Қазақтың тегі қалай жазылуы керек? Шынын айтқанда, осы мәселемен басын ауыртып жүрген қаракөздер аз. Қаншама айтылып, жазылып жүргенімен, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын осы бір мәселеге қандастарымыз жете назар аудармай-ақ келеді.
Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, яғни 1996 жылдың 2 сәуірінде «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығын шығарды. Кеуделерінде намысы бар қазақтар аты-жөндерін сол кездері-ақ ұлттық ерекшелігіміз бойынша өзгертіп алды. Ал көпшілігіміз әлі сол орысша бұрмаланған тегімізбен жүрміз. Елбасы әділет департаменттеріне нақты тапсырма беріп, оның орындалуын талап етпесе, өздігінен насихат жүргізейін деп жатқан құзырлы органдар көрінбейді. Мысалы, осы жолдардың авторы бұдан біраз уақыт бұрын аталмыш мәселемен облыстық әділет департаментінің АХАТ бөліміне барғанда, ондағы қызметкерлердің бірі құжатын өзгерткен адам болашақта зейнетке рәсімделгенде және тағы басқа да жағдайларда үлкен «проблемаға» тап болатынын айтып, кері қайырып жіберді. Олардың осылайша тағы қанша адамды «райынан қайтарғанын» кім білсін?..Осы мақаланы жазбас бұрын, біраз адаммен сұхбаттасып көргем, олардың көбі мұндай Жарлықтың бар екендігінен хабарсыз болып шықты. Осы әңгімеден кейін тегі орысша бұрмаланып кеткен бірқатар адам құжаттарын қазақшалауға қызығушылық танытты. Өкінішке орай, олар осы мәселемен қайда бару керектігін, кімге жолығатындарын білмейді екен. Құжатты ұлттық дәстүрге байланысты өзгерту мәселесімен облыстық ІІД Көші- қон полициясы басқармасының қызметкерлері айналысады.
Былтыр 2487 адам тегін өзгертіпті
ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Меңдіқыз Отарова мен аталмыш басқарманың халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімшесінің басшысы Әлия Мәмбетова бізді ең алдымен азаматтардың тегін ұлттық дәстүрге сай өзгерту жөніндегі Елбасының 1996 жылғы 2 сәуірінде шыққан Жарлығымен таныстырды.
— Тегін ұлттық дәстүр бойынша көбінесе жастар өзгертуде,— дейді Әлия Құрманғазықызы.— Олардың көбісі 16 жасқа келіп, алғаш рет төлқұжат алғанда тегін қазақы дәстүрде жазғызып алады. Олардың бірқатары фамилиясының орнына әкесінің атына ұлы, қызы дегенді қосып жаздырса, енді бір бөлігі тегінің негізгі бөлігіне ешқандай жалғау қоспайды. Мысалы, Арман Мұрат деген сияқты. Тегін қазақыландыру уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде барлық санат бойынша тегін өзгерткендердің саны 2487-ні құрады. Ал, биылғы алты айда 610 адам тегін ұлттық дәстүрге сай өзгертті. Бір ескерте кететін жәйт, біз құжатты облыстық Әділет департаментінің АХАТ және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің анықтамалық деректеріне сүйене отырып, жаңғыртамыз. Мысалы, құжатта Мулдир Муратовна Джумабаева деп көрсетілген болса, біз оны жоғарыдағы Елбасының Жарлығына сүйене отырып, Мөлдір Мұратқызы Жұмабай деп ұлттық ерекшелігімізге сәйкес өзгертіп бере аламыз. Ал егер Мөлдір құжатынан фамилиясын алып тастап, тек әкесі мен өзінің атын ешқандай жалғаусыз қалдыруды өтінсе, мысалы, төлқұжатын «Мөлдір Мұрат» деп алғысы келсе, онда оған АХАТ қызметіне жүгінуге тура келеді. Себебі бұл ретте Мөлдір құжатын тек ұлттық дәстүрге сәйкес өзгертіп қана қоймайды, сонымен қатар ол өзінің Жұмабаева деген фамилия-сын мүлдем алып тастап, тегін «Мұрат» деп жаңартып жазуды өтініп тұр. Мұндай жағдайда азаматтар АХАТ бөліміне барып жолығулары тиіс.
