Жаназаға барғанның жаназасын оқыды
Қазір естіртуді де, көңіл айту мен жоқтауды түгелімен әлеуметтік желіге көшірдік. «Ой, бауырымдап», бір-бірін қапсыра құшақтап, өксігін, іштегі шерін сыртқа шығара алмай, ішқұса болып жатқан жұрт көп, - деп жазды Аikyn.kz.
Жақындап кеткенді жалмайтын жаман ауру бұған да мұрша бермей тұр. Бұрын жақынынан айырылған жанға жоқтау да көңіліне демеу болатын еді. Қазір бұл ғұрыпты да мына індет «келмеске» кетіргендей. Амал нешік, сүйекке кіріп, бата оқып, топырақ сала алмай қалдық. Жаназаға жиылып, қайғыға ортақтасқысы келген жұрттың қарасын молайтпау – басты мақсат болып тұр. Қазір бізге әр адамның өмірі қымбат!
Жақынынан айырылу, жанашыр жанды жоғалту, қимас адамымен қоштасу – кім-кімге болса да оңай емес. Амал нешік, қазір әр аймақта, әр өңірде дерттің кесірінен жақынын жоғалтқандар көбейді. Әлем әлемтапырақ күй кешіп тұр. Дегенмен туғанынан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға соңғы сапарға шығарып салма деп айта аламыз ба? Мұндай сәтте не істеген жөн?
Адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Шариғат бойынша, қайтыс болған мұсылмандарды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазы оқу және жерлеу – парыз. Діни басқарма өте қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты мынадай шараларды жүзеге асыру қажеттігін ескерткен еді. Олар: өте қауіпті дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Сондай-ақ қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту керек. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне т.б.) таралмауы үшін марқұмды «мәйітханадан тікелей» зират басына апарып, сол жерде жаназа намазы оқылып, жерлеуге шариғатта рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады дейді. Алайда біз осы нормаларға сай жаназа шығару рәсімін атқарып жатырмыз ба?
Өткенде дінтанушы ұстаз Әбдіғаппар Смановтың жаназасына жүздеген адам қатысты. Карантинге қарамастан, елге сыйлы азаматты ақтық сапарға шығарып салуға барғандардың қарасы қалың көрінді. Оның жаназасынан түсірілген видео желіге тарап кетті. Видеодан «Сарыағаш медресе колледжі» алдында жиылған топ көп. Жергілікті және өзге өңірлерден келген тұрғындар карантинге қарамастан, елге үлгі болған азаматты ақтық сапарға шығарып салу үшін жиылған. Дінтанушы ұстаз Смановты қадірлейтін адамдар өте көп. Соңғы сапарға да құрметпен шығарып салғаны дұрыс шығар. Дегенмен…
Елді жаназаға жиылған жұрттың көптігі де алаңдатқан еді. Жұқпалы дерт жаназаға жиылған жандарға жұқпасына кепілдік бар ма? Мұндай оқиғалар еліміздің түкпір-түкпіріне қылаң беріп қалып жатыр. Жаназаға келмеді деп, өкпелеудің жөні бар ма? Вирусолог дәрігер Батыр Айтжанов: «Бір-бірінің тойы мен жаназасына келмеді деп, халықтың өкпелер жөні жоқ. Халық 2-3 ай бұрын коронавирус барына сенбеп еді, қазір ауырған адам көп. Тіпті, кейбірі көз жұмып жатыр. Төтенше жағдай кезінде вирус қарқыны бәсеңдеп еді, артынша дертті қайта өршітіп алдық. Көрші Қытай шектеу арқылы жағдайын жақсартты, ал «біз адамдардың құқын шектемейміз» деген Швеция амалсыз адамдарды шектеуге мәжбүр болып жатыр» деген еді.
