Вандалдар ҮАААЖ бойындағы 200-ден аса шудан қорғайтын бөгетті қиратқан
Жаңа ҮАААЖ бойында 200-ден аса шудан қорғайтын бөгет (экран) қираған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Tengrinews.kz"-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы "БАКАД инвестиции и операции" басқарушы компаниясы хабарлады.
ҮАААЖ ресми ашылғанға дейін Алматыдағы автобан бойында орналасқан елді мекендердің - бұл Елтай, Ақсеңгір, Түймебаев және Райымбек ауылдарының тұрғындары экрандардың әйнек бөліктерін сындырғаны айтылған. Құрылысшылар бүлінген құрылымдарды ауыстыруға мәжбүр болған.
"16 маусымға дейін 231 әйнек сынған. Олардың орнына жаңасы орнатылды", - деп хабарлады "БАКАД инвестиции и операции" ЖШС.
Айта кету керек, жол бойында тұратын адамдарға автокөлік қозғалысының әсерін азайту мақсатында ҮАААЖ бойына шудан қорғайтын бөгеттер орнатылған.
Еске салайық, Үлкен Алматы айналма авто жолы (ҮАААЖ) 16 маусымнан бастап көлік қозғалысы үшін ашылған болатын.