Физик ғалым әрі талантты альпинист Әділет Имамбеков өмірден озды. Спортшының мәйіті Хантәңірі шыңынан табылды.
Марқұмның туыстары мен достарының хабарлауынша, қайғылы оқиға өткен сәрсенбі күні таңертең белгілі болған. Хантәңірі шыңының 5300 метр биіктігінде Имамбековтің мәйіті шатыр ішінде табылды. Әзірше оның неден қайтыс болғаны белгісіз. «Әділеттің өліміне ауа райының қолайсыздығы себеп болды ма, басқа жағдайлар ма – бізге еш нәрсе белгісіз. Біздің білетініміз – ол бұл шыңға бір емес, бірнеше рет көтерілген еді. Басқа да биіктіктерді талай бағындырған тәжірибелі альпинист болатын», – дейді оның досы Саят Сатыбалдиев. Әділет Имамбеков 1981 жылы дүниеге келген. Мәскеу физика-техникалық институтын үздік дипломмен тамамдаған ол АҚШ-тағы Гарвард университетінің аспирантурасында білім алды. Осы университетте философиядан РhD докторы ғылыми дәрежесіне жетті. Ол – Гарвардта мұндай атақты қорғаған тұңғыш қазақ. Физика мен математика бойынша бірнеше ғылыми жұмыстың авторы, Йель және Райс университеттерінің профессоры. Оның шыңға өрмелеу спортындағы жетістіктері де бір төбе. Айрықша дарын иесінің сүйегі кеше Алматыға жеткізілді. Ата-анасы мен туыстары, дос-жарандары оны бүгін ақтық сапарға аттандырмақ.