Ұлы тұлғаның энциклопедиясы шықты
Қазақта тұлғалық энциклопедия шығару ұлы Абайдан басталды. Яғни 1995 жылы Қазақтың бас ақынының 150 жылдық мерейтойында қазақ тарихында тұңғыш тұлғалық энциклопедиясы дүниеге келген болатын. Енді ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы тұсында «Атамұра» баспасынан «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» шықты.
Жазушының туған жер, өскен ортасы, айналасы, шығармашылық бай мұрасы, өмірі жай сөзбен емес, нақты деректер, құжаттар мен фотосуреттер арқылы жан-жақты қамтылған басылымға 3000-нан аса зерттеушілер мен ғалымдар мақаласы, 500-ге жуық фотосуреттер жинақталған. Авторлар санының өзі 200-ден асады. Алаш жұрты үшін аса құнды кітаптың тұсаукесері Алматыдағы ең бір қасиетті үйлердің бірі, қарашаңырақ – Ұлттық кітапханада өтті. Оған ұлы Мұқаң салған соқпақпен Қайым Мұхаметханов сынды абайтануды бүгінге жалғаған Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхаңның ұлы, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым Мұрат Әуезов, сондай-ақ қазақтың бүгінде көзі тірі зиялы қауым өкілдері түгелге жуық қатысты.
Мекемтас Мырзахмет, абайтанушы ғалым, академик:
– Қазақты әлемге танытқан Мұхтар Әуезовті тек қазақ қана емес, бүгінде еуропалықтардың өзі де ХХ ғасырдың ұлы жазушысы деп мойындап, солай бағасын беріп отыр. Бізде тұлғалық энциклопедия шығару Абайдан басталды. Оған дейін әлі ондай еңбек болмағандықтан, шыны керек, қалай, неден бастарымызды анықтау қиынға соқты. Сонда Рымғали Нұрғалиев, мен және Мұхтар Құл-Мұхаммед деген ардақты азамат –үшеуміз іздендік. Сол тұста орыс халқының ұлы ақыны Лермонтовқа арналған, сәл бұрын Шевченко жайлы энциклопедия шыққан болатын. Біз соған қарап бет түзедік. Абайдан соң Шәкәрімге арналған энциклопедия шықты, енді міне, Мұқаңа сондай үлкен бір еңбек шығып отыр. Айта кету керек, қазақ ақындары арасында ең көп зерттелген Абай болса, жазушылар ішінен ол – Әуезов. Энциклопедия ұзақ жазылды. Себебі бұған мұқият ден қойылып, әлемдік тәжірибе тұрғысынан келдік.
Әуезовтей тұлғаға арналған үлкен еңбектің тұсаукесер рәсімін басқа емес, осы аталған кітапты жарыққа шығарған «Атамұра» корпорациясының басшысы Рақымғали Құл-Мұхаммед мырзаның өзі жүргізуді мойнына алуды жөн көрсе керек. Келесі сөз кезегін берерде ол «Әуезовті Мекемтастан артық зерттеген ғалым жоқ» деген Тұрсынбек Кәкішевке берді.
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор:
– Энциклопедия шығару – үлкен мәдениеттің белгісі. Осы жағынан келгенде, Абайдан басталған, Шәкәріммен толықтырылған, енді, міне, Мұқаңмен байып жатқан энциклопедия шығару ісі өріс алып келеді. 50 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы мұражай-үй мен қордың және «Атамұраның» бірігіп, осындай іргелі еңбек шығаруын мен қазақ мәдениетінің өскендігінің нақты көрінісі дер едім. Негізі, қазақтай халықтың ұлылығын әлемге танытқан – Мұхтар Әуезов. Экономикамен, көреген саясатпен көркею, сол арқылы танылу бір басқа да, рухани дүние арқылы бүтін бір халықты әлемге паш ету – ол сөзбен айтып жеткізгісіз ұлы іс. «Абай жолы» арқылы Әуезов қазақ әдебиетін әлем әдебиетіне қосып кетті. Әдейі қадап айтып отырған себебім, кейбіреулер мені Әуезовке оппозиция деп түсініп қалып, еш негізсіз сол болжалын жұртқа жария қылып жүргендер бар екен. Солар шындықты білсін дегенім. Бүгін Мұқаңа арналған сондай бір құнды еңбек шығып жатыр екен, таяуда 50 томдығы шықты, мұның бәрі сол Мұқаңның ұлылығының арқасы дер едім мен.
Мұхтар Әуезов энциклопедиясымен қатар, бұл жиында Тәуелсіздік көзімен жазылған Қазақстанның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихының жаңа бес томдығы, сондай-ақ Қадірбек Сегізбайұлының «Қазақы дастарқан» атты кітап-альбомының тұсауы кесіліп, алғашқы даналары Ұлттық кітапханаға ресми түрде табыс етілді.