Алматыда туған отандасымыз Айя 23 жасында әлемдегі ең үздік әуе компаниясы Qatar Airways-те жолсерік болып жұмыс істейді. Бұған дейін Air Astana-да қызмет еткен ару әлемдік компанияның қиын конкурсынан өтіп, енді саяхаттап, бүкіл әлемді аралау мақсатына қол жеткізген. Жолаушы көзімен жолсеріктердің жұмысы қиын емес көрінеді, дейді Аяй. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында жолсерік болу үшін қандай қабілеттер керек екенін, осы жолдың қиындығы мен артықшылығын, Катардағы өмірі мен елдің тіршілігі жайлы айтып берді.
– Айя, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, осы салаға қызығушылық қалай пайда болды?
– 4-курс соңында тәжірибеден өткен соң, бос уақытым көп болды, жұмыс іздедім. Өзім Алматы Менеджмент университетінде "аймақтану" мамандығын бітірдім. Әу баста қатты саяхаттағым келгендіктен, жолсерік болып қызмет етіп көргім келді. Осы кезде Air Astana-ның хабарландыруын көрдім де, конкурсынан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Air Astana-да жарты жыл істеп жүріп, басқа шетелдік авиакомпанияларға қызығушылық пайда болды: жалақысы жоғарырақ, көп саяхаттай алатындай жұмысқа ауысқым келді. Дәл осы уақытта Qatar Airways ойымда жүрген болатын. Сәті түсіп, Qatar Airways Алматыға келіп, сұхбат өткізді, менде демалыс болғандықтан, барып, өтіп келдім. Сөйтіп, бар-жоғы үш айда құжаттарды жинап, Катарға көшіп кеттім.
– Катар - қазір саяси-экономикалық жағдайға байланысты жабық ел, осындай елге көшу қорқыныш тудырмады ма?
– Катар сияқты елге көшу мен үшін қорқынышты болған жоқ, себебі ол жақта менің достарым болды және олар ел туралы, заңдары жайлы айтып, түсіндіріп берген еді. Былайша айтқанда, қиындықтардың барлығына дайын болдым. Интернеттен Катар жайлы көп мәлімет оқып, көріп және де сол кезде Катар әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарына кіретінін білдім. Сондай-ақ, бұл мұсылман елі болғандықтан, бізге, қазақтарға мұнда тұру жеңілірек деп ойлаймын.
Мұнда көзге көрінетін дене мүшелерін жабуың керек: иық көрінбеуі керек, қысқа белдемше, көйлек киюге болмайды. Қоғамдық орындарға барсаң ғана осылай киінесің. Ал егер қонақ үй, мейрамханаға барсаң, ол жаққа қалай киініп барсаң да, өз еркің.
– Qatar Airways-тегі жұмыс сізге несімен ұнайды? Артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтсеңіз.
– Qatar Airways бес-алты жыл қатарынан әлемдегі ең үздік әуекомпаниясы деген атаққа ие болып келеді. Бұл жерде тынымсыз жұмыс пен еңбекқорлық керек. Осыған қарамастан, жұмысым қатты ұнайды. Барлық континеттерді көрдім деп айта аламын: Африкаға да, Австралия, Бразилияға барып келдім. Басқа әуе компаниялармен мұндай мүмкіндік болмайтын еді.
Бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда әртүрлі ұлт, мәдениет, нәсіл өкілдері жұмыс істейді. Әрбір рейсте жаңа әріптестермен танысасың, олардан тәжірибе аласың. Кейде танысқан әріптестерімнің елін білмей жататын кездер болады. Сол сияқты Қазақстанды да кейбірі білмей жатады. Ал мен оларға елім туралы мәліметтер айтып беремін, сол арқылы рейстен шыққан соң адамда кішкене болсын ел жайлы пікір қалыптасады.
Шетелде жұмыс істегісі келетін адам үшін жеңіл бейімделуге үйрену керек. Егер сен жаңа жерге, нәрсеге тез бейімделсең, түрлі адам, нәсілге тез үйреніп кетесің. Сонымен бірге, адам жаңа нәрсені білуге құмартып, әуес болу керек. Сонда ғана адамдармен тез тіл табысады, ел көруге, тануға, өзін дамытуға дайын болады.
– Көпшілігі Қазақстанның қазба байлықтарын Катармен салыстырып жатады, Қазақстанда да жақсы өмір сүруге барлық жағдай бар екенін айтады. Катарда мемлекет жергілікті тұрғындарына қандай жағдай жасайды?
– Катар әлемдегі ең бай мемелекет болып есептеледі. Халқының 10 пайызы жергілікті арабтар мен 90 пайызы шетелдіктерден тұрады. Жергілікті арабтарға жұмыс істемей-ақ қоюларына болады, оларға мемлекет шамамен 2-5 мың доллар көлемінде ай сайын жәрдемақы беріп отырады. Өздерінің жергілікті тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған.
– Air Astana ұсынған әлеуметтік пакет пен жалақысы Qatar Airways-пен бәсекелесе ала ма?
– Air Astana мен Qatar Airways-тің әлеуметтік пакетінде ешқандай айырмашылық жоқ. Ол жерде де әуе билеттеріне, мейрамхана, дүкендерге жеңілдіктер беріледі, отбасы мүшелерімен саяхаттауға мүмкіндік бар. Екі жерден де берілетін жеңілдіктер бірдей. Жалақы мәселесіне келгенде Qatar Airways-тің жалақысы бес есе жоғары, ал Air Astana-да Қазақстан үшін жалақы мөлшері жақсы деп айтуға болады. Екі елдің жағдайына жалақылары сәйкес келеді деп айтар ем. Катарда жалақы жоғары болғанымен, қымбат ел, шығыны да көп.
– Жолсерік болудың басты қиындығы неде?
– Жолсерік қызметіндегі ең қиын кезең енді ғана әуе компаниясына жұмысқа тұрғанда болады.
Тренингтер. Бұл кезде сені екі айлық тренингтен өтуге жібереді. Онда жаттайтын материалдар өте көп, үлкен кітаптарды күні-түні жаттап, теориялық, практикалық емтихандарды тапсырасың. Ұшақтың, есіктің түрлері сияқты мәліметтерді, ұшақ ішіндегі құтқару жабдықтары, оларды тексеру және қолдану жолдары, жолаушы өзін жайсыз сезінсе, не істеу керек, алғашқы көмек көрсету, қызмет көрсету, өрт сөндіру, өзін-өзі қорғау курстарын өтеміз. Осы екі ай cынақты көбі толық өте алмайды, шыдамай, жылап, тастап кетіп жатады. Соңына дейін қалғандар емтихан тапсырады, одан өтсе ғана жұмысқа қабылданады.
Жұмыстың өзі оңай емес. Мәселен, біз бір айда 10-15 рейске шығамыз. Бұл организмге кері әсерін тигізеді, биіктікте ұшу адамға қалыпты емес, сондықтан денсаулыққа зиян, одан бөлек, басың, аяғың, арқаң ауырады.
Сағаттық белдеулердің жиі ауысуы. Менің бір жақсы қасиетім, тез оянып, тез тұрамын, кез-келген уақытта ұйықтай аламын. Кей адамдар бұлай жүре алмайды: ұйықтататын дәрі ішіп, кейде түні бойы ұйықтай алмай жатады. Ондай кезде таңертең рейске ұйқылы ояу болып барады, бұл да дұрыс емес, себебі жұмысқа энергия қажет.
Көп адам жұмыс өте жеңіл шығар деп ойлайды. Жолаушы болған кезімде, мен де осылай ойлатынмын. Негізінен істейтін жұмыс өте көп. Әрине, жұмыс істейтін әуе компаниясына да байланысты. Жолаушылар жолсеріктерінің рейске дейінгі, рейстен кейінгі жұмысын көрмейді, сондықтан жеңіл деп ойлайды.
Ұзақ рейстер. 14-16 сағаттық рейстер болады. Олар жолсеріктер үшін ауыр. Мысалы, жолаушылардың өздері мұндай ұзақ рейстен шаршайтыны сияқты, жолсеріктер он есе шаршайды. Себебі біз жатып демалмаймыз, аяқ іседі, арқаң ауырады және де рейс бойы жұмыс істейсің. Осы орайда, жолсерік болып жас кезде жұмыс істеу керек деп айтар едім. Организмің жас кезде бұған шыдай аласың, ал 30-45 жастағы жолсеріктер үшін организм жас болмағандықтан, ауырлау.
Алдын ала жоспар құра алмау. Ростер (жолсеріктердің рейстер жоспары) тек келесі айға ғана шығып отырады. Екі-үш айда не болатынын, білмейміз. Анамның, құрбымның туған күніне баруды қаласам да, бара алмаймыз, мейрамдарды атап өтпейміз. Денсаулығыңа байланысты ғана рейске шықпай қалуға болады.
– Осы бағытта жұмыс істегісі келетіндерде қандай қасиет болуы керек?
– Жолсерік болу үшін ешқандай арнайы мамандық бітіру қажет емес, ҰБТ-да да оқушылар кез-келген пәнді таңдай алады, мұнда диплом, мамандық маңызды емес.
Ең бастысы, жасыңыз 18-ден жоғары болуы керек. Ал одан кейін әрбір әуе компаниясының өзінің шарттары болады.
Мәселен, Air Astana-ға жұмысқа кіру үшін жасыңыз 18-ден жоғары болуы тиіс, одан бөлек: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген болуыңыз шарт. Қабырғадағы 208 см деген белгіге қолыңыздың ұшы жетуі тиіс. Егер сенің бойың жетсе, қабылданасың, жетпесе үйге қайтарып жібереді. Бойды тексерген соң, сабырлылықты, келбеттілікке мән береді. Сөйлеген сөздің түсінікті болуын тексереді. Брекет тағуға тыйым салынады, терінің тазалығына назар аударады. Қызмет көрсету саласында, шетелдік компаниялардағы жұмыс пен тәжірибең болса, артықшылық боп есептеледі. Сондай-ақ, тілдерге мән беріледі. Бойында сабырлылық, ашық болу, адамдармен тілдесе білу сияқты қасиеттер болуы тиіс.
Жолсерік үшін басты қабілеттердің бірі - жүзе алу. Кейде ұшақ суға қонуға мәжбүр болған. Жолсеріктер адамдарды тек құрлықта ғана емес, суда да эвакуациялай алуы тиіс. Тренингтерде біз соның бәрін практика жүзінде өтеміз: ұшақ апаты жағдайында түрлі ситуацияларды қолдан жасап, бізді осындайға дайындайды. Судың үстінде жилет киіп бірімізді біріміз құтқарып, тәжірибеден өтеміз.
Емтихан біткен соң осы материалды күнде қайталап отыру керек. Әр рейсің алдында брифингте жолсеріктер мен ұшқыштарда алдағы ұшу жоспары мен онда болуы мүмкін қиындықтар, қандай жолаушылар болатындығы, турбуленттілік күтіле ме, рейстің басқа да ерекшеліктері талқыланады. Одан кейін біздің білімімізді тексеріп, сауалнама жүргізеді: қызмет көрсету, медицианалық көмек беру, ұшу кезіндегі қауіпсіздігі жайлы сұрақтар қойылады. Егер осы сұрақтарға жауап бере алмасаң, онда осы уақытқа дейін жаттаған кітаптарыңнан кез келген сұрақ қоюы мүмкін, сен осыған дайын болуың керек. Ал енді бұл сұраққа да жауап бере алмасаң, сені рейске жібермейді.
Авиация саласы күрделі болғандықтан, жолсерік дайындықсыз келсе, қауіпті, апаттық жағдайда жолаушыны құтқара алмайды деген сөз. Сондықтан жеке басым әрбір брифингке, сұрақтарға жауаптылықпен қараймын, рейстің алдында білетінімді қайталап, дайындаламын.
– Тренингтен өтпей қалғандарға оны қайта тапсыруға мүмкіндік бар ма?
– Емтиханнан құласаң, оны екінші рет тапсыруға мүмкіндік береді. Әрине, адамның құлшынысына қарайды, егер қалауы бар екенін көрсе, үшінші рет тапсыруға да жол беруі мүмкін.
Тренингті әркім әртүрлі қабылдайды, кейбір адамдарға өте оңай болуы мүмкін, енді біреуге қиын болады. Мұндай тренингті екі рет өткендіктен және бала кезден оқуға ерекше жауаптылықпен қарағандықтан, мен үшін ақпаратты оқу, жаттау қиын болған жоқ. Және ең бастысы ағылшын тілінің деңгейі осы мәліметтерді түсіну мен жаттауда үлкен қолғабыс етеді. Неғұрлым деңгейің жоғары болса, соғұрлым оқу да жеңіл болады. Әрине, бәріне бірдей емес, қабылдауға да байланысты.
Тренингтер көп адамға стресс екенін айтқан жөн. Бірінші рет шетелге шығып, бірден көп ақпаратты оқып, жаттау кейбір адамға ауыр болады. Отбасын сағынып, оқи алмай, қайтып кеткендерді көрдім. Меніңше, адамға мұндай жағдайға психологиялық тұрғыда дайын болып келу керек.
Осындай кей кемшіліктерге қарамастан, еңбектің бәрін жұмысың ақтайды. Ешбір жерде бұл жұмыстағыдай үлкен тәжірибе жинай алмайсың, бүкіл әлемді шарлай алмайсың: аяғың, арқаң ауыруы, ұйқың қанбауы мұндай тәжірибенің алдында түкке тұрғысыз.
– Жолсерік ретінде болашақта да жұмыс істегіңіз келе ме?
– Алдағы уақытта осы салада бірнеше жыл қызмет етемін деп ойлаймын, бірақ бұл менің өмірімдегі жалғыз әрі соңғы мамандық болып қалмайды, өмір бойы осы жолда жұмыс істегім келеді деп айта алмаймын. Әзірге, жұмысым өзіме ұнайды және әлі де ел көріп, саяхаттағым келеді.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА