Ұлыстың ұлы күні оңтүстікте қалай тойланып жатыр?

©Нұршат Токен фотолар

Cонау түркілік кезеңнен бері келе жатқан ұлыстың ұлы күні—Наурыз мерекесін елдік деңгейде, кең ауқымда тойлауға Оңтүстік Қазақстан облысы белсенділік танытуда. Тіпті, өңірден үлгі алған Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Орталық облыстарда Наурызнама дәстүрін жаңғырта түсуде. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметовтың бастамасымен былтыр 14-22 наурыз аралығында облыс Наурыз мейрамын тоғыз күн ерекше жағдайда атап өткен болатын. Әр күнге атау беріліп ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шаралар жалпыхалықтық мерекенің мән-мазмұнын ашуға сүбелі үлес қосты. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары да Оңтүстік Қазақстан облысының бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сондықтан, биыл да Наурыз мейрамы облыс көлемінде жалпыхалықтық сипатта тойланып, өткен жылы қолға алынған іс-шаралар жалғасатын болады. Әр күн өзіндік ерекшеліктермен есте қалмақ. «Алаш айнасы» биылғы шараның ерекшелігін тізіп шықты.

«ТАҒЗЫМ КҮНІ» ЕЛ АРДАҚТЫЛАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ
Оңтүстікте Ұлыстың Ұлы күні мерекесі басталып кетті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен биыл да Наурыз 9 күн бойы тойланатыны белгілі. Көктемнің шуақты да мейірімге толы мейрамының әр күніне өзіндік атау беріліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Өткен жұма наурыз мерекесі кестесіне сәйкес, «Тағзым күні» аталып өтілді. Айтулы күнге орай Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Құрманғалиұлы және облысымыздың белсенді жастары Абай саябағы маңындағы «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Дархан САТЫБАЛДЫ, Шымкент қаласының әкімі:   
–Бұл айтулы күндердің де өз ерекшелігі бар. Бізден кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбиелік әсері көп болатыны анық. Сондықтан бұл дәстүрді келесі жылы да атап өтпекпіз. Алас күні--тазалық күні. Сондықтан барша мемлекеттік қызметкерлерді, қала тұрғындарын сенбілікке шақырып отырмыз. Қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем мезгілі осы кезде келеді деп есептелген. Сондықтан бұл күнге батыс өңірі «Көрісу» деген атау беріпті. Ал діндарлардың ұғымында екі атаудың айырмашылығы екі түрлі.   

Наурыз--жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын, әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, Табиғат-ана оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Сол себепті халқымыздың көнеден қалған наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртқан жөн. Тоғыз күнге ат тағып, тойлаудың түпкі тамыры осында жатса керек.         
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни –басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы:   
–Көрісу күні—ол исі мұсылман жамағаты үшін кез-келген күн. Мұсылман «Ассалаумағалейкум» деп, «Сізге Алланың амандығын тілеймін, есендігін тілеймін» десе, «мен де сізге Алладан амандық, есендік тілеймін» деп жауап қайтарамыз. Ол біздің тек сол бір күнде ғана емес, жыл-он екі ай жасалынатын сәлеміміз. Сондықтан ол да бір ол өңір үшін маңызды болып есептелінеді. Дегенмен бізге бұл күнді «Тағзым» деуінің бір себебі — дүниеден өткендерді еске алу. Сондықтан оның үлкен құндылығы көрініп тұр.»

Одан кейін олар облыстық орталық мешітке барып, жұма намазға қатысты. Еліміздің батыс облыстарында бұл күні «көрісу» амалы жасалатыны белгілі.  Ал Оңтүстікте жұртшылық бір-бірін Наурыз мерекесінің келуімен құттықтап, елге береке тіледі. Қасиетті жұма күніне тұспа-тұс қабиласқан тағзым күні облысымыздағы 700-ге жуық жамағат мешітте жиналып, дүниеден өткен барша мұсылман қауымы мен ата-бабалар рухына Құран бағышталды. Дін қызметкерлері ел үшін шейіт болған хандарымыз бен батырларымызды, көсемдеріміз бен шешендерімізді, Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың ерліктері мәңгі ел жүрегінде сақталатынын атап өтті. Қала әкімі Д.Сатыбалды мұндай өнегелі бастамалар ұрпақ бойына өз ұлтына, тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыратынын жеткізді.
«Тағзым күнінің» жоғары деңгейде атап өтілуіне Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы да үлес қосты. Тарихымызды зерделеп, ұлттық рухты биік ұстаған жастар бұл күні Шымкенттегі Бәйдібек би, генерал Сабыр Рахымов, Ақпан батыр және өзге де көптеген ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Осылайша, көктем ерте келетін, күннің мейіріміне де өзге өңірлерден гөрі ертелеу бөленетін, Оңтүстік жұртшылығы Наурыз тойын мағыналы һәм ізгілікті іс-шаралармен бастады.
«АЛАС КҮНІ» ТАЗАЛЫҚ БАСТАУЫ
«Тағзым күнімен» бастау алған мерекелік іс-шаралар «Алас күнімен» жалғасын тапты. «Алас»  тазару деген мағынаны білдіреді.  Яғни өңір тұрғындары жалпыхалықтық сенбілікке шықты. Саябақтар, гүлзарлар, жолдар, аулалар, бау-бақшалар, көшелер мен арық-атыздар тазартылды. Түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, тал-дарақтардың түптері әктелді.
Шымкент шаһары ерекше шырайлана түсті. Облыс орталығында ұйымдастырылған тазалық күніне ардагерлер, зиялы қауым, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мемлекеттік орган қызметкерлері, түрлі мекеме ұжымдары мен кәсіпорындардың жұмысшылары біркісідей атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, осынау игілікті шарадан жас та, жасамыс та шет қалмады. Бәрі де іске қуана кірісті.

Облыс әкімі А.Мырзахметов бір топ ардагерлермен бірге қаладағы Орталық саябақта шырша отырғызды. Мұнан соң өңір басшысы қариялардың амандығын сұрап, жағдайларын білді.  Шымкентте аталған игі шараға 100 мыңға тарта адам үлестерін қосып, 150 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде қалада осы күні 10 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
Көктемнің алғашқы айы наурыз–жаңалық пен жақсылықты айшықтайтын, табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірі былтырдан бері Наурыз мейрамын ерекше тойлауда. Мереке тоғыз күн бойы «Тағзым», «Алас» «Береке», «Көктем шуағы», «Өніс», «Жайнау», «Шаттық», «Үйлесім», «Ұлыс» күндері ретінде ұлттық сипатта аталып өтуде.   
15 наурыз − «Алас» күні (тазару, жаңару деген мағынаны білдіреді) облыс тұрғындарының белсенді қатысуымен сенбілік өтті. Қоқыстар сыртқа шығарылып, арық-атыздар тазаланды, жас көшеттер отырғызылды. Сенбілікке мекеме, ұйым қызметкерлері мен оқу орындарының студенттері жалпы, облыс жұртшылығы бірауыздан жұмылды. Тіпті үш жасар бүлдіршін мен жасы тоқсанға таянған   еңбек ардагерлері белсенді қатысты. Осылайша, оңтүстікқазақстандықтар жалпыхалықтық мерекеге дайындықты ерекше қарқынмен бастап кетті.
Шымкенттегі орталық саябақта өткен сенбілікке облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көшеттер отырғызды.

