Отандық журналист Нұрсейіт Жылқышыбай мен блогер Дәулет Төлеутай пікір-таласқа түсті. Бағдарламаны бірінде Нұрсейіт әріптесін халықты қанап жатыр, сол арқылы өзіне жарнама жасап жүр деп айыптады.
Бұл туралы "Кел, татуласайық" бағдарламасында айтылды.
Нұрсейіт Жылқышыбай халық атынан қор құрып, халықтың ақшасына қайырымдылық жасайтын танымал тұлғаларды сынға алды. Оның ішінде Дәулет Төлеутайды атады. Оның пікірінше, онсыз да ақшасы аз халыққа күш салу өте ұят дүние.
"Қазір танымал жандар арасында халықтың есебінен абырой жинау сәнге айналды. Мәселен, біреу жетім-жесірге көмектеседі. Оны желіде жариялайды. Солай өзіне абырой жинағысы келеді. Сондай-ақ халықтың ақшасына қор құрады. Солай жиналған ақшаны қайырымдылыққа жұмсайды. Өзіне жақсы ат табады. Қайырымдылықты жария етпей-ақ жасаса болмай ма? Не үшін біреуге жасаған жақсылығын жария етеді? Жақсылықты құдайдан сауап тілеп жасамайсың ба, елге жақсы көріну үшін емес", - дейді Нұрсейіт.
Алайда Дәулет Төлеутайдың өз айтары бар. Ол халықтың ақшасы болғандықтан халық алдында есеп беруге міндеттімін деп есептейді.
"Бұл менің қалтамнан шығып жатқан ақша емес. Егер мен өз атымнан қайырымдылық жасасам, ол үшін оқырмандар алдында есеп бермеймін. Бұл халықтың ақшасы болғандықтан, қай тиынның қалай жұмсалғанын айтып отыруға міндеттімін. Оның сұрауы бар. Менен де күніне қанша оқырман есеп сұрап отырады. Бұл жерде өзін жарнамалау мен садақаны жария ету басқа, есеп беру басқа. Біреуге жақсылық жасасаң да көре алмайтын адамдар бар", - деді Дәулет.
Оның сөзін тележүргізуші Жанат Бақыт та қолдады. Алайда Нұрсейіт Жылқышыбай халықтың қол жайып ақша сұрауына өзіміз себепшіміз дегенді айтты.
"Бірнәрсе болса, көпшілік қол жайып қайыр сұрайды. Соған үйреніп алған. Ал, әнші-жыршылар оларға жасаған жақсылығын жария етіп әлек. Мен де малмен айналысамын. Бірақ оның бәрін жариялап жатқан жоқпын. Атын атамай-ақ қояйын, бірқатар танымал кәсіпкерлер бар біреуге жасаған көмегін көрсетіп отырады. Сойған малын суретке түсіріп жариялайды. Халық онсыз да аспирин мен парацетамолға ақша таппай отыр", - деді ол.
Айта кетейік, Дәулет Төлеутай Айнұр Тұрсынбаеваның ісін жалғастырып, оқырмандарының жиған қаражатына біршама тыныс алу аппараты сатып алып елге таратқан еді.