Түтінге тұншыққан Жаңатас енді даудан түтіге бастады

Газетіміздің 20 тамыз күнгі №142 санында «Жаңатастықтар түтінге тұншығып отыр» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Мақалада жаңадан бой көтерген қос кәсіпорын — «Жаңатас» металлургия мен құрылыс материалдары комбинаттарының іске қосылғанына жергілікті халық наразылық танытып отырғандығы жөнінде сөз болған-ды. Осы мәселеге байланысты біз Жаңатас қаласына арнайы барып, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық.

Шаһардың іргесінен бой көтерген құрылыс зауыттары алғаш іске қосылғанда, қарапайым халық қаланың әлеуметтік жағдайы біршама жақсаратын болды деп қуанған. 2007 жылы 10 мамырда Сарысу ауданының әкімі Болат Мәдікенов Қытаймен біріккен кәсіпорын құрған Бейсен Көмекбаев есімді кәсіпкерге бұрынғы құрылысқа қажетті бетон бұйымдарын жасайтын зауыттың базасын босатып береді. Сол кезде аудан әкімі болашақ зауыт қаланың экологиялық жағдайын ушықтыратынын ойламаса керек. Кәсіпорын басшысы Бейсен Көмекбаев аудандық санитарлық-эпидемиология стансысына өздерін тіркеу жайында өтініш бергенде,  әк, кірпіш, қиыршық тас шығарамыз деп сендірген. Ал цемент, арматура шығару жайында сөз болмаған.

Бұған Сарысу аудандық СЭС басшысы Ержан Есіркеповтің қарапайым халыққа берген анықтама қағазынан оқып, көзімізді жеткіздік. Осылайша әк, кірпіш және қиыршық тас шығарамын деген инвестор цемент пен арматура зауытын қоса салып, сөзінен жаңылды. Осылайша «Жаңатас» құрылыс материалдарын шығару комбинаты заңсыз өнім шығарып, пайда тапқан. Сарысу ауданының әкімі Болат Мәдікеновтің зауыттың құжатсыз жұмыс істеуіне қалайша жол бергенін түсіне алмадық. Зауыттар іске қосылып, ауаға улы шаң-тозаң шығарғанша қарапайым халық бұдан бейхабар болған. Қала тұрғындары арматура зауытының балқытқан темірлерінің арасында Созақ ауданындағы уран өндірісінен қалған металл бұйымдар бар болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Жаңатас қаласы жағрапиялық жағынан қазан шұңқырда орналасқан. Зауыттардан шыққан улы газ бен шаң-тозаң қаланың мөлтек аудандарына шөгіп қалады екен. Осы зауыттарды салуға рұқсат бергенде аудан әкімі Болат Мәдікенов Жаңатас қаласының 23 мың тұрғынының денсаулығын қалай ойламады екен? Жарайды, әкім де пенде, ол қаланың экологиялық ахуалын ескермепті делік. Ал аудан көлемінде арнайы құрылған комиссия инвесторға жер бөліп берерде қайда қараған? Оның құрамына аудандық СЭС-тің бастығы Ержан Есіркепов, сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы Т.Есқұлов сынды бірнеше басшылар енген. Сонда сала басшылары да жаңылысқан ба? ҚР Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің 2005 жылғы 8-інші шілдесіндегі № 334-і бұйрығына сәйкес, мұндай құрылыс (цемент зауыты) қала аумағынан 1000 метр қашықтықта орналасуы керек. Комбинат аталған комитеттің талаптары орындалмағаннан кейін қалада әртүрлі аурулар пайда болып, жеміс ағаштары бір жаздың ішінде қурап қалған. Осыдан кейін Қалмырза Жандарбеков бастаған қала тұрғындары үйлестіру кеңесін құрып, зауытты қала сыртына көшіру мәселесін Сарысу ауданы әкімінің алдына өткір қоя бастаған.

Бүгінде Жаңатастағы жастардың қауіпті рак дертіне шалдығып, қайтыс болып жатқандары да ащы шындық. Тұрғындармен тілдесіп, ел арасында демікпе ауруының етек алып бара жатқанынан да хабардар болдық. Бұдан басқа түрлі аллергиялық аурулар да өршіп кеткен. Мұндайға төзе алмаған қала тұрғындары өз еріктерімен Үйлестіру кеңесіне мүше болып, зауытты қала сыртынан көшіру үшін күш біріктіріп жатыр.

Бізге аудан басшылары арасында Санитарлық-эпидемиология стансысының басшысы Ержан Есіркепов қана біраз шындықты айтты. Ол «Жаңатас» құрылыс материалдарын шығаратан комбинаттың санитарлық заң нормаларын орындамағанын анықтайтын құжаттарды қолымызға ұстатты. Комбинат басшысы Б.Көмекбаев аудандық СЭС-ке жазған арызында зауытты уақытша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2009 жылдың 29.08. мен 31.12. аралығына дейін уақытша тоқтатқанын баяндапты. Шамасы зауыт қожайыны халықтың талабы бойынша зауытты тоқтаттым деп айтудан арланса керек. Комбинатты тексерген СЭС мамандары көптеген кемшіліктердің орын алғанын анықтаған. Олар зауытқа желдеткіш жүйелерін қалыпқа келтіруді, тас ұсататын жердің дыбысын сыртқа естілмейтіндей етіп қайта жабдықтауды, жұмысшылардың тамақтанатын, жуынатын және киім ауыстыратын жерлерін жасақтауды, қызметкерлерді алдын ала медициналық тексеруден өткізуді, зауыттың қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіретінін анықтайтын арнайы зертхана салуды, апатты жағдайға дайын болу жүйесін қалыптастыруды және өндіріс ошағы маңын көгалдандыруды осы жылдың аяғына дейін орындауды талап етіпті.

