Бүгінде Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты ауыл тұрғындары ұрлықтан әбден мезі болды. Тіпті есік алдынан жоғалған бірлі-жарым дүниесі үшін полиция шақырып әуре болмайтын да болды. Себебі полиция қызметкерлеріне деген сенімдері жоғалған. Бүгінде олардың бар міндеті ұры түскен үйдің иесінен арыз жаздырып алу ғана секілді. Себебі одан кейінгі істің жалғасы – «су аяғы құрдым». Осыны білген ұрылар тіпті бір үйді бірнеше рет тонап, күн өткен сайын тұрғындардың төбесіне «шай қайнататын» дәрежеге жетті.
Дандайсыған ұры, тоналған халық!
Қарасай ауданына қарасты Абай ауылына көшіп барғаныма әлі бір жылдың жүзі болмаса да, бес рет ұрыларға жем болдым. Алғаш 2011 жылы ақпан айының 17-сі күні түскі сағат 11:00-12:00 аралығында терезені бұзып кірген ұрылар жалпы сомасы 100 мың теңге көлемінде (ақша және алтын бұйымдар) шығын келтірді. Учаскелік инспекторды шақырттым. Арыз жазғызып, ұрылар бұзып кірген терезеден саусақ таңбаларын алған полиция қызметкерлерінен одан кейін хабар болмады. Артынша наурыз-сәуір айларында есік алдындағы су құятын ыдыс, құрал-сайман, шатырда тұрған керек-жарақ заттар қолды бола бастады. Бір емес, үш қайтара! «Өз-өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпаны» ұстанып әрі алдыңғы ұрлық оқиғасынан еш нәтиже болмаған соң, полицияға хабар берген жоқпын. Арада бірнеше ай өткен соң, маусым айының 3-і күні тағы да үйдің терезесін бұзып кірген ұрылар жалпы құны 200 мың теңгенің (компьютер, алтын және күміс бұйымдар) затын қолды қылды. Тағы да полиция шақырттық. Үйреншікті көрініс: арыз жаздырып алу, саусақ таңбаларын алу... Алайда бұл жолы кейінгі істің алдыңғы істің жолын құшып, үн-түнсіз қалмауы үшін Қарасай аудандық ІІБ бастығы Бүйтеков Жақсылық мырзаға қоңырау шалып, істің аяқсыз қалмауын өтініп әрі бұдан былай істің қалай өрбитінін бақылап отыратынымды айттым. Өзінің еңбек демалысында жүргенін баяндаған ол істі орынбасары Данияр Асхатқа тапсырғанын айтты. Орынбасары істі тексеруге арнайы жедел топты аттандырғанын айтып, тағы басқа айтатыным болса, дүйсенбі күні кеңсесіне келуімді өтініп, сөзімді шорт кесті.
Полиция істің ашылуына мүдделі ме?
Істі өз бетімше тексеру барысында полиция істің ашылуына мүдделі ме деген сауал көкейде еріксіз туындады. Үйге ұрлық жасалғанын жұма күні кешкі сағат 20:00-дердің кезінде жұмыстан үйге қайтқан соң ғана білгендіктен, полиция қызметкерлері түнгі 22:30-ға дейін ғана жұмыс істеді. Ал сенбі күні өз бетімше оқиға орын алған күні күдікті біреулер көршілердің назарына ілікпеді ме деп сұрау салу нәтижесінде кейбір көршілерімнен маған дейін бұл туралы инспекторлардың бірде-біреуінің сұрау салмағанын естідім. Және мен секілді үйіне ұры түскен талай көршімнің ісі «жабулы қазан жабулы күйінде» қалғанын білдім.
Тіпті Абай ауылы Тәуелсіздік көшесі №144 үйдің тұрғыны, үйі бір мәрте тоналған Нұрғожаева Мәдина: «Үйден ұрылардың шығып бара жатқанын көрген көршілерімнің пікірі де ескерусіз қалды. Оқиға орын алғанына алты ай өтсе де, тергеу ісінен хабар жоқ, көршілерімнің көргенін тергеу ісіне пайдаланған полицияларды да көрмедім. Неге дер кезінде ұрылардың фотороботы жасалмады?» – дейді. Шынымен, неге?! Айта кетерлік жайт, ұрлық орын алған үй иелерімен сөйлесу кезінде үй ұрлығының барлығы тек қана түскі мезгілде жасалғанын естідім. Және ауыл ішінде ұрының үстінен түскен және сыртынан көрген адамдар жетерлік. Алайда олардан полиция қызметкерлері мүлдем жауап алмаған. Ендеше, мұндай жағдайда құқық қорғау орындары істі ашуға мүдделі деп айта аламыз ба?!
Дәрменсіз полиция, солқылдақ заң!
Келісім бойынша дүйсенбі күні Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары Данияр Асхат мырзаға бардым. Үй ұрлығына қатысты түсіп жатқан арыздар мен ашылып жатқан қылмыстық істерден гөрі, «жұмыстар атқарылып жатыр» деген сөзді көбірек айтқан орынбасар мен Қарасай аудандық ІІБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Искаков Есен кірмей жатып, диктофонды өшіруімді өтінді. Сондағы полиция қызметкерлерімен болған арадағы әңгіме мынау еді...
Асхат ДАНИЯР, Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары:
– Бүгінде бұрынғы ата-бабамыздың салып кеткен әдісі бойынша қылмыс ашу деген жоқ, қазір – техниканың (ендеше, сол техникасын пайдаланып, куәгерлерден жауап алу арқылы ұрының фотороботы дер кезінде неге жасалмағаны түсініксіз... – Қ.Ә.) заманы. Жұмыс істелінбей жатыр деп айта алмаймын. Жұмыстар істелінуде. Жұрттың бәрін ұрлап жатыр. Жалғыз сізді емес, енді менің не істеуім керек? Біз өзімізді-өзіміз ақтап отырған жоқпыз... Мәселен, қараңызшы, сіздің компьютеріңіз қанша тұрады? ...Ал бүгінде 100 мың теңге көлеміндегі ұрлық үшін ұры қамалмайды. Енді жылдың аяғына таман қылмыс саны тіпті көбейеді. Өйткені түрмелерден 5 мың қылмыскер шығайын деп отыр. Тек қана біздің ауданымыз бойынша 300-дей қылмыскер бостандыққа шығады...
Есен ИСКАКОВ, Қарасай аудандық ІІБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:
– Жыл басынан бері өзім «лично», тоғыз қылмыстық топты ұстадым. Құрамында үш, бес адамнан тұратын қылмыстық топтар. Сіз қылмыстар ашылмай жатыр деп отырсыз. Айтқаныңыз дұрыс та шығар. Бірақ білесіз ғой бізде заң қандай екенін. Қаңтар айында ұсталған төрт адамнан тұратын қылмыстық топтың сәуір айында соты болды да, сот «условно» беріп, шығып кетті. Солар кейін келіп (қылмыскерлер – Қ.Ә.), «сен мені қамап тастап едің, міне, мен шықтым, «давайте» жүр, ішейік» деп бетіме күліп кетті. Міне, жақында Әйтей ауылында үй тонаған қылмыстық топты ұстадық. Мал ұрлаған, жеті адамнан тұратын қылмыстық топ. Бірақ біреуін де қамамай қойды. Бұрын ұры тауық ұрласа да, жанын шығарып әкеліп, қамап тастайтынбыз. Қазір жоқ...
Әңгіме ауаны дер кезінде куәгерлерді сөзге тартып, оқиға болған күннің ертеңіне-ақ жедел түрде жұмыс істемейтін учаскелік инспекторларға ауған кезде Данияр Асхат мырза орнынан тұрып, қолын ұсынып, мені қуып шыққандай қылып құтылуға асықты. Менің: «Енді дүйсенбі күні учаскелік инспекторларыңыз барғанымен, халықты үйінен таппайды, дер кезінде сенбі күні ұрлық болған үйдің көршілерін сөзге тартып, айғақ жинауға ұмтылу керек еді. Ұры сіздердің осы жайбасарлықтарыңызды пайдаланып, ұрланған дүниені сатып үлгерді ғой. Қызметкерлеріңіз офисте жұмыс істеп отырғанда менің қай көршім ұрыны мен көрдім деп оның алдына барады?» – деген уәжім Қарасай аудандық ІІБ бастығы орынбасарының «көрші аралаудан басқа біздің жұмысымыз жоқ па екен» деген сөзінің тасасында қала берді...
Мен арыз айтып барсам, өзіме мұңын шаққан полиция қызметкерлері осылай дейді. Сонда ұрыға жем болып отырған халық кімге арқа сүйеп, кімнен көмек күтуі керек? Заң халық үшін жұмыс істемесе, неге керек?! Дандайсып, полиция қызметкерлерінің әлсіздігі мен халықтың момындығын пайдаланған ұрыларға құрық болмағаны ма?! Статистикаға сенсек, жыл басынан бері бес айдың ішінде аудан бойынша 300-дей қылмыс тіркелген. Оның ішінде 166-сы үй ұрлығы болса, оның 84-і әлі күнге ашылмай отырған көрінеді. Айта кетер жайт, Абай ауылының ішінде жүретін жолаушылар автобусына «жыл басынан бері үйіңізге ұры түсіп, алайда әлі күнге ашылмаған жағдайда мына нөмірге хабарласыңыз» деп хабарландыру қалдыру нәтижесінде бір күннің ішінде 20 шақты адамнан қоңырау алдым. Тіпті тұрғындардың кейбіреуі берген арыздарының тіркелгеніне күмән келтіретінін де жасырмады. Сондықтан іске прокуратура өкілдері араласып, үй ұрлығы жөнінде нақты ақиқат статистиканы анықтаса, нұр үстіне нұр болар еді! Сондай-ақ Абай ауылындағы 15 мың халыққа бүгінде бір ғана учаскелік инспектор жұмыс істейді екен. Ал норматив бойынша, олардың саны жетеуден кем болмауы керек. Дәрменсіз полиция мен әлсіз заңға қоса, ұрылардың дандайсуына бұл да себеп секілді... Сондықтан тиісті орындардың назарына атап айтар жайт: Заңды кім үшін әлсіреттік? Полиция қызметкерлерін неге дәрменсіз күйге түсірдік? Учаскелік инспекторлардың санын көбейтуге не кедергі?
Ұлардай шулаған халықтың ұрланған дүниесінің сұрауы кімнен?!
Сонымен, өз бетімше барлау жасамақ болып сенбі күні көрші-қолаңды аралап, олардан оқиға орын алған күні үй айналасынан күдікті адамдарды көрген-көрмегені жайлы сұрастырдым. Сөйтсе, мен секілділердің қатары тым көп екен. Бәрінің үйіне ұры түскен, бірақ ұры ұсталғаны туралы еш дерек жоқ. Барлығы ұрының ұсталатынына күдерлерін де үзген. Бір қызығы, мен кірген көршілердің ешқайсысына полиция қызметкерлері келіп, көрген-білгені жайлы сұрастырмаған. Мәселен, Тәуелсіздік көшесі №144 үйдің тұрғыны Нұрғожаева Мәдинаның үйінен – жалпы сомасы 2 миллион (ноутбук, алтын бұйымдар мен ақша), тағы бір тұрғын Искаков Қаһарманның тал түсте итін улап, терезеге бекітілген тор темірді жұлып кіру арқылы – 865 мың теңге (алтын, бриллиант), Тәуелсіздік көшесі №144 үйдің тұрғыны Мырзалина Рысжанның үйінен терезесін бұзып кіріп – 260 мың теңге (алтын, ноутбук, ақша, дубленка), Сұлтанов Ермағамбеттің үйінен – 1 миллион теңге көлеміндегі (ақша, ноутбук, алтын), Алемтаева Қадишаның үйінен 200 мың теңге көлеміндегі заттарын (алтын, ақша) жымқырып кеткен. Бұл тізімді одан әрі соза беруге газет беті тарлық етеді. Айта кетер жайт, бұл – менің жан-жағымдағы көршілерімнен ғана жинап алған арызым. Ал Абай ауылымен қатар жатқан, Райымбек, Авангард ауылдарында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Алайда барлығына ортақ айтар бір-ақ нәрсе: «ұрлықтар ашылып, ұры ұсталды» деген хабар жоқ. Тіпті мен жолыққан тұрғындар ұрлықтың ашыларынан күдерін де үзген.
Ұрлыққа құрық салынатын күн туар ма?
Кезінде ұрлық белең алған көптеген елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар неғұрлым заңды қатаңдату арқылы ұрлықтың тыйылуына қол жеткізген. Ал біз заңды ізгілендіреміз деп, ұрыға оңтайлы жол ашып, ұрлық оқиғасының одан әрі көбеюіне, халықтың қаналуына жол беріп алған секілдіміз. Қытай, Иран секілді көптеген ел ұрының қолын шабу арқылы ұрлық көлемін азайтқан. Тіпті бір кездері көлік ұрлығын азайту мақсатында Өзбекстанда ұрыларды өлім жазасына кесу арқылы ұрлықтың сап тыйылуына қол жеткізген. Ендеше, ұрлық жасағандарды мемлекет есебінен асырап-бағуға қыруар ақша бөлмей-ақ, жазасын жеңілдетіп, жазадан құтқармай-ақ, жазаның осындай түрлерін неге енгізбеске?! Біздің бүгінгі заңымыз бойынша, кейбір жағдайларда ұры ұсталып, сотталғанымен, зардап шегушіге келген шығын өтелмейді. Ендеше, ұрыны қамап қойып, жұмыс та істетпей, төрт мезгіл тамағын тегін беріп, асырау арқылы кім не ұтып отыр?! Қайта жәбірленушінің мемлекетке төлеген салығы есебінен оларды асырап-бағуға жол ашып отырған жоқпыз ба?! Бұл жерде салыстырмалы түрде айтсақ, жәбірленуші екі есе зардап шегіп отыр деуге болады. Құқық қорғау орындарын қырын қаратып, дәрменсіз күйге түсірген мұндай заң кімге не үшін қажет екені түсініксіз.
Айтпақшы...
Тіпті Қарасай аудандық ІІБ бастығы орынбасарының жеке қабылдауына кірсем де, дүйсенбі күні де көршілерімнен жауап алуға бірде-бір полиция бой көрсетпеді. Тек сейсенбі күні Алматы облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Нұрхаев Ғазиз мырзаға қоңырау шалғанымнан соң ғана түске шейін Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкері телефон соғып, жоғалған компьютерімнің сериялық нөмірін сұраса, түстен кейін хабарласқан, өзін жедел уәкіл, полиция капитаны деп таныстырған Рустам атты полиция қызметкері көршілерімнен жауап алып келе жатқанын айтып, енді менімен сөйлескісі келген ниетін жеткізді. Осылайша, ұрлық орын алғаннан кейін төрт күннен соң, басшыларына тынымсыз қоңырау соғудың нәтижесінде ғана құқық қорғау орындарын қозғалысқа келтіруге әзер қол жеткіздім. Айта кетер жайт, үйде алғаш ұрлық орын алғанда полиция қызметкерлері мұндай тексеру жүргізген жоқ. Сонда учаскелік инспекторлар мен аудандық полиция қызметкерлерін жұмыс істету үшін үйіне ұры түскен әрбір тұрғын міндетті түрде облыстық ІІД-ге қоңырау шалу керек пе?!
Полиция тәрбиесі
Кейбір үйіне ұры түскен тұрғындардың үйінен шығып бара жатқан ұрылар туралы куәгерлердің мәліметтерін қолымдағы жазылған арыздар бойынша полиция қызметкерлері өзімнен қиылып отырып сұрап алды. Мен сіздерге мәлімет жинап әкелуге міндетті емеспін, қылмысты ашқыларыңыз келсе, халық арасына барып жұмыс істеңіздер десем де, артынан өзім де бар мәліметпен бөлістім. Учаскелік инспекторлар менің қолымдағы мәліметке көз сүзгенше, халықпен етене жұмыс істеп, халық арасына барып, неге жұмыс істемейді?! Айтпақшы, олар халықпен жұмыс істесе де алмайды... Ұрлық тіркелген күні істі тексеруге келген инспекторлардан өздерін таныстыруды өтіндім. Олар үзілді-кесілді өздерін таныстырудан бас тартты. Тіпті сөзді ұзартып: «Қатты танысқыңыз келіп тұр ма?» – деп өзімді келеке ете бастады. «Жол полициясының өзі көлік жүргізушісінен құжаттарын сұрағанда алдымен аты-жөнін айтып барып, құжатқа қол созады, мен үйіме кіріп, тексеру жүргізіп жатқан адамдардың аты-жөнін білгенім дұрыс шығар» деген үгіт-насихатыма да, «қарапайым өзін-өзі таныстыру мәдениетін білмейсіздер ме» деген намысқа тиер сөзіме де құлақ аспады. Бір сағаттай әуреленіп, олардың аты-жөндеріне қол жеткізе алмаған соң, амалым құрып, тағы да Данияр Асхат мырзаға қоңырау шалуға мәжбүр болдым. Алайда Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары әріптестерінің сөзін сөйлеп, оларды таныстырудан бас тартты. Ұзақ уақыт текетірестен соң ғана ұрлық орнын тексеруге келген қызметкерлермен таныс болдым. Тергеуші Амантайұлы, жедел уәкіл, полиция капитаны Орынбаев, эксперт-криминалист Жайлаубеков, жүргізуші Белдібаевтарға өзін-өзі таныстыру неге соншалықты қиын болғанын әлі күнге түсіне алмаймын. Ұрлықты ашпақ түгіл, халықпен қалай жұмыс істеу керектігін, өзін-өзі таныстыру мәдениетін де білмеген инспекторларға осыдан кейін халық сене алар ма?! Тіпті менен көрген-білгенін айтудан қашпаған тұрғындар полиция қызметкерлерін көргенде неге басын ала қашады?!
Р.S.
Бұл мақаланы жазуыма басты себеп – полиция қызметкерлерінің өз ісіне деген салғырттығы, бейқамдығы. Рас, тірнектеп жиған мүлкімнің кім көрінгеннің қолында қолды болуы да жанымды ауыртпай қойған жоқ. Әйтсе де бүтін ауыл тоналып жатса да, еш шара қолданбай отырған, халықпен қалай сөйлесу мәдениетін де білмеген құқық қорғау орындарының әрекеті бәрінен ауыр тиді. Айта кетер жайт, алдағы уақытта осы мақалаға орай ІІМ мен Алматы облыстық ІІБ тиісті шаралар қолданбаса, қолымыздағы тұрғындардың арызын Бас прокуратура мен ҚР Президенті Әкімшілігінің назарына ұсынатын боламыз.