тиіспіз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста