Жаман ауру «жасарып» барады

Жаман ауру «жасарып» барады

Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын қазақ «жаман ауру» деп атын атаудан ат-тонын ала қашатын дертке дауа табылғанымен, әзірге ол оған тосқауыл бола алмай тұр. Дертке қарсы күрес күшейген сайын оның да құрығы ұзарып барады. Қазіргі қатерлі ісіктің беталысы «әкең өлгенді жасырасың, көмгенде қайтесің» дегенге сайып тұр. Бұдан біраз бұрын ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 2030 жылға қарай жаман аурудың шеңгеліне іліккендердің үлесі 75 пайызға өсетінін жалпақ жұртқа жайып салды. Ал ол үлестің қомақты бөлігі дамушы елдердің пешенесіне бұйырады деп болжамын және айтыпты. Соған қарағанда, әлем ғалымдары басын тауға да, тасқа да соғып, дәруін іздеген дерттің әзірге айылын жияр түрі жоқ. Онысымен қоймай, бұл қараң батқыр жаман ауру «жасарып» барады деген пікірлер де айтылып жүр.
Сонымен, мысық табандап келіп, тарпа бас салатын бұл – елімізде өлім-жітімді көбейтіп тұрған екінші сырқат. Өзі аз ғана халықтың көсегесін көгертпейтін дертке елімізде бүгінде 30 мың адам шалдыққаны анықталған. Қазіргі тіркеуде тұрғандардың саны 140 мыңнан асқан. Жыл сайын еліміз­де қатерлі ісіктің кесірінен 17 мың адам көз жұмады. Оның 45 пайызы – еңбекке қабілетті азаматтар. Қолда бар деректерге сүйенсек, кейінгі бес жыл ішінде қатерлі ісікке ұшырағандар саны артқан. Мәселен, 2006 жылы аталған дертке шалдыққандар саны 28 мың 573 болса, 2011 жылдың со­ңын­да 30 мың 299 адамға жетіпті. Зерттеушілер аталған көрсеткіштің жыл сайын 5 пайызға өскенін айтып, зар илейді. Ал Қара­ғанды облысында облыстық онколо­гиялық диспансердің тізімінде тұрғандар­дың саны – 18 325 адам. Еліміз бойынша – 5,6- орында. Биыл қатерлі ісіктің өсуі ин­дус­триялы өңірде 0,5 пайызды көр­сетіпті. Соның ішінде қатерлі ісіктің ас­қынған стадиясы Балқаш, Қарағанды, Те­мір­тау, Приозерск қалаларында көрініс табуда. Ал төрткіл дүниеде аталмыш дерт­ке жыл сайын Жаратқанның 10 млн жұ­мыр­басты пендесі шалдығып, оның 8 миллионы бақилық болады екен. Бұл – әлем­дегі адам өлім-жітімінің 13 пайызы.
Сәбиде нең бар, сұрқия-сырқат!
Белі бесіктен шықпай жатып-ақ қатерлі ісік қармағына түсірген сәбилеріміздің саны елімізде 1289 екен. Олар қан жүйесі, сүйектер мен жұмсақ тіндері, орталық жүй­ке жүйесі ісік ауруларынан жапа шегу­де. 2012-2016 жылдарға арналған он­ко­ло­гиялық көмекті күшейту бағдарла­ма­сында елімізде жыл сайын жасы 15-ке толмаған 350-400 бала қатерлі ісікке шал­дығатындығы айтылған. Қатерлі ісік деген диагнозбен Оңтүстік Қазақстан облысында – 208 бала, Алматы облысында – 142, Қызылордада– 107, Қарағандыда – 96, Шығыс Қазақстан облысында – 98, Алма­тыда – 111, Астана қаласында 80 бала тіркеуде тұрғандығы туралы дерек те бар. Қарағанды аймағында қатерлі ісікпен тіркелген балалардың көпшілігінде бұл дерті туа біткенін айтады, яғни ананың құрсағында жатқан эмбрион кезінде-ақ дене құрылысында кететін қателіктер салдарынан пайда болады. Биылдың өзінде жарық дүние есігін ашқан екі сәбиде қатерлі ісік анықталған. Тағы бір себеп – тұқымқуалаушылық. Бұл күні облыстық онкологиялық диспансерде тізімде тұрған балалардың 70 пайызына бүйрек қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. «Егер бала­ның сырқатын ерте анықтаса, оның құлан­таза айығып кетуіне де үміт зор», – дейді онколог-дәрігерлер. Бұл – ұлтымыз ұлы құн­дылықтардың бірі санайтын бала­лардың жағдайы. Ал олардың аналарының халі нешік? Мәліметтер «мәз емес» дейді.
Сүт безі ісігі де «жасарып» келе ме?
Деректер әйелдер арасында сүт бездері ісігінің де көп тарап және жасарып бара жатқанын көлденең тартады. Дәлірек айтсақ, әйелдер арасында орын алған қатерлі ісік аурының ішінде сүт бездерінің ісігі елімізде 21,4 пайызды қамтып отыр. Қатерлі сырқаттың салдарынан ауруға шалдыққан 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасатын көрінеді. Одан кейінгі орынды тері ісігі иемденген. Ол пайызға шаққанда – 11,6. Жатыр мой­нының ісігі де осал емес 8,8 пайызды құ­рапты. Сондықтан дәрігерлер қазіргі таңда қатерлі ісіктің алдын алу үішн 40 жасқа дейінгі қыз-келіншектерді ультрадыбыстық тексеруден өткізуде.
