Газетіміздің №27, (5.03.2009) санында «Үшемнің несібесі қайда?» атты тақырыппен Жолтаева Гүлмира Сәтмақанқызының алты баласымен пәтерден пәтерге көшіп жүргені жайында жазғанбыз. Айтарын тиісті жерге жеткізе алмай бір жыл бойы сандалған ана қыстың көзі қырауда Тараз қаласынан редакциямызға арнайы келген еді.
Біздің мақаламыз жарық көргеннен кейін бірнеше күннен соң-ақ 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин көпбалалы ананы арнайы құттықтап, үй-жаймен қамтамасыз етуге қала әкімі Ілияс Тортаевқа нұсқау береді. Газет бетінде балаларын асырау үшін жас ананың үшемдері жеті-сегіз айлық кезінде мейрамханада ыдыс-аяқ жуушы болып істеуге мәжбүр болғаны, ай сайын балаларының жәрдемақысы ретінде алатын 12 мың теңгенің пәтерақыны да өтемейтіні егжей-тегжейлі айтылған болатын. Осы мәселені ескерген облыс әкімі Тараз қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне әке қамқорлығынан тыс қалған отбасы үшін әлеуметтік көмек көрсетіп отыруды да міндеттейді.
Ал арада бір ай шамасы өткен соң, 15 сәуір күні «Тұрғын үй» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының директоры Е.Ұлықпанов 1996 жылғы Қасиет, 1997 жылғы Әділет, 2006 жылғы Нұрсұлтан, 2008 жылғы Әділжан, Сабыржан, Салихат есімді бес ұл мен бір қыздың анасы Жолтаева Гүлмираға үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырады. Үшемі туғалы бір жыл ішінде төрт рет пәтер ауыстырып, пәтер зардабын тартып жүрген көпбалалы ана қуанғанынан ертеңіне-ақ жаңа қонысқа көшіп алыпты.
«Тыңдалмаған сөз жетім» дегендей, айтылған сөзіміздің ескерусіз қалмай, Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембиннің назарына ілігіп, мәселенің оң шешім тапқанына біз де қуандық. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді қаперіне алып, жұртына жанашырлық ете білген облыс әкіміне «Алаш айнасы» газетінің атынан ризашылығымызды білдіреміз!
Гүлмира Жолтаева, көпбалалы ана:
– Ең бірінші, Аллаға, екінші, жанайқайымды облыс әкіміне жеткізе білген «Алаш айнасы» газетіне алғысым шексіз. Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин, Тараз қаласының әкімі Ілияс Тортаев мырзаларға да алты баламның атынан ризашылығымды білдіремін. Алла еңбектерінің жемісін берсін! Ал ақпарат айдынына шыға сала, халықтың жанашырына айналып, айтылған сөзі жерде қалмай жатқан «Алаш айнасы» газетіне «алдағы уақытта да айтарларыңыз бен жазарларыңыз таусылмасын, әрбір Алаш жанұясының шаңырағынан табылар басылымға айналғайсыздар» дегім келеді.
Жексембин үшемдерге үй берді
Последние статьи автора