Баянауыл топырағында дүниеге келіп, ұлт тұлғасына айналған,
Дара перзентінің туған күніне жерлестері осылай тамаша тарту жасады. Биіктігі бес метр болатын қола ескерткіштің салынуына ықпал еткен облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа ғалымның ұрпақтары да, салтанатты шараға келген қонақтар да зор ризалықтарын білдірді. Ұлы ғалымның немересі Әлішер Сәтпаев осымен атасына салынған оныншы ескерткіштің ашылуына қатысып тұрғанын жеткізді. Ғалымдардың ғалымы атанған Қаныш Имантайұлының Қазақ үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жауға атылған он оқтың тоғызы Қанағаң ашқан кен орындарынан алынып отырған екен.
Сондай-ақ бұл шараға ғалымның жерлестері, Теңдік ауылының тұрғындары да арнайы келіпті. Алып ескерткішке қарап, қуаныштан көздеріне жас алғандар да жетерлік.
Биыл туғанына 111 жыл болған Қаныш Имантайұлының ескерткіші салтанатты жағдайда ашылғаннан кейін, мерекелік шара Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында жалғасты. Мұнда жас ғалымдардың тырнақалды еңбектері таразыға салынып, атақты академиктер жас ғалымдарға ақ батасын берді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қаныш Сәтпаевтың ерен еңбегін әйгілейтін экспозиция ашылды.