Өйткені, мамандардың айтуынша, бұл дертке шалдыққандар алғашқы кезде өзі­нің сырқат екенін сезбеуі мүмкін. Себебі ол адамды бірден әбігерге салып ауырт­пайды, сыр білдірмейді. Сөйтіп жүргенде, ауруды асқындырып алуы әбден мүмкін. Дәрігерлер сырқат неғұрлым ерте анық­талса, соғұрлым оны емдеу мүмкіндігі де молая түсетінін айтып бағуда. 2007 жылы ДДСҰ 1,5 млн нәзік жанды қатерлі ісікке шалдыққан деген деректі мәлім еткен. Сонымен бірге бұл ұйым егер тиісті көлемде қатерлі ісіктің алдын алып, оған ден қой­маса, 2005-2015 жылдар кезеңінде бұл дерттен 84 млн адам көз жұмады дейді.
Демек, ерте анықтау оған жасар емнің шипасын арттыра түспек. Әйткенмен, әлгі бір анекдотта «неміс «ауырайын деп тұр­мын», орыс «ауырып тұрмын», қазақ «ауыр­ған едім» деп айтылғандай біздің жұрт­тың жайбасарлығы да сорына сор жамап тұр.
Мұратхан ЖҰМАҚАСОВ, медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансердің директоры:
– Қатерлі ісік ауруы жасарып келеді деген дерек бізде жоқ. Біздің аймақта бұл өзгеріссіз. Өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда айтарлықтай өзгерістер бола қойған жоқ. Айталық, қатерлі ісік биыл 100 мың адамға 115,1-115,5 адамнан бо­лып отыр. Сәбилер арасында да – сон­дай. Көрсеткіш қалыпты. Тіркеуде – 96 бала. Олардың көпшілігінде қатерлі ісік туа пайда болуда. Баланың сырқаты ер­те анықталса, сәбидің жазылып кету мүмкіндігі де жоғары. Жүйелі түрде ем алса, балалар аурудан сауығып кетеді.
Дауасыз дерттің шипасы бар... ма?
Ғаламторға жүгінсеңіз, «қатерлі ісікке қарсы анадай дәрі, мынадай дәрмек табылды» деген дақпырт аз емес. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік – ол бір Ал­ла­ға ғана аян. Дегенмен қарағандылық ғалым­дар ойлап тапқан «Арглабин» пре­па­раты­ның қатерлі ісікті емдеуде тиімді­лігін әлем мойындағанын атап өткен жөн. «Арглабин» – Арқадағы жусаннан жасалатын дәрі. Жусанның 1000 түрі болса, тек соның біреуінің ғана қатерлі ісікке қарсы тұрар қуаты бар екен.
«Арглабиннің» тиімділігін Н.Блохин атындағы Ресейдің онкологиялық ғылыми орталығы да айғақтауда. Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 20 адамға жүргізілген емханалық сынақ дәрінің ісік өршуін 20 пайызға төмендететінін көрсетіпті.
Жалпы, 2000-2010 жылдар аралы­ғын­да «Арглабиннің» арқасында 3 мың­нан аса онкологиялық науқас дертіне дәру тапқан. Теңдесі жоқ дәрінің тиімділігі 76 пайызды құрайды. Бүгінде «Арглабин» алу тәсілі шетелдің 11 елінде патенттелген. Қа­терлі ісікке қарсы құрал ретінде Ресей, Қазақ­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз­стан мен Грузияда ресми тіркелген. Елі­міздің барлық онкологиялық аурухана­сында қолданылатын дәріні азуын айға білеген АҚШ та емдік терапиясына енгізіпті. Германия, Ресей, Грузия, Қырғызстанда бауыр, аналық безі, жатыр мойыны, өкпе және сүт безі қатерлі ісіктерін монотерапияда, басқа да химиотерапевтикалық құралдармен емдеуде және сәулелі емдеу терапиясында кең қолданылып отыр. Бір! Екіншіден, әйел адамдарда болатын жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алуға арналған вакцинация бар. Ол 12 жастан бастап, үш рет салынады екен. Сонда атал­ған вакцинация жатыр мойны ісігін екі есе төмендетеді дейді мамандар. Бұл – 20 жылдық зерттеудің тоқ етер түйіндісі. Бірақ ол ақылы. Әйткенмен денсаулықтан асқан байлық жоқ екенін ескерсек, аянып қалу қисынсыз.
Ауырмайтын жол іздеген абзал-ды
Зерттеушілердің сөзіне сенсек, қатерлі ісік ауруы алғашқы сатыларында-ақ анық­талғанда дерттен 100 пайыз айығуға болады. Тек денсаулыққа немкетті көзқарас­тан арылу қажет. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Ай­талық, өкпе қатерлі ісігінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі шегетін 100 адамның 95-інде өкпе рагы пайда болуы мүмкін. Темекінің салдары сонымен қатар қуық қатерлі ісігін де тудырады. Тамақты өте ыстық күйінде ішу де ісіктің пайда болуына ықпал етсе, қақ­тал­ған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты та­мақтардың ақыры да асқазандағы жаман ауруға «құнарлы топырақ» секілді. Бұл – көп себептің бірсыпырасы ғана. Мұндай себептермен ауруға шалдығушылар өте аз: бір-төрт пайызды ғана қамтуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, негізінде урбанизация, ауыр металмен жұмыс істеу сынды өмірлік факторлар түрткі болуда. Ендеше, «сақтансаң, сақтаймын» деген нақыл­дың парқы да осында болса керек. Мұны көкейге мықтап тоқу қажет сияқты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста