Мысыр елінің Пәтуалар жөніндегі кеңесі (Дар әл-ифта) телефон арқылы қиылған неке жайлы пәтуа шығарды. Кеңесі шешімі бойынша, жұбайлардың физикалық түрде неке рәсіміне қатыспай некелесуі зина жасағанмен бірдей болып саналмақ деп жазады muslim.kz.
Пәтуа түсіндірмесінде, Ислам дінінде неке қиюдың өз шарттары бары айтылады. Егер ол шарттар толық орындалмаса, неке қиылған болып есептелмейді. Неке рәсімі барысында уәлидің болуы, көпшілік алдындағы қалыңдық пен күйеудің разылықтары, мәһр көлемінің жамағатқа жария түрде айтылуы, жиналғандар алдында неке қиылғанын жария айтылуы тиіс.
Жоғарыда айтылған шарттар орындалмаса, неке жарамсыз болып табылады. Демек, әйел мен ер арасындағы қатынас заңсыз болып табылады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта кей жерлерде ақпараттық технологиялардың көмегімен діни құқықтық рәсімдерді (неке және талақ мәселелері) атқара салу орын алып жатқандығы кездеседі. Әсіресе, бұл жағдай Ресей мемлекетінде өткір мәселелердің біріне айналған көрінеді.