Елімізде білім саласына талап та, мадақ та артып келеді. Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұстаз мәртебесін көтеру және ынталандыру шаралары сала қызметкерлеріне тың серпін беруде. Осы ретте жаңашылдыққа бетбұрыс, жаңа технологиялық әдістерді тиімді пайдалану білім сапасын арттырудың негізгі тетігі болып табылады. Әрине, бұған әдіскерлердің қосып отырған үлесі зор. Бұл ретте аймақтың білім әлемі кеңістігінде өзіндік шығармашылық ізденістерімен көпшіліктің назарын аударып жүрген тәлімгер-ұстаздар аз емес. Соның бірі – Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Үрімова Рахила Кенжебекқызы. Үнемі білім саласындағы жаңашылдықтың көш басында жүретін әрі тіл жанашыры, мейірімді ана Рахила Кенжебекқызы туралы аз-кем тоқталғанды жөн көрдім.
Қазақ халқында балалардың тілін сындыру, сауат ашу, шешен сөйлеуге баулу әдістемелерінің ұлттық дәстүрі ежелден болған. Алайда ғылыми тұрғыда әдістеме тарихы Ы.Алтынсарин еңбектерінен бастау алып, кейін ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов осы дәстүрді тереңдетіп, әдістемелік кітаптар жазды. Осы кезеңнен бастап қазақ әдістемесі жан-жақты дамып, сан салалы зерттеулерге ұласты.
«Мұғалім – білімнің бағбаны» болғанымен, сол білімнің нұрын оқушы бойына дарыту үшін оның жолын, әдісін, яғни кілтін таба білуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда әдістемені меңгерген ұстаз білімнің шыңын бағындырған ұстаз деп бағаланады. Осы ретте Рахила Кенжебекқызын ұстаздың ұстазы десек, артық айтқандық емес. Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көре аласың.
Жасыратыны жоқ, қазір халқымыз ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатса да, бір нәрсе жетіспейді. Ол – рухани азық. Ал рухани азықтың қайнар бұлағы халықтық тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, Отанды сүю, соған адал қызмет ету екендігін ескерсек, бұл ретте оқушыларға жан-жақты білім, тәрбие беруде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Осы тұрғыдан алғанда қала мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті саласына бағыт-бағдар беріп, жаңашылдықты насихаттап жүрген, филология ғылымының кандидаты Рахила Кенжебекқызы тіл саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұйымдастырушылар мен сынып жетекшілерінің ақылшысы, тірегі деуге болады. Қандай жағдайда да жүзінен мейірім шуағы төгілген, әріптестеріне құрметпен қарап, жұмысты талап ете білетін әдіскер ұстаздың еңбегі қала мектептерінің тіл саласы бойынша қол жеткізген жетістіктерінен көрінуде. Қазіргі таңда қаладағы барлық білім ұйымдарында ісқағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Құжаттардың сауатты жүргізілуін жүзеге асыру мақсатында білім ұйымдарында қызмет атқаратын іс жүргізуші мамандар қала әкімдігі жанынан ашылған Оқу орталығындағы қазақ тілін үйрену курстарында кезең-кезеңімен оқытылуда. Бұған дейін білім ұйымдарында тілші мамандардың ұйымдастыруымен қазақ тілін үйренемін деушілер үшін ақысыз курстар жүргізілген болатын.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев кезекті Жолдауында «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға жететін болады» деп атап көрсеткен еді. Осы ретте Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты қазіргі таңда 73 мектеп жас ұрпаққа сапалы білім берсе, оның ішінде 37-сі таза қазақ тілінде, 11-і таза өзбек тілінде, 25-і аралас тілде оқытылады. Осы деректердің өзі киелі Түркістан шаһарында қазақ ұлтынан басқа да ұлт пен ұлыстардың тең дәрежеде білім алып жатқандығын айғақтайды. Аралас тілді мектептер қазақ, орыс, өзбек тілдерінде білім береді. Оның үстіне, өзбек сыныптарында оқушылардың қазақ тілі пәнін игеруге деген қызығушылық және өзбек тілінің қазақ тіліне туыстас екендігі ескеріле отырып, 2010 жылдан бері өзбек сыныптары 5-11 сыныптар аралығында қазақ тілі пәнін қазақ мектебі бағдарламасымен оқып келеді. Бұл тәжірибе екі-үш жыл көлемінде сынақтан өткізіліп, нәтижесінде өзбек ұлты балаларының қазақ мектебі бағдарламасымен оқытылуының оң нәтиже беретіндігін көрсетті. Бұған дәлел – соңғы үш жыл көлемінде өзбек сыныбының оқушылары облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Өткен оқу жылы Республикалық олимпиадада қазақ тілі пәнінен екі оқушы екінші, үшінші орындарды, республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасында үш оқушы да І орынды иеленіп, екі оқушы ЖОО – ның грантын жеңіп алды. Тіпті өзбек сыныбын бітірген түлектердің алды қазіргі кезде қалада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруде. Сонымен қатар оқушылардың тілге деген құрметін арттыру мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан Абай, Махамбет, Жансүгіров оқулары да қаламызда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл сайыста да оқушыларымыз жүлдеден құр қалған емес.
Айта кетейік, 2011 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша қазақ тілі пәнінен қала көрсеткіші 19,05 балды көрсетсе, былтырғы көрсеткішіміз 18,5 балмен облыста бірінші орынға тұрақтады. Биылғы ҰБТ қорытындысы қазақ тілінен – 19,56 балл, қазақ әдебиетінен 18,09 балл болды. Осындай көрсеткіштің нәтижесінде қаламыздың қазақ тілі пәнінен ҰБТ-ға дайындау тәжірибесі облыс мамандарының назарына ілігіп, тәжірибеміз облыс көлемінде таратылды.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өз ісіне берілген білікті әдіскер Рахила Үрімова осындай игі бастамалардың бәрінің басы-қасында ұйымдастырып жүрді. Маңдай терін төгіп, жемісті еңбек етті. Әдіскер өз жұмысын ғылыми негізде теориялық тұрғыда сауатты жүргізе біліп, онда тәжірибеде жүйелілік, бірізділік қалыптасып, нәтижесі табысты болды. Рахила Кенжебекқызы жеке басының емес, әрқашан педагогтің жағдайын ойлап, жаңа талапқа сай технологияны тез меңгеріп, оны оқу-тәрбие үрдісінде шебер қолдана білуге үйретті. Ол қандай қиын жағдай болсын, кедергілерге қарамастан, педагогтермен тікелей тынымсыз жұмыс істей білді. Қалай десек те, «шәкіртке ұстаз болу – ірілік, ал ұстазға ұстаз болу – ұлылық» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Сондықтан ұстаздардың ұстазы атанған, ұстаздықтан өз бақытын тапқан асыл жан Рахила Кенжебекқызына айтар алғысымыз шексіз.
Сөз соңында айтарым, соңғы жылдары оқу-ағарту ісінде талай өзгерістер болды. Әрине, оның бәрі – заман ағымы, уақыт талабы. Дегенмен оларды тың бастамасымен қолдайтын, оны жүзеге асыратын Рахила Кенжебекқызы сынды майталман мамандардың еңбегінсіз істеу мүмкін емес. Талантты тәлімгер, білікті ұстаздан жаңалықтар мен шығармашылық табыстарды күтеміз.
Ұлдана БАЙЖАНОВА, №18 Ж.Едiлбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Түркістан қаласы