Түрмеде сексуалды зорлық көрдім деген трансгендер кінәлілерді жазалауды сұрайды
Трансгендердің әйелдер колониясында сексуалды зорлыққа ұшырағаны туралы мәлімдемесінен кейін қозғалған қылмыстық іс жарты жыл өтсе де сотқа жетпеген. Жәбірленуші тарап "қысым көрсетілгенін" айтады.
Бұл оқиғада жаға ұстататын жайттар көп.
Трансгендер әйел арнаулы қызмет өкіліне сексуалды зорлық көрсетті деген айып тағып отыр. Ол қылмыстың өзі жазасын өтеп жатқан жалпы режимдегі колонияда болғанын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "экстремистік" баптар бойынша жазаға кесілген тұтқындармен жұмыс істейтін өкілі жабық мекемеге еш кедергісіз кіргенін айтады. Зорлық көргенін мәлімдеген трансгендер әйел мен күдікті қазір Алматы шетіндегі бір тергеу изоляторында отыр.
2019 жылы шілде айында адвокат Айман Омарованың Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде болған зорлық туралы мәлімдемесінен кейін қозғалған іс әлі сотқа жетпеген. Адвокат айтқан зорлық фактісінен бері жарты жылға жуық уақыт өткен. Омарованың сөзінше, адвокат пен оның қорғауындағы жәбірленуші Виктория Берікқожаеваға желтоқсан айында тергеу амалдары аяқталғанын хабарлаған. Бірақ кейін тергеу жалғасып, соңында іс материалдары сотқа берілмеген. Жәбірленуші тарап істің созылуын ықпалды құрылымның араласуынан көреді.
- Тергеу органдарына, прокурорға [оперативті тергеу тобының басшысы] қысым көрсетіп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы өзі еш мәлімдеме жасамағанына қарамастан, жағдайға қарап, оған қысым жасалып отыр деп ойлаймын. Кейінірек сотқа қысым көрсететіні белгілі. Өйткені бізде сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қорқады, - деді қаңтардың 9-ы күні Facebook парақшасына жариялаған видеоүндеуінде адвокат Айман Омарова.
Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын тергеу органдары мен қылмыстық іс куәгерлеріне қысым көрсетпеуге шақырды.
Адвокат Айман Омарова.
КҮДІКТІНІҢ "БИОМАТЕРИАЛЫ" ТҰТҚЫННЫҢ КИІМІНЕН ТАБЫЛҒАН
Виктория Берікқожаева ақпарат құралдарының назарына 2017 жылғы сот процесі кезінде ілінген. Сотта ақша бопсалау туралы істер көп қаралады, бірақ бұл жолы тілшілерді іске қатысушы адамның тұлғасы көбірек қызықтырған. Сотта жынысын ауыстырған адам жауапқа тартылған: құжат бойынша ер адам деп көрсетілген азамат физиологиялық тұрғыда әйел боп шыққан. 2016 жылы тұтқынға түскенге дейін трансгендер азамат жынысын ауыстыру бойынша ота жасатқан, бірақ құжатын өзгертіп үлгермеген (Қазақстанда 2009 жылдан бері "жынысын анықтауда ауытқушылығы бар тұлғаларды медициналық куәландыру бойынша комиссия" келісімін алған жағдайда, 21 жастан асқан азаматтарға ота жасап, жынысын өзгертуге рұқсат беріледі). Баспасөз айыптау үкімі шығарылса, Виктория ерлер түрмесіне түсуі мүмкін деп жазды. Сот шешімі жарияланған күні ол жаңа құжат алып, көп ұзамай Жауғаштыдағы әйелдер колониясына ауыстырылды.
- Жасыратын түгі жоқ. Бұрын ұзақ уақыт бойы жасырып келдім, бұл менің жеке құпиям болатын. Қазір бұл туралы бүкіл ел біледі, бұдан ұялатын ештеңе көріп тұрған жоқпын, өмір солай. 21 ғасыр – толеранттылық дәуірі. Қазір мұнымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Бұл қадамға неге барғанымды ешкімге дәлелдеуге тырыспаймын. Өйткені жан-дүниемде не болып жатқанын ешкім білмейді. Маған осы өзгеріс керек болды және ол үшін өкінбеймін. Бірақ бұл менің сексуалды әрекеттерге бейім екенімді білдірмейді. Мен – жезөкше емес, әйелмін. Ешкімге өз хикаямды баяндап, басымнан не өткенін айтып, шағынғым келмейді. Өз оқиғамды ешқашан пайдалануға тырысқан емеспін. Менің хикаям [түрме] жүйесіне түскеннен кейін ғана жұртқа белгілі болды, - деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Виктория.
Ол темір тордың арғы жағында бірнеше рет қорлық көргенін, бірақ мұнысын дәлелдей алмағанын айтады. Қазір жағдай басқа – Виктория сексуалды зорлық туралы мәлімдеме жасап, оның арызы қылмыстық іс қозғауға себеп болған.
Бірінші Қылмыстық кодекстің 121-бабының екінші тармағы "Бірнеше рет қайталанған сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттері" бойынша іс қозғалған. Қазан айында сараптама нәтижесінде Берікқожаеваның киімінен табылған "биоматериал" күдіктіге тиесілі екені анықталғаннан кейін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері тұтқындалған. Осы кезде іске 146-бап ("Өкілетті тұлғаның қасақана физикалық және психикалық азап көрсетуі") қосылған.
Жауғашты кентіндегі әйелдер колониясы (ЛА-155/4 мекемесі). Алматы облысы, 20 маусым 2019 жыл.
"ҚАРСЫ ШАҒЫМ ЖАЗСЫН"
Виктория Берікқожаева соңғы кезде тергеу изоляторында отырғандар өзімен байланысқа шығып, "сәлемдеме жеткізгенін" айтады.
- Сотқа немесе тергеу шараларына барғандарға бейтаныс адамдар немесе қызметкерлер келіп, "Викамен бірге отырсыз ба?" деп сұрайды. Болмаса "Виктория осындай камерада отыр, оған барып, "қарсы" шағым [зорлық туралы жазылған бірінші арызды жоққа шығаратын] жазсын деп айтыңыз. Сонда біз оны босатамыз, еркін өмірде "қорған" боламыз, бәрі жақсы болады" деп айтады. Осындай ұсыныс бес рет түсті, - дейді ол.
Виктория мұндай ұсыныстардан бас тартады. Ол арам пиғылы жоғын, күдіктіден ақша өндіруге арыз бермейтінін айтады:
- Мен үшін бастысы – ол жазасыз қалмасын. Маған оның ақшасы керек емес. Мен үшін кінәлі адамның жазаланғаны маңызды.
Азаттық күдіктінің адвокатымен байланысып, өз қорғауындағы айыпталушы тарапынан тергеу органдарына жасалған қысым туралы Айман Омарованың мәлімдемесіне байланысты жоққа шығаратын, не растайтын пікір беруін сұрады. Мақалада өз аты-жөнін көрсетуді қаламаған адвокат іске байланысты пікір беруден бас тартты.
"ӘЙЕЛ ТҰТҚЫНДАР ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮЙІН КЕШЕДІ"
"Ұлағатты жанұя" қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның сөзінше, темір тордың арғы жағындағы әйелдер қорғансыз күйде деуге болады. Ол Наталья Слекишинаның ісін мысалға келтірді. 2016 жылы Слекишина тергеу изоляторында топтасып зорлауға ұшырап, жүкті болғанын, баласын түрмеде босанғанын мәлімдеген. Қылмыстық іс сотқа жетіп, сараптама нәтижесінде сәбидің әкесі екені расталған изолятор қызметкері сотталып, тоғыз жылға түрмеге қамалды. Басқа күзетшілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Гурина ер тұтқындардың құқығы жоқ болса, әйел тұтқындардың екі есе қорғансыз күйде екенін айтады.
"Ұлағатты жанұя" қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина.
- Әйел түрмеге түскенде тастандының күйін кешеді. Өзін тастанды сезініп, жалғыз қалған әйел түрмеде қорғансыз болады. Тұтқынды темір тордың арғы жағында қорлап, зорлаған кезде, оның бақылаушы органдарға шағымын жеткізуге мүмкіндігі болмайды. Бірақ кейде Слекишина мен Берікқожаеваның басында болған тәрізді жағдай үлкен шуға ұласып, назарға іліккен бірлі-екілі жайт кездеседі, - дейді Марианна Гурина.
Қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар елдің түрме жүйесіндегі жағдайды бірнеше рет сынаған. Өткен жылы наурыз айында АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі адам құқықтары жөніндегі есепте Қазақстан колонияларындағы жағдай қатаң деп сипатталып, тұтқындардың заңбұзушылықтарға кезігетіні айтылған. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған резолюциясында Қазақстандағы бостандығынан айыру орындарында "азаптағандардың жазасыз қалуы – қалыпты құбылысқа" айналғанын мәлімдеген.
Виктория Берікқожаева өзінің "жүйеге" қарсылығы мерзімінен бұрын шартты негізде босап шығуына кедергі келтіретінін түсінеді.
- Менің мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігім 2021 жылы сәуір айында туады. Ол уақытқа дейін, Құдай қаласа, босап шығатын шығармын. Босамасам, жаза мерзімінің аяқталатын уақыты да алыс емес. Негізі жазамды толық өтеп шығуға күшім мен денсаулығым жетеді. Көбі мені осы жағдайды пайдаланып, мерзімінен бұрын босап шығуға тырысып жатыр деп ойлайды. Жоқ! Бастысы — арымды қорғау, менің де басқалар сияқты адам, әйел екенімді, әйелге қарсы зорлық жасалғанын дәлелдеу. Ешкімнің мені қорлап, зорлық жасауға құқығы жоқ. Сот мені бостандығымнан айырды. Бірақ сот осындай азаптаудан өту туралы үкім шығарған жоқ, - дейді ол.
Виктория қалыпты өміріне оралғысы келетінін айтады. Өзінің сөзінше, тұтқындалғанға дейін, ол концерттер мен әртүрлі шаралар ұйымдастырумен айналысқан. Жеті жылға сотталған Викторияның жаза мерзімі 2023 жылы тамызда аяқталады. Ол босағаннан кейін шетелге кетуді армандайды.
"Болашақта, бостандыққа шыққаннан кейін, мені ешкім танымайтын елге кеткім келеді" дейді ол.