Ал енді жұрттың «Тегімізді өзгертсек, құжатымыздың бәрін өзгерту керек. Ертеңгі күні зейнетке шыққанда да өзімнің сол адам екенімді дәлелдей алмай қаламын» деп үрейленуі бекершілік. Себебі біздің мекеме құжатын ұлттық дәстүрге сай өзгерткен адамдарға соны растайтын қосымша құжат береді. Бұл — «Елбасының 1996 жылғы 2 сәуірінде шыққан Жарлығына сәйкес осы азаматтың тегі әкесінің атына өзгертілді» деген жазуы бар анықтама. Бұл анықтама қосымша құжат ретінде тегін өзгерткен адамға қай-қай жерде де пайдаға асады. Зейнеткерлікке шығатын кезде құжаты бойынша түйткілді мәселеге тап болып жатса, тегін өзгерткен адамдар тиісті орындардан осындай анықтама алып, талап еткен адамға апарып беруі керек, сонда барлық мәселе шешіледі. Азаматтар басқа жерлерге де осындай анықтаманы апарып, белгілі бір құжаттың, мысалы, дипломның немесе үй-жайдың иесі өзі екендігін дәлелдеуіне болады. Сондай-ақ қазақ әріптері шетелге шыққанда қиыншылық туғызбай ма деген күдіктен де арылған жөн. Себебі төлқұжат иесінің аты-жөні ағылшынша транскрипциямен жазылады. Қысқасы, төлқұжатын ұлттық дәстүрге сәйкес жаңалаймын деу-шілерге кедергі жоқ. Ол үшін азаматтар халыққа қызмет ету орталығындағы біздің қызметкерімізге жолығып өтінішін тапсыруы тиіс, — деп Әлия Мәмбетова бізге құжат ауыстыру жөнінде осылай ақпарат берді.
Өтінішті интернет арқылы да беруге болады
Әділет департаментінің АХАТ және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлжамал Лұқпан құжатты өзгерту үдерімі жөнінде былай дейді:
— Республика аумағында Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен әділет органдарында тіркелуге жататын акт жазбаның жеті түрі белгіленген. Олар: туу, әкелікті анықтау, неке қиюды тіркеу, некені бұзу, бала асырап алу, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру және қайтыс болу. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу 16 жасқа толған ҚР азаматтарының жеке өтініші бойынша жүргізіледі. Өтініш берушінің ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесінің немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі Кодекстің 257-бабы 11-тармағына сәйкес тегін ауыстыруға рұқсат берілетін дәлелді себептердің бірі болып саналады. 2013 жылы облыстағы әділет органдарында ұлттық дәстүрлерге байланысты атын, тегін ауыстыру туралы барлығы 47 акт жазбасы тіркелсе, биыл алғашқы жарты жылдықта олардың саны 23-ті құрады.
Ұлттық дәстүрге байланысты тегін ауыстыру туралы өтініш азаматтың тұрғылықты жері бойынша беріледі. Сонымен қатар, интернет арқылы арыз беруге де мүмкіндік бар. Арыздар электронды Үкімет порталында www.e.gov.kz. арқылы толтырылады. Электрондық қызмет тек электрондық сандық қолтаңбалары бар Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана көрсетіледі.
Тегін өзгерткендерге кедергі жоқ
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалы» РМҚК-ның директоры Асқар Қожымов та құжатын ұлттық дәстүрге сай өзгерткен азаматтарда зейнетке рәсімделгенде, ешқандай кедергі болмайтынын айтады.
— Талай адам аты-жөнін, тегін өзгертіп, жаңа құжатқа ие болып жатқан жоқ па? Мен өз басым осы жағдайға байланысты түйткілді мәселелер туындады дегенді естіген емеспін және ондай жағдаят бізде тіркелген жоқ. Құжатын өзгерткен азаматтардың «Тегімді өзгертемін деп жүріп, жинақтағы қаржымды жоғалтып алмаймын ба?» деп үрейленуі дұрыс емес. Аты-жөнін, тегін өзгерткенімен, олардың жинағы ешқайда кетпейді. Әр адамның зейнетақы жинағы өз шотында сақталады. Бұрын әрбір азаматтың әлеуметтік коды (СИК) деген болды, қазір оны ИИН-мен ауыстырды. Осы ИИН арқылы адам тегін қалай өзгертсе де болады. Зейнетке рәсімделу барысында ИИН арқылы азаматтың зейнетақы жинағы бір шотқа жиналады. Мынандай жағдай да болуы мүмкін. Мысалы, кейде бір адамның аты-жөні әр жұмыс орнында әр түрлі жазылатын жағдай да кездеседі. Ол бір жерде Мырзағалиев болса, екінші бір жұмыс орнында Мұрзағалиев, ал үшінші бір жерде Мурзагалиев деп жазылуы мүмкін. Немесе қыз кезінде Жалғасова деп жазылып, күйеуге шыққасын Ниетқалиева болып өзгертеді. Және оның жинағы әр түрлі шотта болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол адам ИИН-ы арқылы анықталады. Тегін өзгерткен адамдар бізге келіп, зейнетақы жарнасын бір шотқа жинақтап беруімізді сұрап, өтініш жазады. Оның өтінішіне сәйкес бір шотқа жинақталған жинағы одан әрі бірыңғай зейнетақы қорына аударылып, сол орталықта сақталады.
Тағы бір айта кететін жәйт, жаңағыдай әр түрлі жазылған фамилиямен жүрген адамда түйткілді жағдай туындаса, онда ол соңғы жұмыс орнына барып, аты-жөнінің, тегінің өзгергенін анықтайтын құжатқа мөрін соқтырып әкеледі. Егер ол мекеме түрлі жағдайға байланысты жабылып қалса, онда мұндай анықтаманы мұрағат (архив) бөлімі арқылы алуына болады. Ал егер оның тегін анықтайтын құжат мұрағат бөлімінде де болмаған жағдайда, онда ол азаматқа тегін сот арқылы дәлелдеуге тура келеді. Бұл айтып отырған жағдай төлқұжатын ұлттық дәстүрге сай өзгерткен адамдарға қатысты емес. Елбасы Жарлығы негізінде тегін өзгерткен адамдарға еш жерде кедергі болмауы тиіс.
Қазақ екенімізді бірден танитын болса…
Қазіргі таңда көпшілігіміз тегімізге орыстың -ев, -овын, -ин, -инасын (мысалы, Жұмабаев, Ғабдуллина) қосып жүргенімізбен, құжаттарын ұлттық ерекшелікке сәйкес жаңғыртқан азаматтар тегін түрліше жазғызып алып жүр. Мысалы, олардың кейбірі тегіне «ұлы, қызы» дегенді қосып, Мұратұлы, Маратқызы болып жүрсе, енді бірқатар азаматтар құжатына өз атын және әкесінің атын еш жалғаусыз, мысалы, Гүлнар Талапқали деп жазғызған. Бұдан басқа әкесінің атына «тегі», «әулеті», «немересі», «келіні» деген сөздерді қосып жаздыратындар да бар. Мысалы, Темірбектегі, Сабыр әулеті, Нұрғали немересі, Самат келіні деген сияқты. Бұдан басқа өз атына ата-баба сөздерін қосып немесе руын, туған жерін, тіпті күйеуі мен өзінің тегін қатар тіркейтіндер де бар.
Ал, тағы біреулер қазақшаны да, орысшаны да қойып, парсылардың стилімен тегіне «и» әрпін қосып, Әсем Ханафи, Талғат Санати деп «модный» фамилия жасап алса, қайсыбірі Қанат Мырза-ғали, Гүлден Бек-Әлі деп өзгелерден ерекшеленгісі келеді. Соңғы кездері баспасөз беттерінде Қанаттын Мараты, Дүкенбайдың Гүлжанаты деп әкесінің атына –ның, -нің, -тың, -тің жалғауларын қосып жазатындар да кездесіп қалып жүр.
Осыған орай, көпшіліктің пікірі де әр түрлі. Осы тақырыпта әңгімелескенде, таныстарымның көбі тегімізді бірыңғайға көшіріп, армян, грузиндер секілді қазақ ұлтынан екеніңді бірден танытатын нұсқаға көшу керек деген пікір айтты. Қалай болғанда да тегімізді түзеу мәселесімен айналысатын уақыт жетті. Бұл жұмысқа құзырлы органдар қашан кірісер екен? Бұлай деп отырған себебім, жұрттың құжаттарын жаппай ауыстырып, тегін қазақыландыру үшін Үкімет тарапынан пәрменді нұсқау керек сияқты. Әйтпесе, Елбасымыз «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығын бұдан 18 жыл бұрын шығарып тастаған жоқ па? Сонымен, құжатымыздағы орысша бұрмаланған тегіміз қашан дұрысталады екен?..
Тегіңді қашан қазақыландырасың, бауырым?!
Последние статьи автора