Тісіміз де тендерге телміріп тұр
Қазіргі мемлекеттік емханаларда тіс дәрігерлерінің кабинеті жоқ. Барлығы жекеменшікке ауысқалы қашан. Ал жекеменшіктің аты – жекеменшік, бағасы бас айналдырады. Ал тіске тендер жарияланғалы тіпті құдай берген. Мемлекеттен тапсырыс алып, молынан ақша тауып, бизнесін жандандырып отыр. Әсіресе соңғы кездері мемлекеттің жүкті әйелдердің тісін тегін емдеу тапсырысы жекеменшік тіс емдеу орталықтары үшін нағыз таптырмас «май шелпекке» айналған. Тендерді теңдей ғып бөліп алған тіс емдеушілер мемлекеттік қазынаның қаржысына молынан кенеліп мәз, ал болашақ аналардың тісімен ешкімнің ісі жоқ.
Үкімет «жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық қызметтің барлық түрі тегін болуы тиіс» дегелі бері емханалар болашақ аналарды жекеменшік тіс емдеу орталықтарына жолдамамен жіберетін болды. Бастапқыда ақ халаттылардың «Үкімет жүкті әйелдерге сыйлық ретінде тістерін тегін емдеуге мүмкіншілік беріп отыр» дегенін естіп, өзге де болашақ аналар сияқты мен де қуандым. Жасыратын несі бар, әдетте тіс жегісі желініп, жанымызға батқан кезде ғана тіс дәрігерінің алдына барамыз. Оның бір себебі, бәлкім, тіс емдеудің тым қымбат болуында да шығар. Қарап отырсаңыз, тіс дәрігерінің бір рет кеңес беру қызметі орта есеппен 1 мың теңгені, диагностикалық рентген жасау 800 теңгені құрайды екен. Екінің бірінде кездесетін жеңіл және орта тіс жегісін емдеу ең кемі 6 мың теңгенің көлемінде, ал терең тіс жегісін емдету үшін әр тіске 8 мыңнан 9 мыңға дейін төлеуіңіз керек. Хирургиялық қызмет тіпті қымбат, ақысы 70 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді, тісімді түзулетемін десеңіз, қалтаңызда
1 мың АҚШ долларына дейін қаражатыңыз болуы қажет. Міне, халықтың мұндай медициналық қызмет түріне тек жаны қысылғанда ғана жүгінетіні сондықтан. Сол үшін де болар, жүкті әйелдер тегін тіс емдетуге болатынын естігенде қуанышында шек болмаған. Алайда, шындығына келсек, әдетте мемлекеттің қаржысына көрсетілетін қызмет түрі десе, күдікті көрінеді, әйтсе де бұл жолы «жүкті әйелдерге жөндеп қарайтын шығар» деген үмітпен тіс емдетуге бардым. Өзге үшін емес, өзім үшін жауап берейін, тіс дәрігеріне барған кезден бастап өмірі қанамаған тістерім қанап, ауырмаған тістерім ауыра бастады.
Тіс жегісін тазалап, тістегі қуысты бітеп берген пломбаларына қараудың өзі қорқынышты. Онысы бір күннен кейін-ақ жеміріліп, тамақ іше алмай, аузыма пломбаның дәмі келе бастады. Тіс қуыстарына тамақтың қалдықтары кіріп, жаныма қатты батқан соң дәрігерге қайта бардым. Бір күн бұрын салған пломбасын қайта алып, қайта салған дәрігердің емінен гөрі зардабын көп көрдім. Бұрын-соңды мазаламаған тістерім қақсап, дұрыс тамақтанудан қалдым. Бастапқы емдеу кезінің өзінде-ақ тіс маманы болмасам да дәрігердің қолданған тіс емдеу материалдарының сапасы тым төмен екенін байқап, әрі қарайғы емдеуден бас тартқан болатынмын, ал дәрігер мырза мемлекеттің бөлген ақшасы басқа материалдарға жетпейтінін алға тартты.
Елжас Машырықов, тіс дәрігері:
– Жүкті әйелдер бұрын тістерін тегін емдете алмайтын, бірақ қазір Үкіметтің сыйлығы ретінде осындай мүмкіндік беріліп отыр. Біз тендерді ұтып алдық, бірақ сізге салынған пломба ең арзаны, мемлекеттен бөлінген ақшаның жеткені осы ғана, егер ұнамаса ақылы бөлімдерде қымбаты бар.
Кейін дәрігердің айтқан қымбат пломбасын іздестіріп көрдім, орта бағасы 6 мың теңге тұрады екен, ал арзан дегені 2-3 мыңның көлемінде. Сонда Үкіметтің жүкті әйел үшін 6 мың теңгені қия алмағаны ма? Еліміздегі тендерлердің қалай өтетінін біз де білеміз. Кім ең төменгі қызмет сомасын көрсетсе, соған тендерді беретіндерді жүкті әйелдер немесе басқалар деген ұғым қызықтырмайды. Әрине, Үкіметтің мұндай сыйының болғанына да рақмет, дегенмен артық қыламыз деп тыртық қылудан қандай пайда бар? Тіпті болашақ аналардың кейбірі сапасыз емдеудің ақыры құрсақтағы балаға зиянын келтіріп жүрмей ме деп алаңдап жүр.
Қаршыға Есеналина, болашақ ана:
– Үшінші баламды дүниеге әкелемін, бұрын расымен-ақ тегін тіс емдеу деген болмаған, биыл естіп тістерімнің барлығын емдетіп алайын деп ұйғардым. Сөйтіп, бір ай шамасында ем қабылдадым, бастапқыдан-ақ жағымсыз әсерлерін сезіне бастадым, бірақ уақыт өте келе басылар деген оймен емделіп едім, кейіннен қатты өкіндім. Себебі пломбалары сапасыз, арзан екені көрініп тұр, ендігі қорқынышым, құрсағымдағы балама зияны тиіп кетпесе болғаны. Бұлай тегін емдегенше, емдемеген тістерім жүз есе артық еді.
P.S.
Расымен-ақ, бұлайша емдегенше емделмеген артық. Ертең тіс емдеу материалдарының зиянды қоспалары ішке кетіп, нәресте жапа шегер болса кім жауап бермек? Дәрігерлердің өздері де пломба құрамында зиянды химиялық заттардың болатынын ескертіп айтты. Сонда ақылы бөлімдердегі материалдарға қаржы бөлуге Үкіметіміздің құлықсыз болғаны ма? Ақыры аз болса да жүкті әйелдерге сый жасамақ ойы бар мемлекеттің саясаты бармақ басты, көз қыстымен емес, шын қызығушылықпен жасалса қайтеді екен?! Жекеменшік клиникалардың көздеген мақсаты баршаға аян, бизнес болған соң ең бастысы – ақша табу, жүктілердің тісі оларды қайдан қызықтырсын? Мемлекеттік тапсырыс клиенттер үшін емес клиникалар үшін ғана тиімді. Бәлкім, бұл жүйені биліктегілер тендерге бөлмей, мемлекеттік тіс емханаларын ашып, соған тапсырғандары дұрыс болар ма еді...