Діни басқарма не дейді? Дертті қалай ауыздықтай аламыз? Қиын сәтте елді сақтаудың жолы бар ма? Біздің бұл сауалымызға найб-мүфти Ершат Оңғар былай дейді: «Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы COVID-19 індеті кезінде жаназа және құдайы ас өткізуге қатысты арнайы мәлімдемесін жариялаған болатын. Брифинг барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин талаптарын қатаң сақтап, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырды. Әрине, біздің халық торқалы той мен топырақты өлімде төбе көрсетуді міндет санайды. Қаншама ғасырлар бойы салтымызға сіңіп кеткен ғұрыптың бірі. Бірақ адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Немқұрайлы қарау – қауіп пен қатерге апарады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға үндеймін. Өйткені бұл індеттің денемізге батпандап кіріп, әбігерге түсіріп, асқынып кетсе, өлімге ұласатынын ұғынатын кез жетті. Ендігі міндет – сақтық шараларын қатаң ұстану. Сақтансаң өзіңді ғана емес, өзгенің де өмірін сақтайсың. Жаныңызда жүрген жақынға жанашырлық танытып, қауіптің бетін сейілтуге сеп болайық. Шама келсе, мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармаған жөн. Қазалы жағдайда жиналушылардың санын 30 адамнан асырмау қажеттігін айтуымыз керек. Сонда ғана алқа секілді бір-біріне жалғасқан індеттің алдын алуға көмектесеміз.
– Жаназаға, асқа бармаңыздар деп айта аламыз ба? Қандай шешім шығарған дұрыс?
– Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз қолдарыңмен өздеріңді өлімге байламаңдар» (әл-Бақара сүресі, 195-аят) деп ескертеді. Ендігі қадам арқаны кеңге жаю емес, Алланың аманатына адалдық таныту. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне болмайтынын қатаң ескерткенін білеміз. Бұл – зәрулік жағдайы. Өйткені сол жиынға барып, ауырып қайтып, кейін Алла сақтасын арты қиындыққа ұласса, кімнен көреміз? Сондықтан Мемлекет басшысы мен Бас санитар қанша айдан бері айтып келе жатқан талап пен тәртіпке бағынуға тиіспіз. Шариғатта қандай да жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде, оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет. Осынау жұқпалы дерттің белгілері анықталып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, бірден ем алуға көшіңіз. Осы ретте ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін білу аса маңызды. Ғалымдарымыз дінді сақтау жолында жүрсе, дәрігерлер олардың тәнін сақтау жолында қызмет етуде. Сондықтан өз өмірін қатерге тігіп, адам жанының арашашысы атанған ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қазір жасыратыны жоқ, халық арасында өлім-жітім көбейді. Имамдарымыз қаралы үйге көңіл айтып, қамыққандардың қасынан табылады. Алайда «жалғыздың үні шықпас» деген, жалғыз имамның даусы қайда жетсін?! «Жаназаға әрі кетсе, 30 адам жиналсын, санитарлық нормаларды сақтаңыздар, маска тақ, мырыш табытты ашпа, мәйітті жума» дегеніне халық құлақ аса қоймайды. Бәрі де жақын-жуығымен қоштасып, бір уыс топырақ салғысы келеді емес пе?! Әсіресе, індеттен қайтқан адамның жаназасында санитарлық талаптар сақталмай, ақыр аяғында имамдарымыздың өздері де сырқаттанып қалып жатқаны жасырын емес. Міне, осы Бас санитар дәрігердің нұсқауын бүгінгі күні Бас қолбасшының бұйрығын орындағандай амал етуіміз керек. Осыған басқа да атқарушы органдар ықпал етсе дейміз.
Осы орайда, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы еліміздің мұсылман қауымын жаназа намазы мен құдайы астарға қатысудың келесідей ережесін сақтауға үндейді:
1. Жаназа намазына қатысты талаптарды орындауға:
– Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына;
– Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға;
– Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына;
– Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға;
Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға;
– Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға;
– Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға;
– Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға;
– Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға;
– Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға;
– Қонақ асын өткізбеуге;
Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге.
2. Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптарды орындауға:
– Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын туыстарымен шектелуге;
– Бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға.
Сонымен қатар осы уақытта берілетін құдайы астарға қатысты мынадай талаптарды ескерген жөн;
– Қайтқан кісіге арнайы дастарқан жаймауға;
– Жаназадан кейінгі астарды мүлде тоқтатуға;
– Марқұмның еске алу күндерін, яғни жетісі, қырқы, жүзі және жылдығы сынды астарды еліміздегі эпидемия жағдайы тұрақталғаннан кейін де өткізуге болатынын ескерген жөн. Алла Тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтағай!
P.S.
«Мен өліп қалсам да, жаназама келмеңдер». Әріптесіміз Айдос Жұқанұлы туыстарына осылай деп жазып еді. Қазір елді сақтаудың жалғыз жолы – осы. Ешкімді де жоғалтқымыз келмейді. Біз үшін маңыздысы – айналамыздағылардың амандығы. Мен, сен, ол – бәрі де аман болсын! Сақтанайықшы!
Гүлзина БЕКТАС