Сенбілік барысында облыс орталығындағы көшелер мен алаңдар, аяқ жолдар мен ирригациялық жүйелер, өзен жағалаулары тазартылды. Көше бойлары мен аулаларға, саябақтарға қара ағаш, қырым қарағайы, шынар, ақ қайың  және т.б. көшеттер егілді.
«БЕРЕКЕ КҮНІНДЕ» ШҮЛЕН ТАРАТЫЛДЫ
16 наурызда ұлттық мерекемізді тойлау «Береке күнімен» жалғасып, облыс аумағында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Бұл қазақтың Наурыз қарсаңында ұйымдастыратын «шүлен тарату» дәстүрінің жаңғырған түрі болып саналады. Бұрын байлар тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға осы күні айрықша көмек қолдарын созған. Сол дәстүрдің жалғасы «Береке күні» жасалды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлері қарттар мен мүгедектер үйіне қамқорлық көрсетіп, азық-түліктер апарды. Қазыналы қарияларға арнап мерекелік дастархан жайылды. Қарттарға қамқорлық жасау — қоғамның ортақ міндеті дейді сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары. «Береке күні» облысымыздың барлық аудан, қалаларында қамқорлық шаралары ұйымдастырылды.
Міне, осындай игі істердің бірі Сарыағаш ауданында да жүзеге асты. «Қолдау» мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайыл Құрбанмұратұлы   бала күнінен мүгедектікке душар болған Мирас Алайдар мен Әсемай Құраловаға қоларба тарту етті. Олар осы қоларбаны алу үшін бірнеше жылдан бері кезекте тұрғандар.
Өткен жылы Астана қаласында мүгедек жандардың қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылған болатын. Сол көрмеге қатысқан С.Құрбанмұратұлы жүлделі III орынға ие болды. Сонда осы жеңісі үшін 18 қоларбаны сыйға алып келген. Енді көрмеден тапқан «табысын» жерлестерімен бөлісуде.
«Алтын емес, алғыс ал» деп жатады емес пе халқымыз. Өзім де мүгедек болғандықтан олардың жанын, жағдайын жақсы түсінемін. Сол 18 қоларбаны мұқтаж жандарға үлестіріп отырмыз. Бүгін соның екеуін бердік. Енді қалған 7-еуін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қоларба алуға тіркеліп, бірақ әлі күнге дейін тендердің кешігуіне байланысты сұранысына қолы жетпей жүргендерге табыстамақпын, — дейді Смайыл.
Әсемай мен Мирас мерекеде алған сыйлықтарына дән риза. Қамкөңіл жасөспірімдердің ата-анасы да қатты қуанып қалды.

КӨКТЕМ ШУАҒЫНА БӨЛЕНДІ
17 наурыз «Көктем шуағы». Облыс басшылары, қала және аудан әкімдері ардагерлермен кездесіп, көктемнің келуімен құттықтайды. Жастар облыстағы қарияларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын өткізеді.
Кеше мерекенің  «Көктем шуағы» атты төртінші күні облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінен бастау алды. Мұнда қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов қазыналы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
Аталмыш мекеменің директоры Махсұтхан Дүйсебековтің айтуынша, бүгінгі таңда қарттар үйін 264 адам мекен етуде. Оның 109-ы — I, II топ мүгедектері. Мұнда тұрғындарға тұрақты түрде жеті түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі екен. Медициналық, құқықтық, экономикалық, мәдени, еңбекке қатысты қызмет түрлері бойынша арнайы мамандар жұмыс жасайды.
– Ұлыстың Ұлы күнін оңтүстікқазақстандықтар былтырдан бастап тоғыз күн бойы мазмұнына сай атап өтіп келеді. Облыс әкімінің бастамасымен тоғыз түрлі атау бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Міне, бүгін «Көктем шуағы» күнінде қарияларымызға құрмет көрсетіп, осы айтулы мерекемен арнайы құттықтап келіп отырмыз, — деді Б.Нарымбетов.
ӨНІС КҮНІНЕ ТӨРТЕМ СЫЙЛАДЫ
18 наурыз өніс күні. Бұл күні өңір үшін жағымды жаңалық болды. Оңтүстiк Қазақстан облысында төртем дүниеге келді. Үш қыз бен бір ұлды өмірге әкелген әйел Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны. Төрт бірдей сәбидін бауырына басқан жиырма сегіз жастағы бақытты ана, міне. Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының тұрғыны жеті айлық  3 қыз, 1 ұлын  ота арқылы өмірге әкелген. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің салмағы 1200 -ден 1590 грамға дейін. Қазіргі таңда сәбилер кювез аппаратына жатқызылып, күтімнің екінші кезеңіне  өтіпті.  Мамандар олардың да, анасының да жағдайы қалыпты деп отыр. Жеті жасар бір ұлдары бар бұл отбасыға ендігі жерде төртем қосылып, балаларының саны бесеуге жетті. Жас ананың айтуынша, оның әжелері де егіз тапқан екен. Ал ішіндегі шарананың төртем екенін екі айлығында білдік деп отыр.
Рабиай ШЕРМЕТОВА, Төртемдердің анасы:
–Бірінші рет ешкім сенген жоқ. Кейін барып сенді ғой төртеу екенін. Бақылауда болдым. Ауруханаға жатып тұрдым. Кейін мамам қарады. Аттары Фатима, Хасан, Зухра, Захро.

Бір қызығы,  мұндай төртем өңірде он жыл бұрын туылған екен. Содан бері енді тіркелген. Ал жыл басынан бері облыс аумағында 12 311 бала дүние есігін ашса, оның арасында бір ғана үшем бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы болса, төртем тапқан анаға енді аудан тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіліп, күтуші берілетінін айтады. Өйткені босанған келіншектің де, оның жолдасының да тұрақты жұмыс орны жоқ болып шықты.
Салтанат ЖАБАҒИЕВА, ОҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
–Нәрестелерге күтім шыққаннан кейін аудандық емхана тарапынан аймақтық дәрігер, аймақтық мейірбике тарапынан күтім жүргізіледі. Сондай-ақ балаларға әлеуметтік күтуші қызметі де көрсетілетін болады. Баспана мәселесі де әлеуметтік көмекке кіретіндіктен, баспана мәселесі де қарастырылу үстінде. 

Көрсете кететін статистика.  Дәл былтырғы жылы өмірге келген он бір миллионыншы қазақ пен он жеті миллионыншы тұрғын да Оңтүстікте тіркелген болатын. Былтыр облыс бойынша 78 233 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде - 111 егіз, 1 - үшем туылған. Ал биылғы дүниенің есігін ашқан балалардың 23-і егіздер болса, ендігі жерде алғашқы төртем де тіркеуге алынды.
«ЖАЙНАУКҮНІ» АВТОШЕРУ
Кезек «Жайнау күніне» де жетті. Бұл күні қала жастары шаһардың бірқатар көшелерін аралап, мерекелік автошеру жасады.
Табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңінде тойланатын – Наурыз тойы қашан да қазақ халқы үшін орны ерекше. Халқымыздың ертеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған мерекелік шараның кезекті күні Шымкент жастарының белсенділігімен ерекшеленді.
Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты іс-шара жоспары алдын-ала бекітілген болатын. Тоғыз күнге белгіленген әр күн өзіндік ерекшеліктерімен есте қалмақ. «Алас күні», «Береке», «Көктем шуағы» мен «Өніс» күндерінде де жаңа дәурен мен жақсылығымызды айшықтайтын көріністер мен қойылымдар орын алды. Кезек «Жайнау күніне» де келіп жетті. Қала тұрғындары арасында мерекелік көңіл-күйді қалыптастыру, мерекенің тәрбиелік маңызын насихаттау мақсатында өткізілген жастардың қатысуындағы автошеру Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары, Темірлан тас жолы, Жібек жолы, Ә.Жангелдин, А.Асқаров, Т.Рысқұлов көшелерін қамтыды. Мұнда 22 баннер, 2 керме (перекид), 215 жалауша ілінді. Сондай-ақ, Тәуке хан даңғылы, Ордабасы алаңы, Қазыбек би, Ш.Қалдаяқов көшелері мен саябақтарға 28 жарықтандырылған «Наурыз» мерекесінің бейнелі көріністері («Алтыбақан», «Киіз үй», «Қызғалдақ») орнатылды.   Автошеру қаланың Әл-Фараби алаңында мәреге жетті. Жастардың «Наурыз мерекесі құтты болсын!» деген ұраны қала халқын бір серпінтіп тастады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста