Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек... Ұлттық киімдерімізді қайтсек брендке айналдырамыз?
Кейінгі жылдары этностильде киінетін қыз-келіншектердің қатары артып келеді дейді мамандар. Бұл қуанарлық жағдай. Өйткені ең әдемі киім – өз ұлтыңның киімі.
Бүгінде кім қандай стильде киінемін десе де өз еркі. Біреулер етек-жеңі ұзын, бастан-аяқ жабық киім кисе, енді біреулер заманға сай үлгідегі еуропалық киімдерді таңдайды. Ал ұлттық киімді таңдайтындар көптің ішінде ерекшеленіп тұрады. Себебі, елдімізде әлі де болса, ұлттық киімдерді күнделікті өмірде киіп жүретіндердің қатары аса көп емес, дегенмен жоқ та емес.
Бір кездері ұлттық киімдеріміз көзден бұл-бұл ұшып, тек сахнадан, көне суреттерден, музейден ғана көрген кездеріміз де болды. Бұған тарихи факторлар әсер еткені белгілі. Ал кейінгі жылдары қазақ әйелдерінің киімге теген талғамы өзгерген. Бүгінде батыстық киімдерден гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз, қолдан тігілген эксклюзив киімдер жоғары бағаланады.
«Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген екен ұлы Абай. Расында киіну адамның талғам-тәрбиесінің көрінісі. Ал біздің ұлттық киімдеріміз дінімізге де, ділімізге де, мәдениет пен этикаға да қайшы келмейді, қайта ұлтымыздың болмысын аша түседі.
Осындан біраз уақыт бұрын белгілі әнші өзінің киіну стилін өзгертіп, орамал тағып, ұзын көйлек киген суретін әлеуметтік желіге салғаны сол еді, суретке бір-біріне қарама-қайшы небір пікірлер жазылды. Оқырмандардың біразы әншінің бұл стиліне қуанып, қолдан, оның исламға бет бұруына ризашылықтарын білдірді. Ал енді біреулер қазақ дәстүрінде жас қыз-келіншектер бұлай киінбейтінін айтып, орамал тағудың өз тәртібі бар екенін айтып, пікірталас тудырды. «Сахнаға қазақша көйлек, оюлы бешпет киіп шыққаның әлдеқайда әдемі еді, неге бәрі өзге ұлттың киімін тықпалап, жамылып алуға құштар» деген секілді пікірлер айтылды. Өзара қайшыласқан пікірлердің арасында біреу «Бұрын әжелеріміз, аналарымыз орамал таққан, кимешек киген, көкірегін жауып жүрген, қыздар бүрмелі көйлек, белі қыналған кәжекей, тақия, кәмшат бөрік киген дейсіңдер, онда қазір неге бәріміз осылай киінбейміз. Ал әйел адамға әуретті жерін жауып жүру Алланың бұйрығы» деген уәж айтты. Шындығында мұндай қарама-қайшы пікірлердің көп болуы біздің әлі де ұлт ретінде өз болмысымыздың, келбетіміздің айқын еместігін, ұлттық құндылықтарымызға деген көзқарастардың сантүрлілігін көрсетсе керек.
Ұлттық киім дегенде көз алдымызға ерлер киетін шапан, әжелер киетін кимешек, қыз-келіншектердің құндыз бөркі мен қос етек көйлектері, оюлы бешпеттері елестейді. Ұлттық киімдер ауа райына байланысты жүннен, киізден, қызылды-жасылды түрлі маталардан тігілетін болған, әр өңірдің табиғатына бейімделген, көшпелі қазақтың өмір салтына ыңғайлы болғанын тарихтан білеміз.
Қазіргі дизайнердердің айтуынша, бүгінгі таңда да ұлттық киімдеріміз заманға сай түрленіп, күнделікті киіп жүруге ыңғайлы етіп тігілуде. Алайда біздегі мәселелердің бірі – отандық өнімдердің бағасының қымбаттығы. Қымбат болатын себебі – елімізде ұлттық киімдер тігілетін шикізаттың барлығы дерлік шетелдерден әкелінеді. Сондай-ақ отандық дизейнерлер этностильдегі киімдерді өте аз данамен шығарады және көбіне тек тапсырыспен тігеді. Ұлттық киім-кешектер тігілетін маталар Өзбекстаннан, Түркиядан, Қытайдан, Біріккен араб елдерінен алынады екен.
Ұлттық киімдерді өндіру жағынан қазіргі кезде Қырғызстан мен Моңғолия мемлекеттері алда тұр. Бұл мемлекеттерде, әсіресе Қырғызстанда әр үйде цех жұмыс істейді, олар киімдерді көп данамен шығарады. Кез келген киімді санаулы етіп, аз данамен шығару қымбатқа түсетіні белгілі. Көп мөлшерде шығару үшін еңбек күші керек. Сондықтан көрші мемлекет халқының еңбекқорлығы да үлгі аларлық деңгейде. Ұлттық киімді брендке айналдыру үшін киімнің ыңғайлы, әдемі болуынан бөлек бағасын халықтың қалтасы көтеретіндей болғаны маңызды. Әйтпесе өз ұлттық киімдерімізді өзгелер тігіп, төмен бағада ұснып, нарығымызды жаулап алса, өз өнімдерімізге орын болмай қалуы әбден мүмкін.
Жанат БАҚЫТ, ұлттық киімдер брендінің негізін қалаушы:
– Телеарнада жүргенімде қазақша ою-өрнектермен әшекейленген кәжегей киіп шығатынмын. Маған дейін де, менен кейін де дикторлардың ішінде ұлттық киіммен эфирге шыққандарын көрген емеспін. Басшылық тарапынан қарсылыққа қарамастан қазақша киім киюден бас тартпадым. Өйткені менің арманым – біздің керемет ұлттық киімдерімізді насихаттап, қазақша стильдегі киімдерге халықтың көзін үйрету, сәнге айналдыру еді. Көшеде кетіп бара жатқан үш қыз-келіншектің біреуі қазақша ұлттық стильде киінсе ғой деп армандайтынмын. Бұл арманым жайлап орындалып келеді. Отандық өнім дегенде ойымызға бірден қымбат дүние деген ой келеді. Бірақ күннен күнге ұлттық киімдер тігетін дизайнерлер көбейіп, бәсекелстік артып келеді. Кәсіпті алғаш бастаған жылдары отандық өнімдеріміздің бағасы қымбат болғаны рас, ал қазір баға да, сапа да жақсарып келеді. Ұлттық киімдерден бөлек этностильдегі сөмке, белдік, әшекей бұйымдар да сәнге айналды. Алдағы уақытта ер адамдардың ұлттық стильдегі киімдерін тігу жоспарда бар. Қазақы оюларымызды орнымен қолданып, этностильде киінушілердің қатарын көбейтуді, ұлттық киімдерімізді әлемдік сән үлгісі ретінле танытуды мақсат етеміз. Дәстүрлі киімдеріміз бен бұйымдарымыздың брендке айналатынына сенімдімін.
Айнұр СЕНБАЕВА