Белгілі журналист тоқырау заманындағы ауыртпалықтарды көтере алмай, отбасын асырау үшін жеңіл жүріске салынған келіншектің оқиғасымен кітап жазып шығарды. Кітап авторы Нұрсейіт Жылқышыбайдың айтуынша, бұл туынды 90-шы жылдардан кейінгі қазақ әйелдерінің тыныс-тіршілігінен хабар береді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Басты кейіпкер – 18 жасынан бастап жеңіл жүріске салынған әйел. Ол отбасын асырау үшін тәнін сатуға көшеді. Кейін ел астанасы ауысқан шақта елордаға қоныс аударып, шымкенттік лауазымды тұлғаға күйеуге шығады.
Оның қалталы адаммен тұрмыс құруына да жеңіл жүрісті қыздар арасында танымал болғаны әсер еткен.
Алайда, кейіпкердің бұдан кейінгі өмірі осы саладан алшақтап кетпеген. Өзінен он жас кіші күйеуінен ол дүниеге үш қыз әкеледі.
Өкінішке қарай, кейіпкердің қыздары да абыройсыздыққа ұшыраған. Үлкен қызы Біріккен Араб Әмірліктерінде жеңіл жүріске салынса, ортаншы қызы депутатқа тұрмысқа шығады. Бірақ әйелінің өзіне дейін де басқалармен төсектес болғанын естіген ол дереу ажырасып кеткен. Үшінші қызы да еліміздің батыс облысына тұрмысқа шығып, анасы мен әпкелерінің тағдырын қайталайды.
«Бұл кітапты жазу арқылы 90-шы жылдардағы проблемадан бөлек, қазақтың тектілігі жоғалып бара жатқанын айтқым келді. Өйткені, тектіден текті, тексізден тексіз туатыны дәлелдеуді қажет етпейтін нәрсе. Қазір бізде «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз айтылмай қалды. Сүйген жарының алдында адал болмай, пәктікті сатып алып жатқан қаншама қаракөздеріміз бар?! Бұл біздің болашақ ұрпағымызға да әсер етеді. Кітаптың тілі жеңіл болғанымен, өте ауыр дүниелерді өзек етіп отыр. Осы кітап арқылы жеңіл жолға салынған талай қазақ қыздарының тағдырына көз жүгірттім. Басты кейіпкерімнің өзі шынайы өмірден алынған. Ол өзінің өткен өмірі балаларының алдына келгенін қынжыла айтады. Тектіліктің өте асыл қасиет екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, қыздың дұрыс болуы 70 пайыз анаға байланысты», - дейді Нұрсейіт.