Tozbe: қоғам әйел үнін ести ме?
Жақында ғана Tozbe мобайл қолданбасы сынақтан өтті. Бұл қосымшаны алматылық оқушы қыздар ойлап тапқан. Олар еліміздегі зорлық-зомбылық статистикасы күн санап өсіп жатқанына алаңдайды. Мәселен, дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, жыл сайын 400-ге жуық жуық әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Ал былтыр полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық турасында 100 мыңнан астам хабарлама түскен.
Бір батырма сиқыры
Жоба авторының бірі – Сәния Мұхамбетқалиева Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы. Оның айтуынша, Tozbe мобайл қосымшасын Technovation Girls халықаралық байқауына арнап жасаған. Олар команда ретінде әлеуметтік проблеманы негізге алып, қолданба жасап, IT шешім ұсынған екен. Кейіннен жобаны ел ішіндегі байқауға да ұсынып, грант жеңіп алған.Сәния командадағы IT-ға қатысты мәселеге жауапты болса, Аружан Нүсіпжан – FrontEnd жасаушы, Дана Скороходова – SMM-менеджер, Аликсения Мартышева – мәлімет жинау бойынша менеджер, Селин Четинелли – қаржы менеджері, Мира Оңғарова – әлеуметтік жетекші. Айта кетерлігі, қоғамдағы әйел үнін естуге ұмтылған қыздардың жасы – 17-19 жас аралығында.
Олар халықаралық жобалармен қатар ел ішіндегі «Қазақстанға арналған 100 идея» ұлттық байқауында «Әлеуметтік сала» аталымы бойынша жеңіске жеткен. Оған қоса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастамасымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауынан 3 миллион теңге грант ұтып алған. Ұтысты жоба дамуына салып, ары қарай дамыту үшін тағы да қаржы тарту көзін іздеп жүр.
Ал қосымшаға келсек, қолданушы ең жақын туыстарымен байланысып, дағдарыс орталығынан жылдам көмек сұрай алады. Одан бөлек, психолог, заңгер, отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбын зерттеп жүрген адамдардан кеңес сұрай алады. Жобаның әлеуметтік желідегі парақшасында да кейіпкер оқиғасымен бөлісіп, маман кеңесін алған жағдаяттар берілген.
Сәния Мұхамбетқалиеваның айтуынша, бұдан бұрын да осыған ұқсас бірнеше қосымша жарық көрген. Кемшілігі – қолданба арқылы хабарласу. Автордың пікірінше, зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келген адамда смартфонын қолына алып, қандай да бір түймені басуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан қыздар дауыс арқылы хабар беретін қосымша жасауға ден қойған. Қосымшаны жүктегенде кітап оқуға арналған ба деген ойға қалуыңыз мүмкін. Зер салсаңыз, экран бұрышында көрінбейтін түйме бар. Соны басқан кезде Tozbe жайлы мәлімет шыға келеді. Жоғарыда айтқандай, авторлардың басты мақсаты – жәбірленушінің дауысы арқылы жақындарына хабар беру. Мысалы, қолданушы «көмектесіңіз» деп айтқанда, функция жұмыс істей бастайды. Осылайша, сіз тіркеген бірнеше нөмірге автоматты түрде хабарлама мен мекенжайыңызды жібереді. Ерекшелігі – Tozbe жәбірленушінің дауысын 20 метр қашықтыққа дейін ести алады. Аталған фукциялар рет-ретімен орындалуы үшін тіркелуші дерегін дұрыс енгізгені жөн. Әрі қалаған кезінде өшіріп тастауына не өзгертуіне болады.
Shuaq командасының айтуынша, қосымша отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайының жабулы қазан жабулы күйінде қалмауы үшін атсалысады. Әуелде зерттеу жүргізіп, абьюзер-күйеудің әйелінің телефонын үнемі тексеретінін ескерген. Яғни, байқап қоймауы үшін қолданбаның бетінде бірнеше кітаптың суреті шығып тұрады. Команда мүшесі Дана Скороходова жоба бойынша әзірге он шақты бұйрық сөз іске қосылғанын, SOS кейпіндегі сөздер әлі де толығатынын атап өтті.
Айтылмайтын жай көп
Жоғарыда жазғанымыздай, қосымша тұсаукесері өткен күні «Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресу керек?» атты панельдік дискуссия ұйымдастырылды. Онда аталған мәселенің шығу төркіні, көмек сұрау және көрсету, құқық жағынан ескерілуі жайлы өткір пікір қозғалды. Спикерлердің бірі Айсана Әшім елімізде абьюзерлерге қарсы қылмыстық жауапкершілік жоқ болғандықтан, қол жұмсау фактісінің көбін атап өтті. Сондай-ақ әйелдің денсаулық пен психикадан бұрын «ұят боладыны» алдыңғы орынға қоюы себеп болып отыр.
Ал заңгер Әйгерім Құсайынқызының мәліметінше, бакалавриатта білім алып жатқандардың 57 пайызы, магистратурада білім алып жатқандардың 62 пайызы, PhD-де оқитындардың 70 пайызы – қыздар. Білімді әйелдердің көптігіне қарамастан, олардың экономикалық нарықтағы үлесі 25 пайыз. Яғни, әйелдердің басы көпшілігі қаржыға келгенде күйеуіне тәуелді. Сондықтан зорлық-зомбылық көрсе де, сотқа дейінгі кезеңде татуласып жатады. Одан бөлек, спикер «бұрын қазақта ажырасу болмаған» сарынындағы пікірге түбегейлі қарсы. Қазір қоғамды бұрынғысымен салыстыруға келмейді. Себебі бұрын ажырасудың экономикалық салдары басым болған. Мысалы, «Жеті жарғы» бойынша қалың малға 70 жылқы берсе, ажырасқан қыздың әкесі оны 100 есе қылып қайтаруға мәжбүр. Қарапайым отбасыға 700 жылқыны қайтару қиын. Сол үшін заңгер әйелдерді ішкі дауысты тыңдап, зорлық-зомбылыққа қарсы шығуға шақырды.
Қосымшаның да діттеген мақсатының бірі заңгер ойымен үндеседі. Адамдардың зорлы-зомбылық фактісін жасырмай, ашық айтып, бөліскенін қалайды. Қазір де біршама оқырман қолданбаның әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғасын бөліскен. Сол үшін сарапшылар қоғамның бет-бейнесіне айналған адамдарды да осы мәселеге көңіл аударып, қарсы шығуға шақырды. Өйткені instagram желісінде «қайтып келу дұрыс емес», «бала психикасы мен ертеңі үшін төзу дұрыс» дейтін блогерлер әлі де бар. Дегенмен баланың өзі анасының жағдайын көріп, «ажырасшы» дейтін жағдайды да оқып, біліп жүрміз. Не де болса қоғамдағы ашық пікір жаңаруға әкелетіні сөзсіз. Оған қоса, әлеуметтік мәселені ту еткен фильмдер де ел ішіндегі пікірдің өзгеруіне әкеледі. Сондықтан дискуссия қатысушылары масс-медиадағы шынайы ақпаратқа, көгілдір экрандағы боямасыз бейнеге назар аударуға шақырды. Әсіресе, ұлттық деңгейдегі арна мен басылымдардың проблеманы айқын әрі нақты жеткізуін сұрағаны тағы бар.
Расымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия тақырыбы күн тәртібінде тұр. Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың басынан бері 18 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы белгі берген. Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің полицияға хабарласу тенденциясы 2015 жылдан бері 2,5 есе өскені тағы бар. Аталған жылы 49 мың рет қоңырау түссе, қазір көрсеткіш 120 мыңға жеткен. Көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қаласынан, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облысынан қоңырау шалған. Бірақ полицейлер түскен шағымның 60 пайызы бойынша тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені көп жағдайда жәбірленуші өтінішінен бас тартқан. Яғни, абьюзер тарапынан қорқыту, үркіту, әйел тарапынан психикалық қорқыныш басым деген сөз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