Түрмеден босатудың түйткілдері

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздегі жазалау жүйесіндегі айыппұлдар 5 пайыздан аз, түзету жұмыстары – 0,4 пайыз, қоғамдық жұмыстар – 0 пайыз. Қазір жазалаудың негізгі түрі – бас бостандығынан айыру болып отыр. Түрмеден босағандарды ешкім бақыламайды, соның нәтижесінде олар қылмыскерлер қатарын көбейте түседі», – деп атап өткен болатын.

– Иә, мұның нәтижесін бүгінгі  күні шынайы өмірде көріп отырмыз. Жазалаудың негізгі түрі – бас бостандығынан айыру болғандықтан, бүгінгі таңда түрмелерде отырған адамдар саны күрт өсіп, Орталық Азия елдеріндегі осындай көрсеткішпен салыстырғанда, екі-үш есеге көп болып отыр.  Бұған, бір жағынан, түзету  мекемелері даяр емес болса, екінші жағынан, бұл  – бюджет қоржынына қосымша салмақ.

Бұған дейін әділет министрі Рашид Түсіпбеков бұл деректерді растап, 2010 жылы рақымшылық шарасын өткізу қажеттігін айтқан болатын.  Министр: «Бұл тұтқындарға жұмсалатын бюджет шығынын азайтып, түзету мекемелерінің толып кету мәселесін шешіп бермек», – деген еді. Алайда «рақымшылық жасау арқылы бұл мәселені шеше алмаймыз»  деген пікір ұстанушылардың  да өз дәйектері бар.

Мәліметтерге сүйенер болсақ, егемендік алғалы бері елімізде сотталғандарға жеті рет рақымшылық жасалған екен. Алайда мұндай шаралар түзету мекемелері төңірегінде қордаланған мәселелердің түйінін шеше алған жоқ. Осы ретте не істеу керек деген сауалдың тууы да орынды.

Берік ИМАШЕВ, Сенат депутаты:
«Амнистияның  қажеттігі  түрмелерді ұстап тұруға деген қаражатты мемлекет жеткілікті дәрежеде бөлмей отырғандығымен, олардың лық толып кеткенімен негіздеу – проблеманың шешімі емес, оның салдарымен күресудің әрекеті болып табылады. Амнистия актісін жариялаумен қатар, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру тұрғысында реформа дайындап және оны іске асыру қажет сияқты. Қазақстандағы амнистия мемлекеттің қылмыстық саясатының прогрессивті өзгеруінен туындаған салдары болуы тиіс.

Түрмелердің толу мәселесін рақымшылық шаралары арқылы шешу мүмкін емес, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қажет. Жазасын өтеп қайтқан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту тәжірибесін жетілдіріп, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруге бағытталған заң жобаларын әзірлеуді және сотталғандарға рақымшылық жасау мәселелерін Елбасының соңғы Жолдауында белгіленген тәртіп бойынша шешкен дұрыс. Таяуда ғана парламент қарауына берілген Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексі, Әкімшілік-іс жүргізу кодексі жобаларын қайтарып алу керек. Өйткені Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін оларды түпкілікті қайта жасап шығу қажеттігі туындап отыр», – деді.

Әрине, рақымшылық – бұл адамгершілік, имандылық. Мына қатыгез қоғамда ол да – қажетті шара. Десек те, рақымшылық жасау барысында неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Осы сауалдың жауабын зерделеп көрсек.

Ұтатынымыз:

– Абақтыларда толып кеткен сотталғандар санын азайтып, түзету мекемелерінің нормаларын сақтап, евростандартқа сәйкестендіруге болады;

– осы арқылы шетелдіктердің сыни көзқарасын оңалтамыз;

– бюджет қаржысын үнемдейміз;

– адамгершілік қағидаларын ұлықтайтындығымызды көрсетеміз;

Ұтылатынымыз:

– Бейімдеу орталықтары болмағандықтан, олар қайта қылмыс жасап, қылмыскерлер саны күрт өсуі мүмкін;

– Түрмеде туберкулезге шалдыққандар бостандыққа шыққан соң, қадағалаудан тыс қалып, ауру таратуы ықтималдығы жоғары.

Ұтатын тұсымызды тарата айтар болсақ, түрмелердің басым бөлігі Кеңес Одағы кезінде барак типті болып салынған. Бірқатары апатты жағдайда. Абақтыда отырғандар саны нормадағыдан көп. Бір бөлмеде 40-50 адам жататындықтан, санитарлық нормалар, әлемдік стандарттар сақталмайды. Егер де сотталғандар санын азайтып, нормалар мен стандарттарды сақтай алсақ, батыстың сыни көзқарасы өзгерер еді. Ал қаржы үнемдеу мәселесіне келер болсақ, шамамен, сотталған бір азаматты бағуға мемлекет бір күнде 800 теңгеден артық ақша жұмсаса, бір айда 25 мың теңге жұмсайды екен. Яғни бір жылда – 300 мың. Егер де түрмеде отырған 63 мыңнан астам адамның 20 мыңына рақымшылық жасар болсақ, бюджет қоржынынан бір жылда 3 млрд теңге үнемдейді екенбіз. Дініміз ислам болғандықтан, адамгершілік, имандылық қағидаттарын да ескергеніміз жөн-ақ.

Ұтылатын тұсына келер болсақ, мамандардың айтуына қарағанда, бейімдеу орталықтары болмағандықтан, сотталып шыққандардың басым көпшілігі қайта қылмыс жасайды, онымен қоса жастарды қылмысқа тартады екен. Демек, бұл мәселені реттей алмасақ, қылмыс жасаушылар саны күрт өсері анық. Ал дәрігер мамандар туберкулезге шалдыққандар мәселесіне алаңдаушылық білдіруде. Олардың мәліметіне қарағанда, түрмеден босап шыққандардың кейбіреуі көрсетілген мекенжайға келмейді, бақылаудан тыс қалады. «Түрмедегілердің туберкулездің ашық түрімен ауыратынын ескерсек, мұның қаупі жоғары. Бұл аурудың ашық түрі тұрмыстық жағдайда да, ауамен де жұға береді», – дейді дәрігер мамандар.

Қашанда таяқтың екі ұшы болатыны анық. Десек те, тоғыз ай толғанып, он ай ойлануға уақыт күттірмейді. Сондықтан өгіз өлмейтін, арба сынбайтын шешімге келген жөн. Бейімдеу, қадағалау орталықтарының жұмысын тиянақты жолға қоя отырып, адамгершілік қағидасын іске асырсақ, ешкім де ұпай жоғалтпас еді.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста