Тауымыз бен тасымыз, өзеніміз бен көліміздің, жазира даламыздың қойнауында қаншама сыр жатса да, біз әлі туризм деген «кереметтің» құпиясына қаныға қойған жоқпыз. Айталық, «қазақ мұнайының астанасы» деген бейресми атауы бар Атырау аймағы бұл салаға соңғы үш-төрт жылдың жүзінде ғана ден қоя бастады.
Күні бүгін облыс бойынша екі туристік нысан жұмыс істейді. Олар – Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені және Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» демалыс базасы. Бұлардан бөлек, Жылыой ауданындағы «Қамыскөл», Индердегі тұзды көл, оның шипалы балшығы, Еркінқала ауылы жанындағы «Жасыл арал», Каспий теңізінің ен жағалауы, Махамбет батыр мен Мұрат Мөңкеұлының кесенелері, күйші Құрманғазы дүниеге келген Сағырбай қыстауының маңы, әлі күнге сырын ішіне бүгіп жатқан Құрманғазы ауданындағы «Бесшоқының үңгірі», «Ақмешіт» тарихи орны, Ақкерегешін, Ақтолағай үстірттері, Иманқара тауы, қолы епсекті адам табылса, бір-бір туристік орталыққа айналып шыға келетін нысандар емес пе?! Түптеп келгенде, туризм – ел мен жерді, өткенің мен болашағыңды таныстыру, ордалы Отаныңды ұлықтау. Осы мәселеге ерекше тоқталып отырғанымыз да сондықтан.
Атырауға қызығушылық артып келеді
Облыста туризмді дамыту үшін жеке кәсіпкерлер төрт инвестициялық жоба ұсынып отыр, олар: Сарайшық елді мекенінің жанындағы «Қазына-тал» жер телімінде туристік орталық салу, Атырау қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан Ақжар селосының жанынан туристік орталық салу, Каспий теңізінің жағалауында қонақүй салу және Махамбет ауданының Сарытоғай селосында туристік база құрылысын бастау.
Бұл жобалар лайықты жүзеге асса, ел үшін де, жер үшін де бір пайдалы дүние болар еді. Ал әзірге атыраулықтар шекара асып, шетелде демалғанды құп көріп жүр. Бұған ішкі туризмге жете көңіл бөлінбей отырғаны да себеп болса керек.
Сарайшыққа қашан сән кіреді?
Жеті ханның мүрдесі жатқан киелі аймаққа зиярат ете келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінің ашылу салтанатында болып еді. Бүгінгі таңда мұражайда 3784 экспонат бар.
Молдаш БЕРДІМҰРАТОВ, мұражай директоры:
– Сарайшық – ХІІІ-ХVI ғасырларда Батыс пен Шығысты байланыстырған ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды бекеттердің бірі, хан ордасы болған ортағасырлық қала. Алтын Орда мемлекетінің астанасы Бату сарайымен қатар ХІІІ ғасырдың орта шенінде салынған. Сарайшықтың гүлденуіне ұлы Жібек жолы керуенінің қосқан үлесі көп болды. Күні-түні ағылған керуен Сарайшық үшін байлықтың көзі болды. Онда сол заманғы шығыстық сәулет өнерінің озық үлгілерімен салынған ғимараттар көбейді. Дүниенің түкпір-түкпірінен керуенмен келген әртүрлі елдердің өкілдерін тамсандырған ғимараттар Алтын Орданың қалаларында аз болмапты. Кезінде орыс патшасы Мәскеудегі Қызыл алаңды салдырарда оның жоба-үлгісін – Сарайшықтан, ал Кремль қорғанының үлгісін Бату сарайынан алыпты, кейін мұндай қалалар Ресейден басқа жерде болмауы тиіс деп сан мыңдаған әскерімен Сарайшықты да құлатыпты...
Міне, осындай тарих тұнған мекеннің алтыдан бес бөлігі судың астында қалды. Өткен жылы мемориалдық кешен күрделі жөндеуден өткізілді. Дегенмен шешімін таппай тұрған мәселелер де аз емес. Солардың бірі – қала қонақтары мен саяхатшыларды апаратын тұрақты маршруттың жоқтығы. Содан да ортағасырлық кереметті көргісі келетіндер таксилетуге мәжбүр. Өткен жылы оңтүстіккореялық ғалымдар келіп Сарайшықта туризмді дамытуға инвестиция салмаққа ниеттенген еді. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы туризмді дамыту бөлімінің бастығы Қарлығаш Бекбаева: «Кореялықтар Сарайшықтың табиғатын зерттеп, жұмсаған қаржыларын ақтай алмайтын болғандықтан, ол ойларынан бас тартты», – дейді. Енді бұл жерге түрік компаниялары қызығушылық танытып отыр. Шеттен келіп, шарықтатып береді деп қол қусырып отыра бермей, жергілікті кәсіпкерлер де осы салаға инвестиция құйса дейсің. Бірақ бұл істі бастауға әзірге патриоттық сезіміміз жетіспей отырғандай ма? Әйтпесе, бізден басқа ел болса, Сарайшықты әлдеқашан аспанасты мұражайына айналдырып қойған болар еді...
«Ақжайық» қорығын құтқарайық!
Бұлай деп дабыл қағуымызға себеп жоқ емес. Солтүстік Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын салуға таңдап алынған аймаққа осы қорықтың да жері кіреді. Егер база салынса, қорықты мекендеген тіршілік иелеріне аса зор экологиялық қауіп төнуі мүмкін. Мұны эколог-ғалымдар да жоққа шығармайды. Жә, бұл – басқа әңгіменің төркіні. Біздің бұл жолғы айтайын дегеніміз – аймақта экотуризмді дамытуға көңіл бөлініп отырғаны. Бүгінде «Ақжайықта» аймақтағы мұнай-газ өндірісінің әсерінен азайып бара жатқан құстар мен су жәндіктері қорғауға алынған. Табиғи қорықта жыл құстарының 292 түрі кездеседі. Оның 76-сы осы өңірде қыстайды және 30-ға жуығы Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ сүтқоректілердің де 40-қа жуық түрі сақталған. Экотуризмді дамыту мақсатында өткен жылы111,5 мың гектар көлемі бар «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығының аймағында үш экологиялық маршруттық соқпақ жасақталды және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен туроператорлар үшін «Атырау-Зарослый-Пешной» экомаршруты бойынша ақпараттық тур өткізілді. Қорыққа бірнеше қарау алаңы орнатылды. Енді ол жерлерге оптика қою жоспарланып отыр, ол құрылғы арқылы келушілер аңдар мен құстардың өмірін өз көздерімен көре алады.
«Қорық Рамсар конвенциясына кірген, бұл аталған аймақтың халықаралық маңызы барын айқындайды», – дейді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Елемес Рақметов. Бұл жердегі басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Қазақстанда қорық ісінің менеджерлерін дайындайтын оқу орнының жоқтығынан бұл салаға келетін жас, білімді мамандар жетіспей отыр.
Тағы бір мәселе экооқиғалық туризмге байланысты өрбиді. 1999-2002 жылдар арасында Жайық өзенінің сағасында спорт әуесқойлық туризм бойынша «ұстап-жіберу» балық аулау кәсіптік турлары ұйымдастырылып отырған. Туристік ұйымдар Германия, Австрия, Бельгия, Югославия, Венгрия, Англия елдерінен туристер қабылдап, туризмнің бұл түрінен шетелдерге кеңінен таралып, танымал болған. Бірақ бұл жұмыстар кейін жалғасын таппай қалды.
Дамбы ауылы думанға бөленеді
«Глобус» үкіметтік емес ұйымы өткен жылы жақсы бір жобаны қолға алды. Ол жоба «Атырау облысының Дамбы селолық округінде экотуризмді дамыту бойынша биологиялық компоненттердің әртүрлілігін тұрақты қолдану» деп аталды. «Глобустың» басшысы Галина Чернова: «Жоба екі мақсатты көздейді», – дейді, оның бірі – ауыл тұрғындарын экотуризм бағдарламасы бойынша оқыту болса, екіншісі – ішкі туризмді дамытуға Дамбы селолық округін тарту. Сол арқылы экологиялық, танымдық, этнотуризмді, халықтық фольклорды, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту. Дамбы селолық округі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының туристік маршруттарының жүріп өтетін жолында орналасқан. Екіншіден, Дамбы селосында 2500 тұрғынның 300-інің ғана тұрақты жұмысы бар. Теңізге жақын орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының басым көбі браконьерлікпен айналысады. Сондықтан да ауылда экотуризмді дамыту жергілікті тұрғындар үшін табыс көзін жасауға мол мүмкіндік береді. Экотуризм – халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрпын туристерге ұсынуда аса керекті дүние. «Глобус» ұйымы тұрғындарды арнайы бағдарламамен оқытуды жоспарлаған. Ал бұл бастаманы ESS SUPPORT SERVICES, «Теңізшевройл» компаниялары қолдап отыр.
Туризмге таптырмас мекен өзімізде де толып жатыр
Последние статьи автора