Төлеуғали Әбдібековті фашистер «қара өлім» атаған

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына 296 күн қалды
Енді бір жылдан соң сіздер мен біздер болып барлығымыз Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесін тойларымыз анық. Иә, енді тура бір жылдан соң тағы да омырау алқызыл гүлге, дүние алаулы нұрға, ашық аспан бейбітшілік жұлдыздары – қызыл, көк, жасыл түсті салюттерге толады.
Алпыс бес жыл толады. Сосын, 70, 80, 100 жыл... «Айдаһар болып майдан жұтып жатты, ата мен немере аралығын» деп Қадыр ақын жырламақшы, қыршын өмірін снарядтың ұшқынын қолшатыр етіп, окопта қалған ата мен немеренің аралығын іздейміз.
9 мамырдың таңымен күңірене оянған көңіл Мәңгілік алаудың айналасынан кете бере күлімдеп, жадырап сала береді. Естелік айтысар ешкімі жоқ, көкіректе шер боп қатқан қан қызыл көп суреттің көрмесін арқалап, қарт солдаттар қашанға дейін жүрер дейсің. Жеңісті шинеліне орап әкелген тірілерге қарап, опат болғандардың аруағына бас иеді-ау деген бар үміт шөбере мен шөпшектің еншісіне телінеді.
Біз, бүгінгі ұрпақ, ештеңені ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Қазіргі сәулетті өмір үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген, арамызда әлі де белгісіз болып келген ерлер есімін ел есінде қалдыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. Біздің міндетіміз – 1418 күн мен түндегі ел тағдырын еңкеймей көтерген аға-әкелеріміздің қаһармандығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тек қана той-думанмен өткізіп қоймай, соғыстың зардаптары мен қайғы-қасіретін жас ұрпақ санасына сіңіре беруіміз де қажет. Халық басына түскен нәубеттен құрбан болған азаматтардың аруағын әр уақытта еске алып құрметтеуіміз, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға дербес мемлекет атанғаннан кейін тарихымызды өз көзімізбен, өз сөзімізбен қайта жаза бастадық. Ең алдымен шейіт боздақтарымыз халқымен қайта қауышты. Барлығын Мәскеу шешіп тұрған заманда Ұлы Отан соғысында да боздақтарымыздың қағажу көріп, «марапат қазанынан» қағылғаны енді белгілі болып жатыр. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, іштегі шерді тәуір-ақ ақтардық. Әлі де ақтара береміз. Тек есітер құлақ содан нәтиже шығарып, әділдік пен шындық орнатар «үлкен жүректі азаматтар» ат үстінде болсын дейік.
«Батыр» деп жарлықпен Батыр болғандарды ғана айтпау керек, елі үшін жауған оқтың астында жауға қарсы қорықпай бас көтергендердің бәрі – Батыр. Алайда Отан ортақ болғанмен, орталықтың ала қойды бөле қырқып, ұсақ ұлт өкілдерінің ерен ерлігін елеусіз қалдыруға тырысқанын несіне жасырамыз? Әйтпесе Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Бауыржан, Қасым, Рақымжан, Бақтыораз сияқты қаһарман қазақ ұлдары мен қыздарының қатарын 281 фашисті жер жастандырған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов, 397 фашистің көзін жойған мерген Төлеуғали Әбдібеков, Будапешт қаласын алуда асқан ерлік көрсеткен сержант Сембай Қалиев, ұрыс барысында 227 жау солдаты мен офицерін жойып жіберген Ысқақ Әлиев, тек бір ұрыста 38 жау әскерінің көзін жойып, 49-ын тұтқынға алған аға сержант Алқар Оңғаров, Берлин үшін болған шайқаста 200 фашисті жойған офицер Аманша Меңдіғалиев, жаудың бес танкісіне қарсы шығып ерлік көрсеткен лейтенант Сұлтанбай Ысқақов, үш соғысқа қатысқан ержүрек танк батальонының командирі капитан Сабыр Құрманалин, бес дұшпанды атып өлтіріп, 22-сін гранатамен жойған ефрейтор Ғұсман Ахметқалиев, жаудың бес дзоты мен екі бронемашинасын бір уақытта жойып жіберген сержант Ораз Әлібаев, «Даңқ» орденімен төрт мәрте марапатталған, 1945 жылғы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысушы старшина Темірғали Исабаев, бір өзі жаудың екі танкісін қиратқан, батальон комсоргі, гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожиновалар толықтыра түссе, нұр үстіне нұр емес пе!
Осыған орай, газетіміздің бүгінгі санынан бастап біз «Атақсыз қалған Батырлар» деген атпен жаңа айдар ашып отырмыз. Жүйелі түрде жарық көріп отыратын мақалалар арқылы сіздер Кеңес Одағының Батыры атағына лайық, алайда саяси солақайлық, тарихи әділетсіздіктің кесірінен бұл атаққа ие бола алмай қалған қазақстандық тұлғалардың ерліктерін паш ететін боламыз.

«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды!» Бұл – соғыс қасіретінің сабағы, бұл – бейбітшілік сүйген халықтар қалауы, бұл – құрбан болған боздақтар рухы алдындағы борыш, бұл – төгілген қан мен көз жасының көкіректерде тұнған мұңы мен сыры.
Сұрапыл соғыста 397 фашистің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков деген қандасымыз да өзіне тиесілі жоғары атақты ала алмапты. Оған себеп – ағасының 1937 жылы «халық жауы» болып жазаланғаны екен. Соңғы кезде осы мәселемен айналысып жүрген Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының президенті Жұмабек АШУЕВ былай дейді:
– Осы азамат жайлы жағдайдың анығына жетейін деп Алматыдағы Панфилов дивизиясының мұражайына барып, құжаттармен таныстым. Т.Әбдібековтің ерліктері жайында майдандық газеттерде аз жазылмапты. Ал мергеннің қаруы ҚР Орталық мұражайында сақтаулы екен. Бірақ оның 397 жауды жойғандығы туралы ресми құжат кездестірмедім. Сондықтан 2007 жылдың қазан айында ресми анықтама алу үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына сұрау салып, осы жылдың (2008 ж.) наурызының 12-сінде жауап алдым. Ол жауапта «Прославленный и непревзойденный снайпер Панфиловский дивизии Толеугали Абдибеков хитрый, остороженый, выдержанный, хорошо знающий повадки врага довёл свой снайперский счет до 395 уничтоженных гитлеровцев» делінген.
Кеңес Одағының Батырлары, аты аңызға айналған В.Зайцев  255, Ф.Смолячков 125 фашисті жойған. Жылда, Жеңіс күні – 9 мамырда Мамаев қорғанында Зайцевтің құрметіне салют беріледі.

Гвардияшыл-панфиловшы шолушылар, 1942 ж.

Осындай деректер анықталған соң, 2008 жылдың 19 наурызында РФ-ның сол кездегі Президенті
В.Путиннің атына Ресей Федерациясының Батыры атағын (Кеңес Одағының мұрагері ретінде), ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағын Төлеуғали Әбдібековке беру туралы ұсыныс жасадым. Бір жарым айдың ішінде РФ Президенті аппаратынан жауап алдым. Онда РФ Заңы бойынша РФ Батыры атағын беру үшін РФ Қорғаныс министрлігі ұсынуы керек екендігі айтылып, жіберілген құжаттарды Қорғаныс министрлігіне жолдағандарын хабарлапты. Ал мына тұрған өзіміздің Астанадан жауап алу қиын болды.  Төрт ай өткесін барып қана ҚР Президенті аппаратынан «Арада 60 жылдан астам уақыт өткен соң, сол кездегі жағдайға дәл баға беру, тиісті наградалардың не үшін берілмегенін, неліктен тапсырылмағанын анықтау қиын мәселе. Сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен жерлестеріміздің арасынан біреулерін бөле-жара атап көрсету оңай емес. Өйткені бұл жағдай соғыс ардагерлері мен қан майданда қаза тапқан жауынгерлердің туыстары тарапынан шағым-өтініштің артуына әкелуі мүмкін» деген сырғытпа жауап алдым.


