Жасөспірімдер, жануарлармен жыныстық қатынасқа түскен: Елімізде порнографиялық фильмдер астыртын сатылуда
Елімізде жасөспірімдердің қатысуымен түсірілген порнографиялық фильмдер астыртын жолмен саудаланып жатыр. Пысықайлар мұндай дискілердің сыртына мүлдем бөлек кинотуындылардың атын жапсырып, бизнес жасауда. Ал арсыз туындылар көрші Ресей мен неміс елдерінен жеткізіліп жатқан көрінеді.
Тек жасөспірімдердің қатысуымен емес, итпен, мысықпен жыныстық қатынасқа түсіп, онысын видеоға түсіретіндер де бар екен. Мұндай сұмдық видеолар базарларда жасырын сатылуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.
Психолог Құбажай Шампетованың сөзінше, жануарлармен жыныстық қатынасқа түсетін адамдардың өзіне сенімі төмен болады.
«Өйткені махаббатсыз. Өзінің еркектігін көрсеткісі келеді. Қызды айналдырып, онымен сөйлесуді, махаббат деген сезімді түсінбейді. Оның махаббат сезімін құруға өресі жетіспейді», - дейді психолог.
Яғни әуестігі адамға емес, жан-жануарға ауып тұратындарды ғылым тілінде зоофилдер дейді. Ал екінші топқа келсек, олар керісінше ешқандай да ауру емес. Бар-жоғы дұрыс емес тәрбиенің құрбандары. Барынша еркіндік беріліп, айтқанын екі етпей, бетін қақпай өсірген бала ертең азамат болып жетілгенде де өзін кез-келген дүниені көруге, түртуге, тиісуге құқылы санайтын көрінеді.
«Ол еркіндікпен өскеннің әсері. Олар еркіндікті қалай түсінеді? Еркіндік деген қалаған затын алу деп түсінеді. Оларға мұны дұрыстап түсіндіру керек. Еркіндік деген – ол жаман іске, жаман нәрсеге бармау. Еркіндік сонда. Адам тазалықпен өссе, таза нәрсемен жүрсе, сонда ғана еркін бола алады», - дейді психолог.
Еркіндік демекші, қазір мұндай бәлелерді көремін, табамын, істеймін дейтіндер үшін түк те қиын емес. Эксперимент үшін интернетке кіріп, әлгі азғын видеоларды әдейі теріп көрдік. Бір ғана сұрауымызға 6 млн 210 мың ұсыныс шықты.
«Біз 2016 жылдың өзінде Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған 33 мың сайтты бұғаттадық! Одан бөлек «ВКонтакте», «Фейсбук» «Инстаграм» секілді танымал әлеуметтік желілердегі парақшалардан 4 жарым мыңға жуық материалды жойдық», - дейді Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров.
Иә, бұл цифрлар әлгі интернет шығарған ұсыныстың жанында түк еместігі белгілі ғой. Ол аздай, азғындар базар біткенге шығарып тағы саудалайды.
«Биылғы жылдың бес айында порнографиялық видео таратуға қатысты 11 іс қозғалды, соның 8-і интернет арқылы болса, жасөспірімдерді тарту бойынша бір іс тергеуде. Жалпы осындай қылмыстық әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 311,312-баптары бойынша қылмыстық жазалар көзделген. Атап айтқанда, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру», - дейді ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділда Ораз.
Жазушы журналист Әділбек Қаба жаһандану заманында есікті тарс жауып, әлемнен бөлек тіршілік ету нонсенс дейді. Мұндайға төтеп берудің бір-ақ жолы бар. Ол – иммунитет қалыптастыру. Яғни ұлттық идеология.
«Бір бейбақ отбасы тәрбиелеп баласын тәрбиелеп шықты. Осының бәрін тәрбиелеп шыққанда, қоғамда қаншама бейбақ болып шықты. Оны айналасында көретін адамдар бар, олар еліктейді. Бір жағынан, біз – өте еліктегіш халықпыз. Сондықтан жаңағыдай дүниелердің арғы жағында осындай кеселдер тұр деп ойлаймын. Осындай кеселдерден құтылу үшін, жәй ғана айтып қойып, ұрандатып, анда-санда шапанымызды киіп шығып, қазақпыз деп емес, кәдімгі біздің салт-дәстүр қандай еді, соны бағдарлама түрінде қайта тірілтіп, ақсақалдан бастап, кішкентай балаға дейін ұлттық менталитетке қайта тәрбиелеу керек», - дейді жазушы-журналист Әділбек Қаба.