Әлемдегі бала атаулының тағдырына бас ауыртатын ЮНИСЕФ-тің зерттеулеріне үңілсеңіз, зәреңіз зәр түбіне жетеді. Сол ұйым бұдан біраз бұрын жанымызды майсыз табаға салып қуырғандай етіп, тағы бір ақиқатты бетімізге басты. Ол не дейсіз ғой. Орта Азия аймағында жасөспірімдердің суициді бойынша Қазақстанның көш бастап келе жатқандығы. Жыл сайын 15-19 жас аралығындағы қыз балалар арасында өткізетін зерттеулер нәтижесі осыны көрсетіпті. Болашағымызға балта шабылып жатқаны жиі айтылғанымен, оған қарсы әрекеттің аздығы тағы аңғарылып қалды. Шындығында, мамандар айтса айтқандай. Жұдырықтай ұл мен қыздың өз өмірлерін қыршын қиюы аза бойыңызды қаза қылғанымен, оның түп төркініне үңіліп жатқан жан сирек.
Мамандар елімізде бұл мәселені түбегейлі зерттеп, зердесінен өткізіп отырған жүйе жоқтығынан дейді. Олардың айтуынша, балалардың өзіне-өзі қол жұмсауы – ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтеріліп, дабыл қағатын мәселе. Өйткені жасөспірімдер суициді бойынша тіркелген сан нақты емес. Ол одан 40 пайызға артық екеніне де сенімді екен. Бұл – Орта Азия елдерімен салыстырғандағы жағдайымыз. Ал дүниежүзі елдерінің арасында да «қалыс» қалып отырғанымыз шамалы. Деректерге жүгінейік...
Шведтердің өзін-өзі өлтіру ісін зерттеу орталығы 15 пен 19 жас аралығында өз-өздеріне қол жұмсап өлуден дүниежүзі бойынша бірінші орында Ресей тұрғандығын хабарлапты. Ресейде жыл сайын шамамен 2500 кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бұл жөнінен АҚШ екінші орында – жылына 1800 бала. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша бірінші орынды Шри-Ланка (100 мың жасөспірімге – 46,55), екінші орынды Қазақстан иеленген (100 мың жасөспірімге – 24,02). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, 2020 жылға қарай жыл сайынғы әлемдегі өзін-өзі өлтіру көрсеткіші қазіргі 1 миллионнан 1,5 миллионға артатын көрінеді.
Жасөспірімдерді жалмап жатқан бұл жайтты саралаудың бірыңғай жүйесінің қалыптаспағандығынан ел ішіндегі әртүрлі құзырлы орынның дерегі әр алуан. Біреу кем, біреу артық айтады. Не де болса бұл – жақсылықтың нышаны емес. Қарағанды облысының балалар құқын қорғау департаментінің мәліметтері жыл сайын бота тірсек бозбала мен он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткендердің өзін-өзі жазым етуі кемімей тұрғанын жасырмайды. Айталық, облыс аймағында кейінгі төрт жыл ішінде 70-ке жуық бала өз өміріне балта шауыпты. 2009 жылы суицид жасауға ұмтылған 51 баланың 18-ін құтқара алмасақ, 2010 жылы 53-тің 28-і қыршын кеткен. 2011 жылы – 19, оның 12-сінен айырылып қалыппыз. Ал былтырғы жылғы 14 жағдайда 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер болса, оның 10 өрімдей қыз-жігіттері өмірмен қош айтысқан.
Әлемде жылына 1 миллионға жуық тағдыр тәрк етілсе, 20 миллионға жуық жұмыр басты пенде өзіне-өзі қол салады екен.
Республика бойынша сараптама жасаған қоғамдық ұйымдар суицидтің басым көпшілігі Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан аймағында деген болжам жасапты. Оңтүстік аймақтар бұдан мүлде ада болмағанымен, басқалармен салыстырмалы түрде қарағанда әлдеқайда аз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалардың суицид жасауына түрткі болатын 800 себепті анықтапты. Оның ішінде жеке өмірдегі кикілжіңдер, үмітсіздік, жауапсыз махаббат, айналасындағылармен түсініспеушілік, жұмыстағы келеңсіздіктер, түртпекке тап болу, қорлық-зомбылық, кемсітушілікке ұшырау, кедейлік, қаражат тапшылығы, жазылмайтын ауру не мүгедектік, секталарда кездесетін фанатизм, психикалық аурулар, рухани азғындық, өзін ешкімге керексіз сезіну, өмірден түңілу, жақын адамынан айырылу, оқшаулану, жалғыздық, жазадан қорқу, жақындарымен сыйыса алмау, торығу, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, үнемі жолы болмаушылық секілді өмірдің қалтарыс-бұлтарысында жиі кездесетін жағдаяттар. Солай дегенмен де өзіне-өзі қол жұмсаудың 40 пайызының себебі жұмбақ күйінде қалатынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да айтып отыр. Алайда психологтер өзіне-өзі қол жұмсайтын адамдардың ақыл-есі кем емес, керісінше, ақылы арнасынан асып жығылатындығына шүбә келтірмейді. Ал Кеңес Одағы кезінде оларды психикасында ақауы бар ретінде қарастырып, тағдырын психотерапевтерге тапсырғаны белгілі. Ол болса – қарапайым ғана психологтың шаруасы. Дәл осы арада мектептегі психологті іздейсіз. Әйткенмен, бала түгіл, өзіміз өмірімізде психологке барып көрмеген басымыз бұл мамандықтың қадір-қасиетін де ұғына алмай-ақ қойдық. Психолог мамандығын алып шыққандар аз емес. Бірақ соларға жұрттың жұмыла жүгінгенін көрсек, көзіміз шықсын. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дейтін «ұстанымымыз» баяғы. Оның үстіне, «келе қойшы, не болып жүр саған?» деп құшағын ашқан психологті де көрмеппіз...
Сондықтан ғалым-психологтер балалардың мінез-құлқына, тәрбиесіне аса ден қоюға үндейді. Әсіресе ақпарат алмасу жедел дамыған, мәліметтер лек-легімен ағылған қазіргі кезеңде балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырудан ұтылып келеміз. «Үйірме, аулалық клубтар, спорттық секциялар толассыз жұмыс істесе, баланың басына қайдағы-жайдағы жағымсыз ойлардың енуіне де уақыт болмас еді» дегенге келіспеске амал жоқ. Шынтуайтында, төрт құбыласын түгел танып болмаған баланың тәрбиесін үйдегі теледидар мен көшеге тапсырып қойдық. Ақыры – асылып өлу, я улану, көпқабатты үйден құлап өлу...
Бибігүл НҰРМАҒАМБЕТОВА, психолог:
– Психолог ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаған жасөспірімдердің 10 пайызы ғана шынайы өлгісі келетіндер, қалған 90 пайызының әрекеті өзіне көмекке шақырған жан дауысы деп біледі. Яғни отбасы, маңайы балаға дер кезінде көңіл аударса, қайғылы оқиғадан аман құтылуға болады. Өзіне-өзі қол жұмсау – түсінбеушіліктен, жалғызсыраудан белең алатын жағдай. Психологке барғанның ешбір сөкеттігі жоқ. Шетелде әрбір отбасының өзінің жанұялық психологі болатынын теледидардан көріп жүрміз емес пе? Өмірдің күрделі кезеңдерінде күйзеліске тап болған адамға білікті психологтің көмегі ауадай қажет.
Жасөспірімдер бұл жалғанмен қоштасуға неге асығады?
Последние статьи автора