Қазір әлемдік жаһандану үдерісі ерекше екпін алған шақ. Мұндай аумалы-төкпелі сындарлы кезеңде, ең бастысы, ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалуға тиіспіз. Ал ұлтжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттер адам бойына, сайып келгенде, этнопедагогика арқылы сіңетіні ақиқат. Ондай болса, ұлт болашағына алаңдап жүрген жандар айтпақшы «білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуді» шынымен, мықтап қолға алу керек шығар. Осындай ұсыныс жасап жүргендердің пікірін арқау етіп, өз кезегімізде ұлттық инновацияның артықшылықтары мен ерекшеліктері төңірегінде сөз қозғауды жөн санадық.
Cоңғы кездері Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша, Білім мен ғылым министрлігінің қадағалауымен еліміздегі білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізіліп жатқаны баршаға аян. Президенттің биылғы Жолдауында да «интеллектуалдық мектептер» жобасы туралы және оның озық тәжірибелерін республика көлемінде тарату керектігіне баса назар аударылды.
Негізі, құзырлы министрлікке мұндай тапсырманың жүктелуіне білім беру саласында орын алған түрлі проблемалардың түрткі болғаны белгілі. Атап айтсақ:
Біріншіден, мектептерді сан алуан ақпараттық технологиялармен жабдықтағанымызға қарамастан, қазіргі заман оқушысының физиологиялық, психологиялық және рухани дамуы мен оларды оқыту процесі арасындағы алшақтық сол күйінде қалып қойған көрінеді. Себебі қазіргі кездегі педагогика бұл мәселеге көңіл аударып, жан-жақты зерттеулер жүргізіп жатқанымен, ол екеуін үйлестірудің алғышарттарының тетігі табылмай отырса керек. Рас, соңғы кездері бала денсаулығына нұқсан келтірмей оқыту технологиялары қолға алынуда. Алайда сөз болып отырғандай, баланың дамуы мен оны оқыту процесінің арасындағы үйлесімділікті үйлестірмей түйін шешілмейді, яғни бала денсаулығының бұзылуына тосқауыл қоя алмайды екенбіз.
Екіншіден, тәрбие мәселесі. Педагог мамандар осы тәрбие беруді үш деңгейге бөліп қарайды екен. Бірінші – ақыл айту арқылы тәрбиелеу, екінші – психологиялық деңгейде, яғни баланың психологиялық жас ерекшелігіне сай жұмыс жүргізе отырып тәрбиелеу, үшінші – рухани деңгейдегі тәрбие. Қазіргі мектептердегі тәрбие беру базасы сонау кеңестік дәуірден бері жалғасып келе жатқаны шындық, яғни мамандар ажыратып бергендей, ақыл айту арқылы тәрбиелеу. Оның өз заманынының талабына сай форма болғаны рас. Ал қазіргі кезде, өкінішке қарай, бұқараны бағымыз болар бір бағытқа, бастайтын нақты идеологияның кілті әлі табылмай келеді. Соның салдарынан әртүрлі ұстанымдар мен секталардың етек алып, проблеманы одан бетер ушықтыра түсуде. Бұл тұрғыда тәрбие беруді психологиялық деңгейде жүргізуге ұмтылыс жасалып та жатыр.
Мәселен, мектептердегі психолог мамандарына үлкен жауапкершілік артылуда. Алайда баяғы жартас, сол жартас. Өйткені жоғарыда айтып кеткен бірінші проблема шешілмейінше, оқушыларға тәрбие беруді дұрыс жолға қою қиындау көрінеді. Бір айта кетерлігі, рухани тәрбие беру жүйесінің аты болғанымен, заты ешбір мектепте жоқтың қасы. Ал ол мұрты бұзылмаған күйі ата-бабаларымыздың мирас қылып қалдырып кеткен «мұрағатында» әлі сол күйі тұр.
Үшіншіден, мектеп түлектерінің дүниетанымының таяздығы. Кең етек алып бара жатқан бейінді пәндерді тереңдетіп оқыту үрдісі бұл проблеманы одан ары күрделендіруде. Бейінді пәндерден терең білім беру салдарынан өзге пәндердің маңыздылығы кеми түспек. Нәтижесінде, баланың дүниетанымы дұрыс қалыптаспай қалуы мүмкін. Бұдан бейінді пәндерді тереңдетіп оқыту дұрыс емес деген қорытынды шықпау керек әрине. Қалай деген күнде де, оқу жүйесі бала дүниетанымының жан-жақты әрі кемел жетілуін қамтамасыз етуге мүдделі екендігін ұмытпаған жөн.
Төртіншіден, мектеп пен шынайы өмір арасындағы алшақтық. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да үздік танылған жастарымыздың арасында өмір - өзенге келгенде абдырап, дағдарысқа ұшырап қалатындары жоқ емес. Керісінше, мектепті ілдалдап бітіргендер, өзгенің көңілін тауып, адамдармен тіл табысуға әу бастан-ақ бейімделіп, өмір мектебіне дайын келеді.
Ескерте кетейік, айрықша аталып кеткен бұл түйінді түйткілдерді «түгендегендердің» тізімінде бірінші тұрған біз емес. (Біздікі тек осы тақырыпты қоғамдық пікірталасқа ұсыну, авт.). Педагогика саласының ұңғыл-шұңғылын жетік меңгеріп, «осы саланы қайтсек жақсартамыз» деп жүрген жанашыр жандардың пікірі осындай. Сол мамандар сөз болып отырған олқы тұстарымызды толықтырудың ең ұтымды жолы ретінде қазіргі қолданыстағы шараларға қосымша ұлттық инновация енгізуді ұсынады.
Ұлттық инновация дегеніміз не өзі? Тарихқа үңілсек, біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары тек қазақтың ғана емес, адамзат баласының мәдениеті мен өркениетін дамытып, рухани кемелденулерде әрі генератор әрі қоғамды ізгілендірудің реформаторы болуға әбден лайық екендігін аңғару қиын емес. Бұл артықшылығымыз эстафета іспетті бабаларымыздан біздерге генетикалық жолмен беріліп келеді. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынамыз бен дүниетанымымызды өшіріп алмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бізге аманат. Енді сол өзге тамсанған, әлі де қызыға қарайтын құндылықтарымыздың негізін алып, қазіргі дамыған философия, психология және педагогика ғылымының жетістіктерімен толықтырсақ, нәтижесінде сөз болып отырғандай оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін алады екенбіз.
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
– Ұлттық тәрбие негіз болған тақырыпты көтергендеріңіз өте дұрыс дер едім. Қазір біздің университетте де осы мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Бұл тұрғыда әсіресе педагогтар дайындайтын оқу орындарына үлкен міндет жүктеледі. Осы алға қойған мақсатты жүзеге асыруда біз лайықты мамандар дайындауды қолға алып отырмыз. Жаңа бағдарлама жобасын да әзірлеп қойдық. Егер құзырлы министрлік бекітсе, бұл күрделі мәселенің оң шешілуіне өз үлесімізді қосқан болар едік. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз керек.Серғазы ҚАЛИҰЛЫ, этнопедагог, профессор:
– Ұлттық тәрбиені балабақшадан бастауымыз керек. «Не ексең, соның орасың» демекші, балаларымызды қандай жолға бастасақ, олардың сол бағытты алатыны белгілі. Ал біздің ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз – тәрбиеміз қазақтан басқа ешкімде жоқ үлгі. Ал біз соны пайдалана алмай отырмыз. Мойындау керек, қазір мектептеріміз тәлім-тәрбие бағытынан ауытқып, тек оқытумен шектеліп қалған. Сондықтан да балабақша, мектептерге ұлттық тәрбиені енгізетін кез жетті. Әлбетте ұлттық тәрбиенің жанында ұлттық білім беру жүруі тиіс. Осы екеуін үйлестіру арқылы білім беру жүйесінің қазіргі тәжірибесін ұлттық инновациямен алмастыру керектігін қазір көпшілік көтеріп жүр. Құзырлы министрліктің осы мәселеге лайықты көңіл бөлетін күні алыс емес деп сенемін.Алтынай Жайтапова, педагогика ғылымының докторы:
– Ата-бабамыз мұраға қалдырып кеткен рухани дүниетанымымызды басшылыққа ала отырып, мектептерге ұлттық инновацияны енгізуге барынша күш салуымыз керек. Инновация дегеніміздің өзі – жаһандану заманында ғылымның, жаңалықтың өндіріске енгізілуі ғой. Ең басты айтарым, қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге деген құрмет жатыр емес пе? Міне, біздің жастарда дәл осы қасиет жетпей жатыр. Оқу процесі кезінде де сөз жоқ, ұлттық инновацияның маңызы зор. Қысқасы, ұлағатты ұрпақ өсіруде осы ұлттық инновациялық әдіс-тәсілдер таптырмайтын құрал бола алатындығына ешкім дау айтпаса керек.