Ресми мәліметтер бойынша қазіргі кезде Қазақстанда көз ауруына шалдыққан 1 млн 220 мыңнан астам зағип жандар бар екен. Оның ішінде 550 мыңнан астамы – мектеп жасындағы балалар. Ал осылардың арасында 20 мың қазақстандық жарық дүниені мүлдем көре алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың айтуынша, елімізде мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау туралы заң бар болғанымен, ол өз деңгейінде орындалып отырған жоқ.
Екінші топтағы зағип-мүгедек Алмас Мырзабеков туылғалы бері жарық дүниені көре алмай өмір кешуде. Бірақ 25 жасқа жеткенше тағдырына налып, ренжіген емес. Дегенмен ол дәл қазіргі дағдарыс мүгедектерге өте ауыр тиіп отырғанын айтады.
– Осы уақытқа дейін әйтеуір ел қатарлы жұмыс істеп, тапқан-таянғанымды бала-шағама жеткізіп жүрдім. Бірақ мына дағдарыс қазір барлық мүгедектерді қиын жағдайға тіреп қойды. Оның үстіне, біздің елде мүгедектерге әлі күнге дейін толық жағдай жасалынбаған. Мүгедек бала тұрмақ, мүгедектікке душар болған жап-жас жігіттер қоғамнан аластатылып тұр. Оның қасында мүгедек балалар мүлдем шетте қалып қалады. Дәрігерлер біздің тәнімізді ғана емдейді, оның өзінде шамалары жеткенше... Ал біздің жанымызды емдейтін, өмірге бейімдейтін, рухымызды көтеретін, бізге құлақ асатын мамандар қайда? Мамандарды қойып, арнаулы оқулықтар, кітаптар қазақ тілінде атымен жоқ. Орыс тілінде ғана табасың, бірақ оның өзінде кітаптар аз. Түкке жетпейтін айлық жәрдемақымен ғана күнелтіп отырмыз. Қалталы адамдардың көпшілігі белгілі бір мерекеде немесе бір жағдай болса болды, бірден жетімдер үйіне, мүгедектер үйіне, қарттар үйіне барып, өздерінше қайырымдылық шараларын өткізеді. Содан кейін бар әлемге жар салып мақтанады келіп... Бұл жетім балаларға, мүгедектерге, қарттарға ауыр тиеді. Жыл бойы қиналғанда бір жан иесі қарамайды, өтініш пен арыздарды қабылдамайды. Келіп өтірік аяған болып, бәріне жар салып кеткен жақсылықтары кімге керек екен? – дейді А.Мырзабеков.
Алматы қаласындағы зағиптар қоғамына қарасты нөмірі бірінші көрпе-жастық тігетін кәсіпорынның директоры Алтынай Ибрагимованың айтуынша, қазір зағиптарға арналған жұмыс орындарының көпшілігі жабылған көрінеді. Мүгедек жандар тек қана мемлекеттен берілетін 7-8 мың теңге көлеміндегі мүгедектік жәрдемақыға қарап отыр. Ол 2005 жылы қабылданған Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау туралы заңның кейбір баптары жүзеге аспай, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары қорғалмай отырғандығын алға тартады.
Алтынай Ибрагимова: «Біріншіден, біз еңбекке қабілетті мүгедектерді түгел жұмыспен қамти алмаймыз. Ал заңда «кез келген кәсіпорын жұмысшыларының 3 пайызын мүгедек жұмысшылар құрауы керек» деп жазылған. Бұл – 100 адам еңбек ететін кәсіпорында үш орын мүгедектерге берілуі керек деген сөз. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу туралы заңда тендерге қатысатын тапсырыстардың 30 пайызын жеңіп алуға құқылымыз. Бұл да дұрыс орындалмайды. Жүзеге аспайды», – дейді ол.
Қалай десек те, жанары суалған жандардың құқығы толық сақталып отырған жоқ. Бұл туралы БАҚ құралдарында талай рет айтылды. Бірақ одан нәтиже қандай? Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылған Қазақстанның өз мүгедектеріне мүмкіншілік жасай алмай отырғаны өкінішті. Ал бұл ретте Германия үкіметі зағиптарға ай сайын 1200 евро жәрдемақы төлеп, коммуналдық төлемдердің барлығынан жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті зағиптар бір-бірімен отау құрса, оларға мемлекет тарапынан баспана да беріледі екен. Ал бізде осындай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» күн қашан келеді екен? Әлде оған жету үшін 2030 жылды күтуіміз керек пе?
Гүлмира ҚАЙЫРҒАЗЫҚЫЗЫ, Шығыс Қазақстан облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры:
– Елімізде көру қабілетінен айырылған адамдар үшін нүктелі бедерлі немесе электронды оқулықтарды басып шығаратын бірде-бір баспахана жоқ. Біздің арналған кітапханада 100 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның 50 мыңы нүктелі бедерлі кітап болса, қалғаны дыбыстық оқулықтар. Бірақ кітапханамыз арнаулы оқулықтармен толықпай тұр. Зағиптар үшін шығарылған кітаптар бүгінгі күні Ресейден ғана әкелінеді. Сондықтан кітапсүйер зағип жандар орыс тілінде ғана оқуға мәжбүр. Ал Қазақстанда зағиптарға арналған қазақша кітап шығаруға біздің билік сараңдық танытып отыр.
Алтынай Ибрагимова, Алматы қаласындағы зағиптар қоғамына қарасты №1 көрпе-жастық тігетін кәсіпорынның директоры:
– Дәл қазіргі дағдарыс кезінде жағдайымыз керемет деп айта алмаймыз. Әйтеуір, шамамыз келгенінше жұмыс жасап жатырмыз. Бізде 100-ге таяу азаматтар жұмыс жасайды. Мүгедектердің орташа жалақысы 15 мың мен 30 мыңның аралығында. ІІ топ мүгедектерге мүлдем жағдай жасалынбаған. Қоғамдық көліктерде басқа да жеңілдіктерден олар құр қалып қояды. Зағип жандарды жетектеп жүретіндерге де әкімшілік тарапынан ешқандай көмек жоқ. Ал мұндағы жеңілдіктердің барлығын мемлекет жергілікті әкімшіліктерге тапсырып қойған.