Тоғыс есебін толық білеміз бе?
«Бүгін қай күн» деп алдымызда жатқан күнтізбеге үңілгенде, кіші түгіл, үлкен біздің де кезінде ата-бабамыз жетік білген Жыл қайыру дәстүрінің ұмытылып бара жатқанын байқамаймыз да. Әйтпесе, бертінге дейін әрбір қазақ әр күннің қасиетін, ай мен жылдың қалай есептелетінін жақсы білген. Бүгіндері ғой, атадан балаға ауызекі тілде мұра болып келе жатқан Жыл санау есебі, оның басты ерекшеліктері көп шаңырақта айтыла бермейді. Сол себепті қазақ баласының есепке жүйріктігі осынау дәстүрмен тығыз байланысты екенін ешкім де аңғара бермейді. Ұлттық құндылықтар біртіндеп жаңғырып жатқан ХХІ ғасырда осы дәстүрдің тасада қалуы ұлттығымызға сын болса керек. Бұл ретте бізде бала тәлім-тәрбиесі әдістемесінде, қарапайым есептерде ата-бабамыздың жыл санаудағы тоғыс есебін мысал ретінде беріп отырса, артық болмас еді деген ой келеді...
Қазір компьютердің құлағында ойнап, ондағы түрлі бағдарламаны тез игеруге құмартатын қазақ жеткіншектері байырғы кезде аспан әлемінің құпиясын ашуға барынша жанын салған. Бүгінгі баланың басым бөлігі бұрындары қараңғы қоюланған сәтте малын көгендеп, жұмсақ жастыққа шынтықтап жатып, айлы аспан астында немересіне төбеде жымыңдаған жұлдыздарды нұсқай отырып, оның әрқайсысы туралы сыр шертер ата әңгімесінен хабарсыз екені анық. Әйтпесе, қазақ фольклорында аспан денелері туралы көп айтылады. Мәселен:
«Қыз Назымға таласып,
Екі батыр соғысты.
Бұлтты шайнап, мұз бүркіп,
Үркер мен Айдай тоғысты». («Қамбар батыр» жырынан)
Міне, осы секілді Үркер мен басқа жұлдыздардың атауы қазақтың ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Ол кездейсоқ та емес. Негізі, ата-бабамыз уақыт есебін Үркер бойынша жүргізген. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды», «Үркер жерге түсерде қой қырқылады», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер туса, сорпа, ас болады», «Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады» деген сөздерден қазақ халқының өмір сүру тіршілігі жұлдыздар қозғалысымен бірге зерттеліп отырғанын білдіреді. Осыдан-ақ қазаққа астрономия, математика ғылымының таңсық болмағанын байқауға болады. Олар оны есептеп қана қоймай, аспан әлеміндегі сандарды бейнелей суреттеп, оларға образ беруде аса бір ұлттық дарындылығын да танытқан.
Үркерді білмейтін қазақ болмас, ол – Торпақ шоқжұлдызының құрамындағы жыпырлап, бір-біріне өте жақын орналасқан бір топ жұлдыз.Халықтың көпшілігі оның алты жұлдызын, көзі қырағылары тоғыз жұлдызын көреді.
Жалпы, қазақ халқы айлардың төрт жүйесін қолданған. Олар тоғыс айлары, зодиак айлары, азаматтық айлар және араб айлары.
Тоғыс есебі – уақыт есебінің Үркер шоқжұлдызы бойынша жүргізілетін жүйесі. Ай орағының немесе Ай табағының Үркерді «басып өтуі» тоғыс, тоғысу немесе тоғаю деп аталады. Тоғыс кезінде аспан әлемінің аядай алаңында шоғырланып жиналған Үркердің анық алты жұлдызы Айдың арғы жағында тасада қалады. Оны жерде тұрған адам көре алмайды. Ай ақырын жылжып өткенде тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үнемі тоғыса бермейді. Тетелес келетін екі тоғыстың аралығында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атаған. Оның ұзақтығы жуық түрде – 27,32 тәулік, яғни 27 күн 7 сағат 43 минут. Дөңгелектеп оны 28 күн етіп алғанда, 28х13=364 болады. Сондықтан Ай мен Үркер жыл ішінде 13 рет қана тоғыса алады, жылда 13 тоғыс айы болады.
Жаздың басында Үркер аспан әлемінің екінші жағына (көкжиектен төмен) кетеді де, ол Жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күндей көрінбейді. Қазақтар бұл жөнінде «Үркер 40 күн жерде жатады» деген. «Жерде жататын» кезде бұл жұлдыз Аймен екі рет тоғысуы тиіс, бірақ оны біз көрмейміз. Біз 11 тоғысты ғана көре аламыз. Үркердің бір жаңасында Ай орағы жауып өткеннен кейінгі төрт апта уақыт бір тоғыс айы деп аталады. Тоғыс есебінде жұп сандар кездеспейді. Мәселен, календарьлық жылда 365 немесе 366 күн болатыны мәлім. 13 тоғыстың бұған 1-2 күні кем. Бұл кем күндер жыл аяғында тоғыстан тыс қосылып отырады. Жыл аяғында айлардан тыс қосылатын 5-6 күнді қазақтар «бес қонақ» деп атаған. «Бес қонақ» 5 наурыздан 8 наурызға дейінгі аралықта қосылады.
Жалпы, тоғыс есебін жүргізу үшін әжептәуір білім керек. Бұл іспен айналысатындарды ел арасында «есепшілер» деп аталған. Олар Айды, Үркерді, Сүмбілені және тағы басқа жұлдыздарды бақылап, төл алу, бие байлау, жайлауға көшу, қой қырқу, күйек ағыту секілді шаруашылық маусымдардың мерзімін қалың бұқараға жариялап отырған.
«Ел күйекті шешіпті,
«Есепші айтты» десіпті», – деген Ілияс Жансүргіровтің өлеңіндегі осы бір жол қазақта мұндай арнайы мамандық иесінің болғанын байқатады. Бір тоғыс айында елімізге жыл құстарының бәрі келіп болады. Тоғыс есебі бойынша жыл құстарының келуі қазаққа жаңа жылдың басталғанын байқатады.Тоғыстардың таблицасы 19 жылда бір рет қайталанып отырады. Тоғыс айларының реті табиғи тәртіпке кері жүреді: 21 тоғыс айы, 19 тоғыс айы...
Ереже бойынша жылға әрдайым 9 қосылып, содан соң қосынды 12-ге бөлінеді. Қалдықсыз бөлінсе, доңыз жылы, 1 қалдық қалса – тышқан жылы, 2 қалса – сиыр жылы, 3 қалдық болса – барыс жылы деп, жылдың ретімен кете береді.
Міне, Жыл санаудың тоғыс тәсіліне қатыстысы – осы. Бұл арада сондай-ақ зодиакқа қатысты бір мысал келтіре кетейік. Егер аспанда жұлдыздар арасында Арыстан шоқжұлдызы көрінбесе, онда бұл – тамыз айы болғаны. Ал балықтар шоқжұлдызы көрінбесе, бұл наурыздың туғанын білдіреді.
Сондай-ақ қазақ халқы «аспан сағаттары» – Күннің, Айдың, Жетіқарақшы мен Темірқазықтың орналасуына қарай уақытты есептеп отырған.
(Мәліметтер 1980 жылы жарық көрген Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» кітабынан алынды)