Дәл осындай жауапты дайындаған және осы хатқа қол қойған адамды да «кім?» деп атауға болады.
Ендігі сөзді жазушы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл КЕМЕЛБАЕВАҒА берсек:
– Ұлы Отан соғысында айрықша ерлігімен аты шыққан бұл адамның жақын туысымыз екенін бұрыннан білетінмін. Ескі журнал бетінен басына каска киген әскери киімді, қару асынған суреті таныс.
«Снайпер Тулеугали» атты деректі мақала «Страна и мир» газетінде (№7. 18.02.2005) орыс тілінде жарық көрді.
Бұл жарияланымнан ешқашан ашық айтылмаған мәлімет пен өзімнің ата-бабамның нақты есімдерін кездестірем деп әсте ойласам бұйырмасын. Бастапқы таңдануымда шек болмады.
«Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Әбдібек Насырханның әулетінде Семей облысының Жарма ауданында туды» делінген. Ең әуелі селт еткізген осы кәдімгі өмірбаяндық деректің, мақаланың аяғына таман: «Жауынгерлік ерліктері үшін Әбдібеков «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен, Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, Ленин орденімен наградталды. Командование оны Кеңестер Одағының Батыры атағына өмірбаяндық анкетада Төлеуғали өзінің немере ағасы Кемелбай репрессияға айдалып кеткенін жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған» деп мақала авторының ашық мәлімдеуіне ұласқаны маған алыс Галактикадағы жаңа бір жұлдыздың жарығы тәрізді әсер етті. Өйткені бұл Кемелбай – менің туған атам. 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі. Сонда менің атамның қаһарман інісіне «өзі атылып кетсе де, зияны тиген екен-ау» деген оқыс ой миымда жарқ етті. Ағасы үшін інісін кінәлаған неткен шатасқан, рақымсыз мезгіл. Өзі жаламен жазықсыз ұсталып, өлім жазасына кесілген бір адамның басына түскен, отбасын күйреткен (артынша әйелі екінші баладан қайтыс болған) зұлмат оның тағы бір ет жақын туысын қара күйіктей шалып, абырой-атағына қиянат – барып тұрған әділетсіздіктің, надандықтың, немқұрайдылықтың көрінісі болса керек. Үш мәрте Батыр атануға бек лайық адамды қор қылған. Обал өз алдына, шындықпен, фактілермен санаспаған.
«Екі күймек бір жанға әділет пе?» – дейді Абай хакім. Ағалы-інілі бұл екеудің (Кемелбай Насырханның ұлы болса, Төлеуғали – немересі) тағдырына артыла берген зұлымдықты соқыр, мылқау заманның ылаңы дей салу құр әншейін сөздің сәні болар. Майданда аты аңызға айналған сұрмерген атқыш туралы тарихшы ғалым: «Фашистер одан қорқып, «қара өлім» деп атайтын. Әскери ерліктері үшін ол үш мәрте Кеңестер Одағының Батыры атануы тиіс еді», – деп жазады. Жауға оба дертіндей тигендіктен, оны «қара өлімге» теңеген. 1944 жылдың қақаған қысында майдан шебінде қаза тапқан Төлеуғали ағамыздың ең жоғары Батыр атағын үш рет алмақ түгіл, тым құрыса, бір мәрте де лайықты бағасын алмауының бір ғана құпия сыры «халық жауы» саналған әкесінің інісі Кемелбайға келіп тірелуі, расында, төтенше озбырлық. Отансүйгіш қасиетті рухты қорлау болып табылатыны даусыз.
Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылдың Панфилов атындағы дивизияның 1077-полкының Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шептерде болды, оның нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алып, үрейге душар етті. Ең таңдаулы деген фашист мергендері оның соңына түсті, алайда Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты.  Кеңес Армиясының жылдық мерекесі қарсаңында жаудың асқан шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл уақытта Төлеуғали суық тиіп, сырқаттанып жүрген. Гитлершіл қас-қағым сәтке озып кетті, бірінші оқ Әбдібековке тиді, бірақ өлімші болып жараланған аға сержант фашистен кегін алып үлгерді. Гитлершіл батыр қазақтың соңғы атқан оғынан сеспей қатты. Бұл атақты снайпердің есебіне енген 397-ші дұшпан болатын.
Мергендік қозғалыстың 1941-1942 жылдары Кеңес әскерлері қорғаныс ұрыстарын жүргізуге мәжбүр болған атқыштар бөлімдерінде өріс алғаны белгілі. Мергендердің міндеті жау мергендерін, офицерлерін жою, бақылаушыларын, зеңбірекшілері мен пулеметшілер тобын талқандау болатын. Олар нысананы көздеудің дәлдігін арттыратын оптикалық көздеуіші бар винтовкалармен қаруланған. Әдетте мергендер екеу болып қимылдаған. Олар қорғану шебінің алдыңғы шегінде отырып алып, қолайлы позицияда мұқият жасырынып, біреуі жоюшы, екіншісі бақылаушы болған. Тек қыздардан жасақталған мергендер бөлімдері болған, солардың өзі ғана 12 000-нан аса дұшпанды жер жастандырған. Сондай ержүрек батыр қыздың бірі – өзіміздің Әлия Молдағұлова. Қарсы жақтың мергендері де құрбандарын қалт жібермей аңдып, қағып түсіретін.
Кеңестер Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының 34 жауынгері Кеңестер Одағының Батыры атанған. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Төлеуғали Әбдібековтің есімі тек кітаптың ең соңындағы «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталынып өткен: Т.Әбдібековтің 400 фашисті жоюы және қаза тапқаны жөнінде дерек. (1941-1945 жж.) «Ұлы Отан соғысы» атты 1985 жылы Москвадан жарық көрген соғыс энциклопедиясында бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Нағыз қаһарман адамның бұдан былай да еліне елеусіз, белгісіз болып қала беруі дұрыс па?
Туған елін жаудан жан аямай қорғаған даңқты мерген, құралайды көзге атқан сұрмергендігінің арқасында бір өзі бір батальондай дұшпаннан арылтқан Төлеуғали Әбдібеков орыс жерінде, Калинин облысында жерленген. Тек №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық мұражайында сақтаулы тұр.
Ештен кеш жақсы. Батырдың өшпес рухына тағзым ететін уақыт әлдеқашан жеткен жоқ па? Сондықтан Төлеуғали Әбдібековке өлгеннен соң арада 65 жыл өтсе де ресми атақ берілуі керек.
Ал Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Үкіметіміз бұл ерлікті еш қалдырмас, құлақ тігер деген үміттеміз. «Қазақстан Қаһарманы» атағына лайық батырлық қой бұл!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста