Ұрпақты тәрбиелеуші – ұстаз. Ұстаз деген ұлы құрметке лайықты. Мұны Бауыржан Момышұлы да айтқан. Көсемді де, шешенді де, батырды да, асылды да тәрбиелейтін мұғалімдердің кеңсе қызметкеріне айналып бара жатқаны соңғы уақытта жиі айтылуда. Десек те, мұғалімдер қауымын қағазбастылықтан құтқару әзірге мүмкін болмай тұр. Бүгінгінің ұстаздары шәкірт тәрбиелеумен емес, құжат толтырумен айналысады. Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесіне өзгерістер мен жаңалықтар енгізсе де, еліміздегі білім ордалары заманауи білім беру жүйесіне көшсе де, қағазбастылыққа тосқауыл жоқ.
Мұғалімнің міндеті қандай?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та: «Мұғалім мен дәрігер қағазбастылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін», – деп қадап айтқан болатын. Бұл мәселенің жиі қозғалып, таласқа түсетіні де сондықтан. Мұғалімдердің қағазбастылығы өткен жылғы мұғалімдердің тамыз кеңесінде тағы да көтерілген болатын. Тамыз кеңесіне қатысушыларға арнайы хат жолдаған Маңғыстау облысының ардагер ұстаздары мұғалімдердің қағазбастылығы мен мектепке келетін тексерулерді азайтуды ұсынған. Расында да, бір оқу жылында мектептерге бірнеше тексеру комиссиясы келіп-кетеді. Олардың мектепке ат басын бұрғанынан пайда бар ма? Тек мұғалімдердің сол комиссияға қажетті құжаттарды әзірлеп, күні-түні қағаз толтырып әбігер болатыны болмаса. Мұғалімнің басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру болғанымен, олардың қосымша атқаратын қызметтері шаш-етектен. Мәселен, оқушының жеке картасы, мұғалімнің сапалық құрамы, оқушылардың келіп-кетуі, олардың жазғы демалыста қайда демалатыны туралы есептер дайындау, 0-18 жас аралығындағы балаларды есепке алу мақсатында үй аралау, т.б. Мұғалімдерге міндеттелген күнделікті сабақ жоспары, жас мамандарға қатысты есеп, апталық іс-шаралар, тоқсан соңында табель толтыру, күндік, айлық, тоқсандық, жылдық есептерге сан жетпейді. Сабақтың мақсаты мен міндетін көрсететін күнтізбелік жоспары тағы бар. Міне, осындай сансыз қағазға бас қатырған мұғалімнен тәрбие алған оқушыдан сапалы білімді қалай талап етпекпіз? Тіпті, кейбір мұғалімдердің бітіре алмай жатқан есептерін оқушыларға да тапсырып қоятыны жиі кездеседі. Содан кейін ҰБТ кезінде төмен нәтиже көрсеткен оқушының білім сапасын сынға алып, қажетсіз қағаз толтырумен уақыт өткізген мұғалімдерді кінәлаушылар аузын айға білейді.
Үкімет мемлекеттік бағдарламалар арқылы мектеп, балабақша сынды білім беру нысандарын көптеп салуда. Ал сол мектептердің мұғалімі балаға білім берумен емес, құзыретті органдарға тиісті құжаттарын тапсырып, есебін өткізуге бар уақыты мен күшін жұмсайтынын кез келген ұстаз айтудан жалықпайды. Білім және ғылым министрлігі балалардың білім алуын емес, құжаттарының түгел болуын ғана қадағалап отырғаны ма? Министрліктегі шенеуніктер мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту үшін барлық мектептер компьютерлендірілді деп ақталып, мәселенің мәнісін ұғынудан ат-тондарын ала қашады. Иә, Білім министрлігі еліміздегі білім беру нысандарына электронды оқыту жүйесін енгізген болатын. Дәл осы жүйе мұғалімдерді қағазбастылықтан босатады деп күткендер көп болған. Алайда «e-learning» жүйесінен еш қайыр болмады. Мұғалімдердің мойнындағы жүкті азайтады деп күткен жүйе олардың жұмысын екі есеге арттырған сыңайлы. Бұрын қағаз жүзінде ғана әзірленетін құжаттардың енді электронды нұсқасын да дайындау міндеті жүктелді ұстаздар қауымына. Әрине, заманауи технология, интернет желісі, электронды білім беру жүйесі дегеннің бәрі қазіргі заманның талабы. Десек те, қағаз толтыру, есеп-қисап, білім беруді бір сәтте электронды жүйеге көшіру мүмкін емес. «Шаш ал десе бас алатын» министрлік тағы да мәселені шешеміз деп, одан ары күрделендіріп жібергендерін өздері де түсінбейтін секілді.
Тексеріс келді дегенше...
Қанша сынға ұшыраса да, мінін түзей алмай келе жатқан білім жүйесіндегі олқылықтарға қазір мұғалімдер де көндіккен. Көбіне қазір сабақ беруді, балаларды оқытуды жайына қалдырып, қағаз толтырумен ғана айналысуға машықтанып алған. Мектептің басты міндеті – білім беру. Ал оны жүзеге асыратын мұғалімдер. Оларға бұл міндетті орындауға мүмкіндік бермей жүрген құзырлы мекемелерге қажеті мұғалімдердің көз майын тауысып отырып балаға үйреткені емес, әлгі нұсқау бойынша арнайы дайындалған «өтірікке толы» қағаздары сияқты. Мектепке тексеру келе қалса, ең алдымен, сол тізім бойынша берілген қағаздарды тексереді. Ал қағазы түгел болмаған мұғалім «біліксіз маман» атанады. Оның ұзақ жылдық тәжірибесі де, білімі мен білігі де ескерілмейді. Себебі жоғарыдан қойылған талап сондай. Оған бағынбасқа амал жоқ. Қазіргі уақытта қағазсыз ұстаз қадірсіз ұстазға айналды. Қағаз толтыра білу – қазір ұстаздың біліктілігі мен жоғары санатты екендігін айқындайтын көрсеткіш. Бүгінде мұғалім деген мамандықтың қадірін қашырған да дәл осы қағазбастылық. Қағаз толтырудан шаршаған ұстаздар осы мамандықты таңдағанына өкінеді және өзінің балалары мен туған-туыстарына мұғалім болудың қажеті жоқ деп ескертетіні де бесенеден белгілі. Осылай жалғаса берер болса, таяуда елімізде мұғалімдікке күштеп тағайындау орын алуы ықтимал.
Әлемде ғылым мен технология қарыштап дамып жатқанда, біздің еліміз әлі де қағазға көміліп, түрлі сала қызметкерлері құжат толтырумен алтын уақытын қор етуде. Бар салада да қағазбастылық қарыштап дамып тұр. Қағазбастылықтан арыла алмай келе жатқан елдің дамыған елдер қатарынан көрінуге талпынуы да қисынсыз секілді. Егер дәл осы қағазбастылық қоғамда орын алып жатқан түйткілді мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп жатса, қуанар едік. Алайда одан барлық сала қызметкерлері тек жапа шегіп отыр емес пе? Тіпті, қағазбастылықтың соңы бір бүйірлеп жемқорлыққа жол ашып жатқан сияқты.
Балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университет мұғалімдері қазір білім берумен емес, есеп дайындаумен айналысады. Мұғалімдердің сапалы қызмет етуіне кедергі келтіретін қағазбастылықтан арылу туралы Елбасы Үкіметке былай деген болатын: «Біз әкімшілік реформаны жүргізудеміз. Бұл қажет емес қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Бүгінде әкім жұмысын бағалау миллиондаған құжатқа айналды. Мен Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктерінде қанша құжат айналымы болып жатқандығы туралы айтқан болатынмын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Осы қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр. Үкімет аппараты Президент аппаратымен бірге осы бағытта жұмыс істеуі қажет». Дегенмен, қызметкерлерді әбігерге салатын құжат айналымы әлі де толастар емес. Мемлекет басшысының сөзінен кейін Білім және ғылым министрлігі бір нәтиже көрсетуі тиіс емес пе еді? Бірақ министрліктегілердің «барлық мектептерді компьютерлендірдік» дегеннен басқа қолданған шарасы естіле қойған жоқ. Ал шенеуніктер қағазбастылықтан арылатын күн алыс емес деп сендіруден әрі аса алмай жүр.
Қағазсыз күніміз жоқ па?
Мұғалімдерді қағазбастылық әбден қажытты. Осы орайда мұғалімдердің біразына сауал тастап көрген едік. Бірі жауап беруден қашса, жауап бергендері аты-жөнін немесе мектебінің нөмірін айтудан бас тартты. Бір байқағанымыз, мұғалімдердің бәрі де білім беру жүйесіндегі бұл олқылықтың жуық арада қалпына келетініне сенуден қалған.
Ғалияш Әбітаева, математика пәнінің мұғалімі:
– Біз жақында ғана кезекті аттестациядан өттік. Аттестацияға бір ай бұрын дайындалдық. Барлық папкаларымызды, есептерімізді, шығармашылық жұмыстарымызды, оқушылардың жеке портфолиоларын, көрнекіліктерімізді, баспасөзге шыққан мақалаларымызды, сабақ жоспарымызды алдын ала әзірледік. Күні-түні қағаздан бас алмай отырып, жұмыс істедік. Бар уақытымызды да сол қағаздарды әзірлеуге жұмсадық. Ал қағаздарымыз дұрыс болмаса, тағы да болмайды. Оған біздің қаншама күшіміз, уақытымыз, қаржымыз кетті. Сол құжаттардың соңында жүреміз деп, оқушыларға назар да салмадық. Қазір бізге оқушылардың білім деңгейі емес, қағаздарымызды түгендеу маңыздырақ болып алған. Олай етпеске амалымыз жоқ. Жоғарыдан қойылатын талап сондай. Осы талаптың әсерінен аттестациялау кезінде тест тапсырған 4,9,11-сынып оқушылары төмен көрсеткіш көрсетті. Оған енді оқушыларды қайтіп кінәлаймыз?
Оразкүл Қалдыбекова, бастауыш сынып мұғалімі:
– Қазір барлығын электронды жүйеге көшіруде. Бірақ одан қандай пайда болатынын мен түсіне алмадым. Жұмысымызды екі есе көбейтіп жатыр. Бұрын қағаз түрінде ғана тапсыратын есептеріміздің енді электронды нұсқасын да көтеріп жүруіміз керек. Электронды оқыту жүйесі де бізді қағазбастылықтан құтқара алмады. Алатын жалақымыздың тең жартысы да осы қағаздарымызды әзірлеуге кетеді. Мұның не қажеті бар? Тексеру келгенде ғана сөреден шығаратын қағаздар оқушыға білім бола ма? Біз осыны жоғары жаққа айтып түсіндіре алмай жүрміз.
Жәмилә Іргеева, мұғалім:
– Мұғалімдердің өзінен де кінә бар. Барлығын уақытында істесек, мұнша сабылмас едік. Дәл тексеру келеді деген кезде ғана қағаздарымызды түгендей бастаймыз. Оған дейін қағаздарымызды реттеп, әзірлеп жүрсек болады ғой. Ал біз аз ғана уақыт қалғанда барлық есептерімізді жазып, сосын «біздің барлық уақытымыз қағаз толтырумен өтеді» деп шағымданамыз. Қазір қағазбастылық барлық қызмет саласында бар. Бүгінгі таңда мұғалім де, дәрігер де кеңсе қызметкері сияқты. Таңнан кешке дейін қағаз көтеріп жүреді. Бірақ барлығын өз уақытымен жасасақ, бәрін де ретке келтіруге болады.