СЭС мамандары кәсіпкер Б.Көмекбаевқа тек әк, кірпіш, қиыршық тас өндіретін зауыт салуға рұқсат бергенін жоғарыда айттық. Ал зауыт іске қосылғалы бері цемент пен құрылысқа қажетті темір бұйымдар шығарып келгенін бүкіл халық біледі. Ал Сарысу ауданы әкімдігінің қызметкерлері «құжатта көрсетілмеген заттарды неге өндіріп жатырсыңдар» деп зауыттың есігін қақпағаны тіпті қызық. Тек халықтың талап етуінен кейін ғана сең қозғалған. Осылайша шенеуніктер өздерінің инвестор алдында дәрменсіз екенін байқатып қалды. Мемлекеттік актісі жоқ зауыттың жұмыс істеуіне аудандық прокуратураның қалайша жол беріп қойғанын тағы түсіне алмадық.

«Жаңатас» құрылыс материалдарын шығару комбинатының жұмыс істеуіне рұқсат берген «Тараз-Аспан» экологиялық компаниясының біраз жайтқа салғырт қарағаны да көзге ұрып тұр. Айтқалы отырғанымыз, «Тараз-Аспан» оның да айыбы аз емес көрінеді. Аудан әкімі Б.Мәдікеновтің зауыт іске қосылғанда арнайы қабылдау комиссиясын құрмай, жаңа өндіріс ошағының «тұсауын кесіп» жібергенін де айтпай кету мүмкін емес. Бұл мәселенің түйінін тарқатып, тігісін жатқызуға облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің өзі араласуы керек сияқты. Әйтпесе бұған кез келгеннің тісі батпайтын сыңайлы

Нұрғали БАЙҚАСҰЛЫ, зейнеткер:

—Өткен Ораза айында зауыттың қожайыны Бейсен Көмекбаев және аудан әкімі Болат Мәдікеновтің қатысуымен жиналыс өтті. Олар «зауыттан  шығатын шаң-тозаң мен түтіні зиянсыз. Біз оны арнайы құрылғылармен тексеріп көрдік» деп айтқандарынан қайтар емес. Сонда олардың құрылғысы біздің мұрнымыздан осал болғаны ма? Сол жиналыста бір циклда 5 вагон кокус жағатынын айтты. Бір вагонға 60 тонна жүк сиятыны белгілі. Осыдан-ақ ауаға шығатын улы газдың қаншалықты екенін бағамдай беріңіздер. Халыққа жанашыр болғанның орнына әкім «инвестор «сүттен ақ, судан таза» деп шырылдайды. Бұған не деуге болады? Облыстық экологиялық басқарма мамандары зауытты экономикалық сотқа береміз деп еді. Ал сот әуелдегі көзқарасынан айнып, «зауыттың жұмысы заңды екен» деп өзгеріп сала берді.

Ержан Есіркепов, Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы:

—2008 жылдың 28 қаңтарында «Алшын» фирмасының өкілдері бізге өтініш түсіріп, қаланың іргесіндегі өндірістік аймаққа құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат сұрады. Өтініште әк, кірпіш, қиыршық тас шығаратын зауыт салу айтылған-ды. «Алшын» фирмасы аудандағы басқа мекемелерден рұқсат алғандықтан, біз де өз тарапымыздан рұқсатымызды бердік. Ал сәуір, мамыр айында зауыттың құрылыс жұмыстары жүрді. Дәл сол уақытта Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялағандықтан зауыттың құрылыс жұмыстарын тексере алмадық. 2009 жылдың 1-шілдесінде облыстық санитарлық-эпидемиология департаментінен мамандар шақырып, өндіріс ошағын тексеріп, 13 пункттен тұратын кемшілікті анықтап, оны жою үшін үстіміздегі жылдың 1-қазанына дейін мұрсат бердік. Зауыт электр қуатын үнемдеу үшін түнгі уақытта жұмыс істегені белгілі. Сол кезде зауыттан шыққан шуыл заңда көрсетілген нормадан асып кеткен. Осылайша санитарлық норманы сақтамаған өндіріс ошағына 43 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ кәсіпорынның бізге көрсеткен құжаттарында цемент шығару мүлде көрсетілмегенін растаймын. Ал арматура зауытын тексеру үшін зауытқа арнайы хат жібердік. Бір айдан кейін тексеру жұмыстарын бастаймыз.

Жасұлан ӘДІЛБАЙҰЛЫ, Сарысу ауданының прокуроры:

—Кірпіш зауыты бізде іске қосылып, өзінің өнімін шығарған емес. Ал цемент зауыты жұмыс істеді. Осы мәселеге қатысты қаламыздың бір топ тұрғындары бізге арызданды. Бұдан кейін Жамбыл облыстық экономикалық соты зауыттың құжаты толық дайын болмағандықтан, оны тоқтатуға шешім шығарды. «Жаңатас» құрылыс материалдарын шығару комбинаты соттың шешімін орындауы тиіс. Цемент зауытының да біраз бөлшектері дайын болмағандықтан, ол да тоқтатылды.

Күләш КУДАШЕВА, Сарысу аудандық-аумақтық емханасының бас дәрігері:

—Соңғы кезде демікпе мен аллергиялық ауруларға шалдыққан адамдар емханаға көп келетін болды. Зауыттың қоршаған ортаға аса зиянды екенін анықтауы үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, аурулардың қатары өсуі мүмкін. Зауыттан шыққан улы заттардың зардабы бір жылда белгілі болмайды ғой. Бұл мәселені қазірден бастап ойламаса болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста